«БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ҰЛТАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУ»

3  496 көрілім

Жыл сайын, болмаса ай сайын емес, күн сайын түрленіп жатқан шаһарымыздың дамуына барлық сала тер төгіп жатыр. Соның бірі ретінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жұмысын айтуға болады. Тағайындалғанына көп болмаған ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша бас имамы Еркебұлан Қарақұловпен азды-кем әңгімелескен едік.

– Әр адамның тағылымды да шежірелі ғұмыр керуені бар екені белгілі. Ең әуелі сөз тізгінін жеке өмір парақтарыңыз бен еңбек жолыңыз жайлы толғасаңыз.

– Дұрысы сол адамның өзгеге ұқсамайтын өмір жолы, бағындырған белестері бар. Менің де осы уақытқа дейінгі өмір жолым ел қатарлы болды десем болады. Нақтылап айтқанда 1980 жылғы наурыз айының 25 жұлдызында Шымкент қаласында өмір есігін аштым. Сол жылдары әке-шешем қызмет бабымен Кентау қаласына ірге тепті. Қайтып 1989 жылы туған жеріме қоныс аударған болатынбыз. Білім нәрінің алғашқы табалдырығын Қаратау тәжі аталған Кентауда аттадым. Ал одан кейін орта мектепті 1997 жылы бітіргенше шырайлы шаһар Шымкентте оқыдым. Мектеп бітірген соң жоғары білім алу мақсатында 1998 жылы Каир қаласындағы «әл-Азхар» университетінің (Мысыр) теология негіздері факультетіне түстім. Оны 2005 жылы ойдағыдай жақсы нәтижемен бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы қаласы орталық мешітінде ұстаз болып бастадым. Кейін 2008 – 2010 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білімімді жалғастырып жетілдірдім. Дін тану мамандығы гуманитарлық ғылымдар магистрі бойынша философия және саясаттану факультетінің магистрі атағын алып шықтым. Ал әр жылдары Алматы, ОҚО мешіттерін-де табысты қызметтер атқардым. Батыс Қазақстан облысы мешітінің бас имамы да болдым. Осыдан 4-5 жыл бұрын құрылған республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі-мін. Ұстазым Нұрлан Анарбаевпен бірге «Құран оқып үйренейік», «Намаз оқып үйренейік», «Ислам ғылымхалы» атты діни әдебиеттердің қосалқы авторымын. Айрандай ұйыған отбасының отағасы болып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жайымыз бар.

 – Облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылды? Биылғы жыл көлемінде қандай жоспар, межелі жұмыстар легі бар. Осы жөнінде айта кетсеңіз.

– Жоспар ауқымды. Түркістан облысы бір ғана облыс немесе елімізбен ғана шектелмейтін, тұтас түркі әлемі көз тігіп отырған қастерлі мекен. Содан да мұнда атқарылатын әр жұмыс жауапты болуды қажет етеді. Әлем алдындағы абыройы артып жатыр десек артық емес. Алдағы наурыз айында өтеді деп жоспарланып отырған халықаралық саммит осының айғағы. Шын мәнінде облыс даңқын арттырады. Міне, осы секілді дүниелерді нақты сезіне отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмалары аясында асыл дінімізді насихаттау, оны жүзеге асыруды мықтап қолға алып жатырмыз. Жобаларды жергілікті атқарушы билік орындарымен ақылдаса отырып жүзеге асырамыз. Басты мақсатымыз – ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту. Бұл еліміз дамуының бағыт-бағдары бола отырып, осындағы баршамыз тату тәтті, береке-бірлікпен өмір сүруіміздің кепілі бола алады. Осы жолда сүбелі үлес қоссақ дейміз. Өткен жылы ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарихында елеулі жыл болды. Анықтап айтқанда мерейлі отыз жыл болды. Осыған орай ел көлемінде 30 түрлі бастамалар болды. Респбликалық имамдардың төртінші құрылтайы өткізілді. Биыл ел тәуелсіздігіне отыз жыл. Осындай қуанышты мерекелерге байланысты біздің жоспарларымыз, атқаратын жұмыстарымыз болады. Жұмыстарымыз осыған дейін төрт түрлі бағытта жүргізіліп келген. Биыл бұл жеті бағытқа ұлғайды. Мысалы ақпарат және қоғаммен байланыс, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадр дайындығы, кадр бөлімі және діни оқу-ағарту бөлімдері болып келсе, енді дін мен дәстүр, рухани тәрбие, жат ағым өкілдерін діни оңалту жұмыстары бағыттары қосылып отыр. Енді біз осы бойынша жыл соңына дейін нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуге күш салатын боламыз. Осылардың ішінде рухани тәрбие жайлы ой айта кеткім келіп отыр. Бүгінгі таңда ауадай керек, өте қажетті нәрсе. Біз бар дүниеге материалдық тұрғыда қарамауымыз керек. Мәселен Мемлекет басшысы-ның «Тәуелсіздік бәрінен қымбат атты» мақаласын оқитын болсақ ел арасында, сырттан айтылып жүрген жер туралы, тіл туралы алып қашпа сөздің барлығына жауап берген. Тәуелсіздіктің үш тағаны кең байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз, бірлік пен ынтымағымыздың жарастығы дейтін ойды ерекше атап өтеді. Енді осы дүниелерге қызмет ету үшін, ең әуелі өзімізден бастауымыз керек. Былайша айтқанда қоқыс тастамауымыз, болмаса оларды өртеп ауаны ыластамауымыз ләзім. Осыдан мәселе неде деген сұрақ келіп туады. Бұл жерде мәселе экологияда емес ұлтжандылықта, мәселе заңда емес мәселе санада. Рухани білімнің бар құдіреті осы жерде. Адам баласы күллі дүниені қатаң қағида, шартты заңмен емес сана арқылы түйсініп, терең сезіне алуы шарт. Бүгінгі қоғам осы рухани тәрбиеге өте мұқтаж. Соны қоғамға, халыққа, жастарға жеткізуді мақсат тұтып отырмыз.

 – Бүгінгі қоғамда біз анық көріп отырған мәселе діни секталар десек қателеспейміз. Облыс бойынша жат ағымның жетегіне арбалып жатқандар саны белгілі ме, белгілі болса қанша? Осыған қарата қандай алдын алу шараларын қолға алып отырсыздар?

– Бұл өте күрделі әрі қиын тақырып екені ақиқат. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнаулы «Діни оңалту» бөлімін ашқан. Жат ағым жетегінде кеткен азаматтармен сұхбат жасап, оларға дәсүрлі бағытты түсіндіруді жүзеге асырады. Әлбетте бұл еліміздің барлық өңіріндегі күрмеулі мәселе. Сан жағына келетін болсақ оны осымен айналысатын құзіретті орындар біледі. Бізде саны пәленше, мынанша деген ақпарат болмайды. Діни басқарманың, әкімдіктің теологтарымен бірге сол жолдағыларға шығып өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді бұл көп уақытты талап ететін, қажырлы, үлкен сабырлылықты қажет ететін дүние. Бірден орындала салмайды. Олардың ойын, танымын өзгертуге әрекет жасап соны күтеміз. Сондықтан биылғы жылы бастадық. Әр облыс, қала, аудандарда арнаулы «мобильді топ» құрдық. Нәтижесі мен қорытындысы жыл соңында айтылатын болады.

– Түрленіп жатқан Түркістанға қызмет жасау баршамыздың міндетіміз болса керек. Осы тұрғыдан шаһар тұрғындарына, жастарына қандай ақыл кеңес берер едіңіз.

– Облыс орталығы болып дамып жатырмыз. Бұл деген осы түрленуге, түлеуге барлығымыз болып атсалысу керек екенін білдіреді. Абай Құнанбайұлының «сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» дегені бекер айтылмаса керек. Адамның қолында ақша болмауы мүмкін, бірақ өзіне тән шындығы бар болмақ. Міне осы шындық бар дүниеде адал болып жеңіске бір қадам жетелейді. Қаламыздың тұрғындары, жастарына, осы қоғамға айтарым үлес қосуға қарекет жасауымыз керек. Ең болмаса барып сөз жәрдемін бере алмасақ та, бір адамның артынан ғайбат айтпау керек. Бір адам айтар, мен көмектесе алмаймын деп, дұрыс оған қол ұшын беруге мүмкіндігі болмасын-ақ. Ең бастысы дамуына, өркендеуіне көмегің – кез келген дүниеге кесіріңді әрі зияныңды тигізбеу. Ол зиян не де десек, адамдарды бөтен көру, орынсыз сын пікірлер айту, жанашыр болып көрініп қоғамда орынсыз сөз тасып дүрбелең тудыру, көз жеткізбей өтірік айту болып табылады. Міне, осылардан сақ болуымыз керек. Біздің өмірімізге кесірі болмаса пайдасы жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «адам баласы, мұсылман адам айтса жақсылық айтсын, болмаса үндемесін» дейді. Біз орынсыз үндеуден алыс болуымыз керек. Еліміз өркендеп, өңіріміз дамып аяғынан тұрып кетсін десек бірлік пен берекеге, шынайылыққа көп көңіл бөлгеніміз оңды болмақ.

Сұхбаттасқан:

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы