КӘСІПОДАҚШЫЛАР ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСТЫ

1  094 көрілім

Қаламыздағы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде республикалық, облыстық және қалалық білім саласы кәсіподақ комитеті басшыларының қатысуымен алқалы жиын өтті.

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, Түркістан облысы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Жандос Шайдулла, Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Диана Тұрманова және аталмыш ұйым басшысының кеңесшісі Гүлжан Әсілбаева, еңбек ардагерлері – бұрынғы директор Замир Мұхамеджанов, Абдулла Атаметовтер қатысқан жиында аталмыш мектеп кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Абдураимов атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.

-Үкіметіміздің ұстаздар қауымына оң көзқарасы мен қамқорлығы үшін алғыс білдіремін. Тағы бір оқу жылының аяқталуына жақын қалды. Осыдан 30 жыл бұрын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, қоғам базар экономикасына бет бұрған ауыр кезеңде мұғалімдер жалақысын жарты жылдай қолына ала алмағанын көпшілік жақсы біледі. Сол кезеңде еңбек демалысының жалақысына ұн берілгенін, қаламыздағы аз қамтылған отбасылар үшін әкімдіктен асар жолымен бір үй салып беру міндеті жүктелгенде көпшілікпен ақылдаса келіп, мектебімізде үйге мұқтаж мұғалімге баспана салып бергеніміз әлі есімізде. Бүгінде ұстаздар қауымына қатысты өзекті мәселелерді облыс, министрлік және басқа да жауапты ұйымдарға әлеуметтік желі арқылы шығып, оң нәтижеге қол жеткізіп отырғанымыз рас. Бүгінгі жиында құрметті қонақтарымыз, БАҚ өкілдері, депутаттармен бірлесе білім саласына қатысты проблемаларды шешуде ықпал жасай аламыз, – деді Бахтияр Қаһарұлы.

Мінберге көтерілген Айгүл Мақсатқызы жиынның маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталып, келелі ойларын жеткізді, сондай-ақ мектеп кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Абдураимовтың белсенділігін ескеріп көпжылдық жемісті еңбектері үшін арнайы төсбелгімен марапаттады. Дәл осындай марапатқа Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің директоры Дилбар Диметова ие болса, бір топ мұғалімдер «Алғыс хаттар»мен марапатталды.

Жиын соңында қонақтар жазушылар Адыл Якубов, Насыр Фазылов, Кеңес Одағының Батырлары Құрбанбай Ырысбеков, Расул Есетов, Файзулла Юлдашев, гвардиялық полковник Алымжан Мұхамеджанов, еңбек озаттары Майшай Әбенова, Ергеш Иззатуллаев секілді көптеген белгілі тұлғалар білім алған мектеп музейінің экспонаттарымен танысты.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы