«ЕКПЕДЕН КЕЙІН КЕРІ ӘСЕР АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ»

1  307 көрілім

Қазақстан коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын мақұлдаған 27-ші мемлекет болды. Бұл әлемдегі алғаш тіркелген вакцина. Вакцинаның тиімділігі 91,6% көрсеткен. Бұл мәлімет 19 866 еріктіге сынақ жүргізілгеннен кейін алынды. Алдын ала есептеулер бойынша, ақпан айында 100 мыңға жуық адамға вакцина салынса, осы жылдың бірінші жартысына дейін 2 миллион адамға екпе егіледі деп жоспарлануда. Бірінші кезекте індетті жұқтыру қаупі жоғары дәрігер, педагог, құқық қорғау қызметкерлері екенін айта кету керек. Халықтың пікірін екіге бөлген екпе жайымен тереңірек танысу үшін арнайы вакцина салдырған медицина қызметкерлерінің екпеден кейінгі жағдайымен таныстық.

Ақпан айының басынан Қазақстанда коронавирус инфекциясына карсы вакцинация басталды. Екпе азаматтардың келісімімен ерікті түрде салынады.

Түркістан қаласында вакцина салу ең алдымен инфекциялық ауруханада жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, содан соң жедел жәрдем, емханада қызмет ететін қызметкерлерден бастау алды.

Вакцина жайлы толық ақпарат алу үшін Түркістан қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Серік Әбдіқұловпен әңгімелескен едік.

– Ақпан айының басында жеткізілген 200 вакцинаның қазіргі таңда 170 екпесі егілді. Вакцинация алдында дәрігерлер пациенттің дене температурасын өлшеп, эпидемиологиялық анализдерін жинақтап, жүрек соғысының жиілігін, қан қысымын, тыныс алуын және жүрек қан тамырлары жүйесі мен жұтқыншақты тексерді. Әрбір қызметкер коронавирус инфекциясына қарсы егу туралы алдын ала хабардар етілген. Пациентке профилактикалық егу, оның реакциясы мен ықтимал жағымсыз әсері және екпеден бас тарту салдары туралы толық объективті ақпарат берілді. Вакцинация алдында дәрігер екпе салдыратын адамның жалпы жағдайын сұрайды және кез келген дәрі-дәрмек пен азық-түлікке немесе вакцинаға аллергиясы бар ма, бұрын вакцинадан жағымсыз реакция болды ма, осы мәселелерді нақтылайды. Медицина қызметкерлері егу салдырғаннан кейін 30 минут ішінде физикалық арақашықтық талаптарын сақтай отырып, емханада медициналық бақылауда болды. Бұл вакцинаның әсерін байқау үшін қажет. Қазіргі таңда вакцина салдырған азаматтардың барлығы тікелей аймақтық дәрігерлердің бақылауында. Екпеден кейін ешбір азаматтан ауырсынулар, дене қызуының көтерілуі сияқты кері әсер анықталған жоқ. Осы аптаның соңына дейін қалған 30 вакцина медицина қызметкерлеріне толық салынатын болады. Әзірге вакцинадан бас тартқан медицина қызметкерлері жоқ. Алдағы уақытта 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтарға, оның ішінде қосымша аурулары жоқ тұрғындарға егілетін болады. Әзірге іріктеу жүргізіліп жатыр, – дейді Серік Әбдіқұлов.

«Спутник V» вакцинасын салдырған қызметкерлердің қатарында қалалық емхананың дәрігері Әнес Қаламқас пен дәрігер-инфекционист Айгүл Әбуқызы да бар. Қазіргі уақытта екеуі де өздерін жақсы сезінеді. Екпеден кейін оның ешқандай кері әсері болмаған. Күнделікті аймақтық дәрігерлер бақылау жасап, қадағалап тұрады. Араға 3 апта салып, вакцинаны екінші рет салу кезеңі жүргізілетінін айтты. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екінші доза бірінші дозаның әсерін күшейтеді, әрі адам ағзасындағы антиденелер саны артады.

Халық арасында вакцина салудың үлкен дау тудырғаны жасырын емес. Әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпараттар мен жазбалардан үрейленіп қалған азаматтардың көпшілігі вакцинаға қарсы. Осы мәселе бойынша қала тұрғындарына сауалнама жүргізген болатынбыз. Оған қатысқан тұрғындардың 95% «жоқ» деп жауап берсе, 5% екпеге қарсы емес. Азаматтардың бірқатары денсаулығына байланысты салдыра алмайтын болса, қалғаны екпеден кейінгі өміріне алаңдайды. Вакцина жайлы тараған түрлі ақпараттардан кейін қайсысына сеніп, қайсыбіріне сенбесін білмей қалғанын да жасырмайды. Адамдардың екпені еккеннен кейінгі өміріне толық кепілдік бере алмайды деп санайды.

Ресейде шығарылып жатқан Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы халықтың пікірі мен көзқарасын екіге бөлді. Вакцина бірқатар азаматтарға салына бастағанымен, әлі күнге дейін ел арасында оны салдыруға ниетті жандар аз. Алдағы уақытта екпенің нәтижесін көргеннен соң, оң көзқарастар көбейеді деген сенімдеміз.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы