Марқұм бұрынғы басшымыз Балтабай Қаратайұлы Нұржанов жайлы естелік жазу біраздан бері ойымда бар еді. Артында өшпес із қалдырған қаламы жүйрік журналист жайлы мақала жазу маған тапсырылғаны өте дұрыс болды десеңізші. Әлі күнге дейін өмірімдегі нар тұлғаның бейнесі көз алдымнан кетпеген болса, басшымыздың бұл ұсынысы ойыма қанат бітіргендей болды…
ҚЫСҚАША ӨМІРБАЯНЫ
Бүкіл саналы өмірінің мәнді де маңызды кезеңдерін журналистік қызметке арнаған ол 1954 жылы 1 тамызда Түркістан қаласына қарасты Шаға ауылдық округінде туған. Оның өмірі «Түркістан» газетімен тығыз байланысты болып, мектепте оқып жүрген кезде-ақ газетке мақалалар жазып тұрған екен. Қарым-қабілетін байқаған «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің сол кездегі редакторы Тұрабай Мырзахметов оны 1973 жылы жұмысқа шақырған. Алдымен корректор, кейін тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарған ол 1982 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универси-тетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шыққан. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қалалық «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директор-редакторы болып абыроймен еңбек етті.

Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы марқұм Балтабай Нұржановтың көп жылғы еселі еңбектері ескеріліп, ҚР Тәуелсіздігің 10 жылдығы, ҚР Конституциясының 10 жылдығы медальдарымен марапатталған.
ЕҢБЕК ЖОЛЫМДАҒЫ ЕКІНШІ БАСТЫҒЫМ
1994 жылдың тамыз айында қалалық «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің өзбек бөліміне корректор болып жұмысқа орналастым. Ол кезде редакторымыз марқұм Сырым Дағмырза бРедакцолатын. ия ғимараты бұрынғы баспахана (қазіргі «Форте банк» ғимараты) жанында еді. Негізгі шығармашылық ұжым осы ғимаратта орналасса, газетті теру, оны беттеу баспаханада болатын. Ол кезде әлі жаспын. Мектепті енді бітірген кезім. Әріптестерімнің арасында Балтабай Нұржанов деген есім құлағыма жиі естілетін. Ол сол кезде Түркістан аудандық әкімшілігі Тіл басқармасының бастығы, тағы қосымша халықаралық «Түркістан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс атқаратын. Жұмыс бабымен редакцияға анда-санда келіп тұрғаны болмаса, мен бұл кісімен 1998 жылы газет пен баспахана бір ұжым болып қосылғанда ғана тани бастадым. Ол сол кезде екі ұжымға басшы болып тағайындалған еді. Бұл менің еңбек жолымдағы екінші бастығым болды.
ІСКЕРЛІК ҚАБІЛЕТІН ПАШ ЕТКЕН ЖЫЛДАР
Мінезі ауыр, әр сөзін байыппен ойлап сөйлейтін, ұзын бойлы, реңі жаңа басшымыз Балтабай Нұржанов ұжымға жайлы, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы ретінде әріптестері жадында мәңгі есте қалды деп ойлаймын. Газетке жаңашылдық енгізіп, сапасын арттыру мақсатында көп ізденді, еңбек етті. Сөйтіп аз ғана уақыттың ішінде газетті офсеттік үлгіде басылуына қол жеткізді. Редакцияға жаңа компьютерлер сатып алынды, газетіміздің безендірілу мен суреттердің сапасы артты. Әлі күнге дейін есімде, барлық ұжым болып газет компьютерде теріліп, беттелетін болды деп қуанып жатқанда баспаханаға ұры түсіп, компьютерімізден айырылғанымыз бар. Осындай қиын жағдайда Балтекең басын тік көтерді, сол кездегі қала әкімі Уалихан Қайназаровқа мән-жайды түсіндіріп, мәселенің оң шешім табуына ықпал жасады. Әсіресе, Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында қалада көп тындырымды істер, қарқынды құрылыстар болды. Қала тынысымен бірге атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мақалалар суретімен газет бетінде жарқырып жарияланып тұрды. Бұл жұмыстардың басы-қасында Балтекең өзі болды. Айналасы 3-4 жылдың ішінде «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің сапалық деңгейі аудан газеттері ішінде алдыңғы қатарға шықты.
2003 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арасында облыстық спартакиадада ІІ-ші орынды иеленгенімізде балаша қуанғанын сөзбен жеткізе алмаймын. Тіпті сол күні қуанышы қойнына сыймай Шымқаладан Түркістанға кел-генше жақындарына, дос-жарандарына «Біз, облыста екінші орынды алдық» деп қуанып, ұжымдағы жігіттерге қайта-қайта рақметін айтқаны ұмытылмас сәттер болды. Жұмыс-ты жүйелі ретке қойып, жылдан-жылға газетіміздің таралы-мының артуына өзіндік үлес қосқан Балтекең 2008 жылы «Ең үздік аудандық, қалалық газеттер» облыстық номина-циясымен марапатталғанын басшымыздың қажырлы еңбе-гінің арқасында келгенін ерекше тілге тиек еткеніміз жөн.
Оның еңбектері газет бетінде жарияланып қоймай, шығармашылық қабілеті Ұлы Жеңістің 55 жылдығына арнап шығарылған «Баһадурлар», Жеңістің 60 жылдығына арнап шығарылған «Ерлікке тағзым», «Түркістан» газетінің 75 жылдығына арнап шығарылған «Тоғысқан тағдырлар» атты кітаптарынан көрініс тапты.
ЖҰМЫСҚА ЖАҢА ЖИҺАЗДАР НЕМЕСЕ МЕН ҚАЛАЙ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ БОЛДЫМ?
2005 жылы «Түркістан» газетінің 75 жылдығы мен Қазақстан Журналистерінің ІІ Конгресі Түркістанда өтетін болды. Бұл кезде редакция сол кездегі Арбат бойында Түркістан тойы қарсаңында гүл сататын жабық базар болады деген болжаммен салынған ғимаратқа орналасқан еді. Газет мерейтойына қызу дайындалып жатырмыз. Бірсыпыра ғимарат жөндеуден өткенімен ішіндегі дүниелер, яғни жиһаздар ескі. Тойды мынадай ахуалда қарсы алу тіптен ұят. Басшымыз Балтекең сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Әметұлының қабылдауында болып, жаңа жиһаздар алуға қол жеткізді. Бұл жақын 20 жыл ішінде редакция тарихында болмаған жағдай еді.
Газет қазақ және өзбек тілдерінде жарық көріп, оқырмандарға жол тартатыны көпшілікке мәлім. Сол жылы өзбек бөлімінің меңгерушісі Өктам Анарбаева жұмыстан босап, орнына жаңа маман іздестіре бастадық. Өзбек бөлімінің штаттық кестесінде екі адам. Бірде ғимарат ауласында сенбілік өтіп жатқан еді. Балтекең ары-бері ойланып, әрі біздің жұмысымызды қадағалап жүр. Біраз уақыт өткен соң қасыма келіп: «Райым, сенің мұнда қызмет істеп жүргеніңе 10 жылдан асыпты, сені өзбек бөліміне меңгеруші етіп тағайындасам»,- деп күтпеген жерден ұсыныс білдірді. Мұндай жаңалықты Балтекеңнен естимін деп тіпті ойламаппын: «Мен әлі жаспын, менен де тәжірибелі маманды тапсаңыз» дегенімде: «Сен боласың, әлі-ақ үйреніп кетесің» деп қадап айтты. Содан бері міне, 14 жылдың жүзі болыпты білікті басшының арқасында осы қызметте жемісті еңбек етіп келемін.
ҚУАНЫШ ПЕН ҚАЙҒЫ ҚАТАР БОЛҒАН КҮН
2013 жылдың қыркүйек айының басында Балтекеңнің алдына кезекті еңбек демалысқа шығу бойынша өтініш сұрап кірген болатынмын. Кірсем көңілі көтеріңкі отыр екен. Мені күліп қарсы алды, жағдайды айттым, өтінішіме бірден келісім берді. Оның үстіне, 3 ұлыма сүндет той өтетін күнді 29 қыркүйекке белгілеп қойғанмын. Тойдың өзі бола сала ма? Оған алдын ала дайындық жасау керек. «Тойды жақсылап өткіземіз, ұжымды өзім бастап барамын» деді. Содан не керек, тойға дайындықты бастап жібердім. Үйдегі кішігірім жөндеу жұмыстары бәрі-бәрі ойдағыдай болды. Дәл сол той өтетін күні кешкісін «Балтеке, 2 сағаттың шамасында той басталады, келмей қалмаңыз» деп ұялы телефонына қоңырау шалдым.
– «Райым, екі сағатта Түркістанда боламын, тойыңа бара-мын», – деді. Сол күні тойда ұжымның барлығы толық қа-тысты, бірақ Балтекең келмеді. Той да ойдағыдай өтті. Ер-теңіне таңертең белгісіз нөмірден ұялы телефоныма қоңы-рау келді. Алдым, сөйтсем көршім дәрігер Бахриддин екен.
– «Райым, кеше сенің тойыңа бастығың келмеді, иә? Саған қайғылы хабарды айту үшін қоңырау шалып тұрмын. Біз қазір Балтекеңнің үйіндеміз, 103 шақыртуымен келіп тұрмыз. Өтініш, бізге Балтекеңнің туған жылы, айы, күнін айтып жіберші, дабыл парағын толтыруымыз керек еді» дегенде төбемнен мұздай су құйылғандай күй кештім. Сенерімді де, сенбесімді де білмей ойланып қалдым. Бастығымды өлімге қимадым, өкінішке орай, қайғылы жағдай орын алған екен… Балтекеңнің соңғы «барамын» деген сөзі, құлағымның түбінде мәңгі сақталып қалды. Балтекең бұл өмірден озған емес, келетіндей боп тұра береді… Ал, биыл Балтабай ағамыз арамызда тірі жүргенде 1 тамыз күні 65 жасқа толған болар еді. Әттең…
ЕЛГЕ СЫЙЛЫ, ОТБАСЫНА ҚАМҚОР ӘКЕ ЕДІ
Марқұм Балтабай Нұржанов зайыбы, қарымды журналист Балтакүл Оспановамен бірге үш қыз, бір ұлды өмірге әкелді. Оларды жоғары оқу орындарында оқытты, өмірде өз орындарын табуына жол сілтеді. Біз білген Балтабай ағамыз осындай жан еді.
Өсіп-өнген ұрпақтарымен тамырын тереңге, жапырағын кеңге жайған марқұм Балтабай Қаратайұлы Нұржанов өзінің асыл қасиеттерімен, адалдықтың ақ жібін аттамаған тазалығымен, кішіпейіл, көпшіл мінезімен, халықтың сыйына бөленген қаламгерлік қызметімен танылды. Оның жарқын бейнесі қатарлас жүрген журналист әріптестерінің, оны білетін барша азаматтардың есінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».