БЕКЗАТТЫҢ АНАСЫ АЛҒЫСЫН БІЛДІРУДЕ

2  857 көрілім

Сидней Олимпиадасының чемпионы, «Барыс» орденінің І-дәрежелі иегері Бекзат Сейілханұлы Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова редакцияға арнайы хат жолдап, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына, қала әкімі Рашид Абатұлына аналық алғысын жергілікті «Түркістан» газеті арқылы білдірді.

Қазіргі таңда Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы күн санап көркейіп келеді. Әсіресе, жарыса бой көтерген қала аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлер көздің жауын алардай, таңдай қағып қарайтындай көркем ғимараттар қала тұрғындарына тың серпін беруде. Сондай-ақ, қаладағы Бекзат Саттарханов даңғылының бойынан, бұрынғы «Бекзат Саттарханов» спорт кешенінің орнынан бой көтеретін жаңа ғимарат «Бекзат» спорт кешені заман талабына сай, әрі қала шаһарының жаңа келбетіне сәйкес салынады, – деп облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жақында ғана Бекзат Саттархановты XIX еске алу турнирінің ашылуы салтанаты кезінде маған айтқан сол сөзі мені қуанышқа кенелтті.

Қуанышымды жасыра алмаймын. Себебі, мен көпшіліктің маған алып қашпа айтқан сөздерінен соң сары уайымға салынғаным рас. Сол көптіліктің нүктесін қойған өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының өзі айтқаны мені жігерлендіріп, қуанышымды еселеп жіберді. Аллаға сансыз шүкірлік етемін және оларға Алланың нұры жаусын!

Ал, енді екінші қуанышым 4 сәуір күні – Бекзаттың туған күні. Бұл күні біздің үйде жылда Құран оқытып, ас береміз. Биылда Бекзаттың туған күнін атап өтіп, Құран бағыштадық. Сол күні қала әкімі Рашид Аюпов арнайы келіп, Бекзатқа арнап Құран бағыштап, жақсы сөздер айтып, қуантып қойды. Қуантатын жайт, Бекзаттың кешені сол бұрынғы орнынан салынады, барлық іс-қағаздарын дайындап қойдық, Құдай қаласа басталып қалады, – деген қала әкімі Рашид Абатұлы аналық жүрегіме нұр сыйлады.

Мен анамын ғой, қуанышымды барлық қала халқының, жастарының ойында жүрген сұрақтарының жауабы ретінде осы мақаланы жариялағым келді. Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың қазақ еліне берген ерен еңбегін өскелең жас ұрпақтарымыздың бойына сіңіріп, патриоттық рухта тәрбиелеуіміз керек. Осы тұрғыда айтылған жаңалықтарымды көпшілікпен бөлісіп, жоғарыда айтулы азаматтарға аналық шексіз алғысымды шын жүректен білдіргім келеді.

Сырлыкүл САТТАРХАНОВА,

Бекзат Саттархановтың анасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы