«ІНДЕТТІ ВАКЦИНА АРҚЫЛЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛАМЫЗ» Жанболат ДІЛДАБЕКОВ, Түркістан қалалық орталық аурухананың бас дәрігері:

1  139 көрілім

Бүгінгі таңда бүкіл әлемді коронавирус індеті үрей құшағына алып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекцияны өте ауыр екендігін жария еткен болатын. Қазіргі таңда еліміздегі облыстардың басым бөлігі қызыл аймақ, сары аймақтардың қатарында. Былтырғы жағдай тағы қайталанбау үшін халық біріге отырып, сақтық шараларын қатаң сақтағанда ғана бұл қиындықты жеңетіні сөзсіз. Сонымен қатар, негізгі шаралардың бірі ретінде карантин кезінде санитарлық талаптарды орындауымыз қажет. Мұның барлығы – халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған маңызды шаралар – деп түсінуіміз керек. Осы тұрғыда қала көлемінде эпидемиологиялық ахуалды білу мақсатында қалалық орталық аурухананың бас дәрігері Жанболат Бердібайұлы Ділдабековке арнайы барып жолыққан болатынбыз.

– Бүгінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт біздің елімізді де айналып өтпеді. Қазіргі таңда COVID-19 індетінің екінші толқыны елімізге де ауыз салып отыр. Былтырғы жағдай қайталанбау үшін нендей шараларды қолға алуымыз керек?

– Індетпен күресуде облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының бастамасымен емханалардан арнайы мобильді топтар құрылған. Аталмыш топтар дер кезінде науқастарға көмек беріп, қажетті ауруханаға тасымалдауға жәрдемдеседі. Олар күнделікті есебін береді. Қанша науқас көмекке жүгінді, қанша науқас емханаға тасымалданды дегендей. Өткен жылғы пандемияда науқастардың көбі өз бетінше ем қабылдай беретін еді. Бір апта, он күнге дейін өзі білетін емді қабылдап, әбден ентігіп, күшін жоғалтқанда барып ауруханаға жүгініп келді. Ал, биылғы жағдай ондай емес. Неге десеңіз, бұл туралы әлеуметтік желілерде қоғамдық денсаулық басқармасы да, әкімдіктер де, қалалық емханалар да тұрақты мәліметтерін беруде. Кез келген жағдайда азаматтың дене қызуы көтерілсе, жөтел пайда болып, мазасы қашатын болса бірден тіркелген емханасынан мобильді топты шақырып, қажетінше көмек ала алады. Қарапайым халық тарапынан қазір дәріханалардан өз бетінше дәрі алып, дәрі салдыру деген тоқтаған. Қазіргі жағдайда дерт тарап жатқанымен, аса бір күрделі, ауыр жағдайдағы көрсеткіштер аз деп айтсақ болады. Биылғы індеттің тағы бір ерекшелігі өткен жылы пандемия кезінде ересек кісілер көптеп жұқтырған болса, қазір жастардың арасында жиі кездесіп жатыр. Жас шамасы 30-40-50 жастағылар да ауруханаға түсіп емделуде. Бұл тұрғыда қоғамдық денсаулық басқармасының тарапынан атқарылып жатқан шаралар өте көп. Гуманитарлық көмекті айтсақ та, әкімдік тарапынан, көршілес елдердің тарапынан да бізге пандемия кезінде қолданылатын дәрі-дәрмек қоры, жеке қорғаныс құралдары, киім (обаға карсы), бетперде, т.б. құралдар берілді. Қазіргі таңда екі айдан алты айға дейін жеткілікті қорымыз бар. Оған косымша айтатын болсақ, қоғамдық денсаулық басқармасының тарапынан 20 дана өкпені жасанды желдеткіш, оттегі құрылғылары алынды. Өткен жылы біздің ауруханада 6 оттегі көзі болатын болса, қазір 80 оттегі көзі бар және де қалалық әкімдіктің қолдауымен оттегі бекеті құрылған, ол 100 кубтық бекет болып табылады. Ол дегеніміз тәулік бойы 500 науқасқа белгілі мөлшерде оттегі беріліп тұрады деген сөз. Қазіргі таңда сол бекетті қолданып отырмыз. Өткен жылы оттегі баллондарын тасып әлек болсақ, биыл ондай мәселе жоқ. Оттегі бекетінен барлық палаталарға, жансақтау бөлімдеріне, жұқпалы аурулар бөліміне түтікшелерін созып жүргізіп алдық. Науқас еркін оттегімен демала алатындай жағдайға қол жеткізіп отырмыз. Өткен жылғы орын алған жағдайдан кейін биыл ондайға жол берілмейді және барлық қажетті құрал жабдықтар жеткілікті. Індеттің алдын алуда ауруханамыз-дағы дәрігерлер 100 пайыз 3-4 семинар сабақтарына қатысып, сертификаттарын алып, білімдерін жетілдіріп отыр. Бұл індеттен қалай емделу керек, қалай диагноз қою керек, қандай ерекшеліктері бар екенін, барлығын оқып үйренген.

– Қазіргі таңда қалалық орталық ауруханада қанша науқас емделіп жатыр?

– Қазіргі таңда қалалық орталық ауруханада 10 науқас коронавируспен, 30 науқас пневмониямен емделіп жатыр. Былтыр пневмониямен ауырғандар есепке алынбайтын, қазір барлығы есепке алынады, себебі, пневмониямен ауырған науқас коронавируспен ауырмауы мүмкін, бірақ сол ауру коронавирус туғызуы мүмкін. Сол себепті өткен жылдың тамыз айынан бастап бұл статистика бірге жүретін болды. Жалпы, есеппен алатын болсақ, 40-тың шамасында науқас емделуде. Қажетті дәрі-дәрмектерін айтатын болсақ, бір жылға алынатын дәрі-дәрмектің қоры бізде биыл екі еселеніп алынып отыр. Ол дегеніміз, 2020 жылы біздің эскофармацияға берген сұраныс талабымыз 100 млн. теңге болса, 2021 жылға 200 млн. теңгені құрауда. Себебі, артығымен алып, 2 айдан 6 айға дейінгі жеткілікті дәрі-дәрмектің қоры тұр. Оған қосымша хайпул деген құрылғы алынды. Ол науқасты ұйықтатпай-ақ, толығымен өкпесіне оттегі жеткізіп тұратын құрылғы. Оған қосымша денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 2 вибралант аппараты алынды. Ол дегеніміз кеуде қуысына массаж жасай отырып, өкпенің ішіндегі қабынып, демалмай қалған бөліктерін вибрацияның көмегімен демалдыруға әсер ететін құрылғы болып табылады. Қазір пневмонияға шалдыққан науқастардың барлығына осы аппаратты қолданып жатырмыз. Әсері жақсы деп айтуға болады.

– Жанболат Бердібайұлы, қаламызда салынып жатқан инфекциялық аурухананың қазіргі жай-күйі туралы айтып өтсеңіз? Бүгінгі таңға аурухана толық салынып болса, неге пайдалануға берілмей отыр. Қанша орынға лайықталған, барлық қажетті аппараттармен қамтамасыз етілген бе?

– Былтыр құрылысы басталған инфекциялық аурухана ғимаратына тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы болып табылады. Бұл аурухана негізі 200 науқасқа лайықталған. Оның ішінде 180 орын жәй орын, 20-сы жансақтау орны. Кез келген ғимаратты пайдалануға алу үшін ол міндетті түрде сараптамадан өту керек. Оның сараптамасы мамыр айында болады. Содан кейін қолданысқа берілетін шығар деп отырмыз. Бұл аурухана жайында мәлімет бере алмаймын, себебі тапсырыс беруші біздің мекеме емес. Біз пайдаланамыз, бірақ мекемеміздің теңгеріміне (баланс) өтпеген. Қабылдап алған жоқпыз. Оның өз кезеңдері бар. Облыстық құрылыс басқармасы қабылдап алғаннан кейін қоғамдық денсаулық басқармасына тапсырады, олар біздің мекемеге өткізеді. Аурухана ішіндегі жұмыстар бітуге таяп қалғанын айта аламын, себебі біз апта сайын барып бақылап тұрамыз. Кем-кетістіктері болса бірден айтамыз. Оның пайдалануға берілетін уақытын нақты айта алмаймын. Талапқа сай салынған ғимарат болып табылады. Кемшіліктері болса оның бәрін түзеп, ретке келтіретін боламыз деп ойлаймын. Қазір аурухананың ауласында көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Газ, электр қуаты қосылған, канализация, су ағындары бар, қосымша екі генератор, оттегі бекеті бар. Компьютерлік томография, рентген аппараты, 10 өкпені жасанды желдеткіші бар.

– Қазіргі таңда елімізде басым облыстар қызыл, сары аймаққа еніп, отыр. Осы тұрғыда облыстық бас санитардың жақында арнайы қаулысы шыққаны белгілі. Қаламызда карантин шаралары кезінде көптеген қала тұрғындары салғырттық танытып келеді. Мәселен, той-жиын өткізіп, сақтық шараларына құлақ аспағандықтан қайғылы жағдайларда орын алып жатқаны белгілі. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Бұнымен толығымен мен келісемін. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жұмыс жүргізу керек, кез келген мекемеде тәртіп те болу қажет. Бірақ оған қарамастан көпшілік той-жиындар жасырын өткізіліп жатыр. Әсіресе, қазіргі кезде Рамазан айында ауызашарға адамдар жиналады. Бұның барлығы өте үлкен қауіп болып тұр. Көбінесе ауруханаға келген науқастардан сұрайтын болсақ, міндетті түрде ол науқас бір жиынға барған болып шығады. Енді бұл өте жоғарғы контьегезді, яғни жоғарғы контьегезді ауру дегеніміз – ол сөйлесіп жатқанда, жақындап тұрған жағдайда тез жұғып кететін ауру. Ол 2-3 күннен кейін әсер етеді. Төменгі контьегезбенде тарайтын аурулар бар. Бірақ ол вирус сізге жұққанымен сіздің иммунитетіңіз оны жеңіп кете алады. Мысалы, иіс сезбей қалу, температура көтерілу белгілерінен аурудың жұққанын білуге болады. Бізде температурасы қатты көтерілген науқастар келетін болса, қосымша арнайы изолятор бар. Сол жерде сол науқасты тексеріп, өкпесіне рентген түсіріп және компьютерлік томографияға түсіріп, ПЦР анализін алып бақылаймыз. Егер бәрі таза болатын болса, онда өзінің бейіні арқылы бөлімшеге емделуге жатқызылады. Ал, коронавирустың анализі оң нәтиже беретін болса, онда ол науқасты бірден госпитальға тасымалдаймыз.

– Қалада мектеп оқушыларынан да коронавирус ауруы шығып жатыр деп естіп жатырмыз. Жылдан-жылға ауру жасарып бара жатқан жоқ па? Екпе мәселесіне не айтар едіңіз?

– Қазіргі кезде індет оқушылардан шығып жатқаны рас, бірақ ол симптомсыз түрі болып табылады. Ол біреуден жұқтырып, өзінде болуы мүмкін, бірақ жас организмде көбейіп, ауру туғызбайды. Ал, екпе мәселесі ол мына індетті жеңудің бірден-бір жолы деп есептейміз. Өзіміз екпені 1-ші ақпан күні алдық. Біздің қызметкерлердің 70-80 пайызы екпе салдырды. Қалған 20-30 пайызы екпе алмауының себебі жүкті қызметкерлер болып табылады және қосалқы аурулары бар дегендей. Сол себепті аллергиясы бар қызметкерлерге екпе алуға болмайды. Себебі, ол шокпен тоқтауы мүмкін. Бірақ бізде жұмыс жасайтын қызметкерлер толығымен екпе алды. Егерде Қазақстан халқының 50-60 пайызы екпе алған болатын болса, бұл дертті толығымен жеңіп кетеміз деп сенемін.

– Бас дәрігер ретінде қала тұрғындарына індеттің екінші толқынынан бойын аулақ ұстау мақсатында қандай кеңес берер едіңіз?

– Енді мына ауруға қатысты көп мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге көшіп жатыр. 2-3 адамнан жиналуға рұқсат етіледі, бірақ көпшілік жиналатын жерден аулақ болу қажет. Той жиын, құдалық, ауызашар секілді отбасылық жиындарды тоқтатқан дұрыс. Жаназаға барып көңіл айту көпшілікке де, өзімізге де зиян. Ешкім жоқ кезде де жеке барып, көңіл айтуға да болады. Мұсылман болғандықтан бастысы Құран бағыштап, дұға оқу ғой. Көпшілікпен бірге болу қазіргі жағдайда шарт емес деп ойлаймын. Көбінесе бұл нәрсені тоқтата алмайсың. Бұның барлық ауыртпалығы медицина саласына келіп түседі. Бізде госпитальда 25 қызметкер күні-түні жұмыс жасайды. Ол қызметкерлерді 14 күн сайын ауыстырып тұрамыз. Олар да шығып дем алады, ауырып қалуы да мүмкін, барлық қауіп бар. Ол жағын қаулыға сәйкес, санитарлық эпидемиялық бақылау басқармасының қызметкерлері қадағалайды, біздің қызмет емдеу. Бүгінде тұрғындардың барлығы үйреніп қалды, қалаға қарасаң бетпердесіз жүрген адамдар аз, антисептиктер барлық жерде орнатылған. Қолдарын өңдеп, қайта-қайта жуып жатады. Қашықтықты да сақтап жүреді. Бірақ бізде жиындар толығымен тоқтады деп айта алмаймын. Көп шоғырланған адам бар жерге бармаған жөн. Сол кезде бұл індетті бірлесіп жеңуіміз әбден мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы