АЛЛАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН АЗАМАТ

2  314 көрілім

Әлібек күндегісінен ерте оянды. Таң қылаң бере құлағына біреулер: «Аллаһ – ең Ұлы, Аллаһтан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі», – деп аян берді. Түс көргендей болды. Әлібек өзіне-өзі шүкір етіп, тілін кәлимаға келтіріп, болған оқиғаны әкесі Фахриддинге мәлімдеді.

Дұрыс балам, жақсы түс. Кезінде мұсылманның бес парызының бірі намазды оқу үшін азаншы Білалға да түсінде осындай аян еткен екен. Жас емессің, мешіт іргемізде тұр, құдайға құлшылық етіп, намазды баста. Ерте тұрған еркектің ырысы артады. Әке ғибраты Әлібектің жүректегі сезімін оятып намаз оқуға ниетті етті. Тепсе темір үзетін жас жігіттің жүрегі намаз бастауды жөн көрді. Бірақ Құрандағы 114 сүре, 6666 аяттан тіптен хабарсыз еді. Ол теміржол саласында поезд жүргізушісінің көмекшісі. Кезегі келгенде күн-түн демей, уақытпен санаспай іс-сапарға шығады.

Тәуелсіз ел болдық, әркім өз қалауы бойынша еңбек етті. Дін исламға қуат беріп, жер-жерден, ауыл-ауылдан аспанмен таласқан Алланың жердегі көк күмбезді үйі мешіттер бой көтере бастады. Бұл 1993 жыл болатын. Ауыл адамдары, ақсақал қариялары таңмен таласа мешітке барып намаз оқитын болды. Бірде ауыл ақсақалдары Мамед, Жүніс, Хафиз, Байрам, Бәндер, Тұрсындар есік алдында көлік жөндеп жатқан Әлібекке «Балам намазға жүр, көппен бірге намаз оқы, сауабы мол болады, істеген ісің ілгері басады», – деді. Сол-сол екен, Әлібек көппен бірге намаз оқуға мешітке барады. Тілін кәлимаға келтіріп білгенін оқыды. Білмеген жерін мешіт имамы Зейнулладан үйренді. Зейнулланы пір тұтып, ұстазым деп құрметтеді.

– Құранның анасы – «Фатиха», атасы – «Ықылас» сүресі. Намазды осыдан баста, басқа сүрелерді де оқып, үйреніп біліп жаттап ал, – дейді ұстазы Зейнулла. Имам ұсынысы Әлібектің намысын қамшылап, Құран кітабын оқып білуге үйренеді. Ертеде көрген түсін имамға жеткізді.

– Әлібек бұдан былай азан тәртібін, қағидасын оқып білуге үйрен. Ешкім туа бітті, біліп туған емес. Үйреніп, оқу сынағынан өткен Әлібек мешіттің азаншысы болды. Иә, имандылыққа келген Әлібектің Алланың ақ үйі «Құддыс» мешітінде атқарып жүрген ісі ел сүйсінерлік еді. Мешітке келетін жамағатты намазға шақыру, Алланы ұлықтау, Мұхаммедті Алланың елшісі екенін білу – азаншының міндеті. Өмірге келген адам өмірден бақилық та болады. Бақилық жандарды мәңгілік үйіне тазалап, жуындырып аттандыру – мұсылманның парызы, кей жағдайда мәйітті жауып кебіндеу рәсімін кез келген адам біле бермейді.

Осындай жағдайларда Әлібек белді буып жанашырлықпен мәйітті жақын туыстарымен өзі жуып, ақтық сапарға шығарып салады. Қайыр садақа адамды күллі жамандық бәлекеттен аман сақтайтыны белгілі. Мешітке келгендер зекет, пітір, қайыр садақаларын береді. Ол қаржыны жетім-жесірлерге кембағал мүгедектерге мешіт ақсақалдарымен ақылдасып таратады. Мешіт жанынан 400 (төрт жүз) орындық имандылық асханасы бой көтеруде. Әлібек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Қаламыздағы түрік мәдени орталығының мүшесі, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлуге атсалысады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Әлібекті Алланың бес уақыт намазын ұлықтап, Мұхаммедті Алланың елшісі деп жүрген азамат ретінде білемін.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,

қала тұрғыны, зейнеткер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы