ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ИГІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

1  522 көрілім

Жаңа облыс орталығына айналған Түркістан шаһары қарқынды дамуда. Алаулап атқан таңмен бірге түрленуде. Ұйқыңнан оянған сәттеріңде танымай қалатын күндер де кездеседі. Бой көтеріп жатқан құрылыстар, орын теуіп жатқан саябақтар, салынып жатқан жолдар барлығы қаланың ертеңі үшін. Мың сан құрылыстың барлығын емес соның біреуі жайлы айтпақпыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды іс» деп айтқан болатын. Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Түркістан қаласында oқушылар сарайы бой көтерді. Шынын айтқанда, түркістандық өрендерге таңғажайып өмір сыйлайтын жаңадан ашылған oқушылар сарайы өз жұмысын бастады. Енді балаларымыз бос уақытында білім ордасына келіп, қалаған мамандығы бойынша білімдерін жетілдіре алады. Бір қуантарлығы, мектеп жасындағы балалардың пәндік сабақтарды оқумен қатар, өнер үйірмелеріне де қатысуға мүмкіндіктері бар.

«Жақсыны көрмек үшін» дегендей, жастарымыздың келешегін жаңа арнаға бұрған oқушылар сарайының ғимараты алыстан жарқырап көрінсе, табалдырық аттаған сәттен бастап, ішкі сәулетінің де көздің жауын алатын кереметтерге, ғажайыптарға толы екенін аңғардық. Қазіргі еліміздегі жағдайға байланысты дене қызуымызды өлшетіп, бетпердемізді тағынып ішкі сәулетті тамашалап қана қоймай, білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстық.

Алдымен, өнер орталығында болып, мұндағы 8 үйірмені аралап көрдік. Қолөнер үйірмесінің жетекшісі Мөлдір Әбишованың оқушыларға тоқыма, бисер, гобеленмен жұмыс істеуді үйретіп жатқанын көріп, біз де сүйсіндік.

-Мектеп оқушылары көптеп келуде. Оларға қолөнер, оның ішінде тоқыма, бисер, гобеленмен жұмыс жасауды үйретудемін. Жұмсақ ойыншықтар тоқимыз, жүннен киіз басып шығарамыз. Қолданатын заттарымыздың барлығы тегін, осы жерден беріледі.

Мен Ә.Қастеев атындағы өнер колледжін, одан кейін қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің сән, өнер факультетін бітіргенмін. Осындай жаңадан салынған oқушылар сарайына жұмысқа қабылданғаныма қуаныштымын. Негізінде, біздің үйірмеге ересектерден де сұраныс болуда. Өйткені, балаларын үйірмеге алып келген ата-аналар екі сағат бойы бос отырмай, өздері де қолөнермен айналысып, үйренгілері келетінін айтуда. Олардың ұсыныстарын басшылыққа айтқалы отырмын. Үйде отырған аналардың гобелен, бисер, тоқыма тоқып үйренгендері өздеріне көп көмек болады деп ойлаймын. Жақсылап үйреніп алса, үйде отырып тапсырыс алып, қолөнермен айналысуларына әбден болады. Мен өзім тоқыма тоқып үйренгенімнің пайдасын көп көрдім. Қысқы мезгілде үйде отырып тапсырыс қабылдап, мол табыс табуға болады,-дейді үйірме жетекшісі.

Иә, «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, қолөнерді үйренуге ата-аналардың, әсіресе көпбалалы аналардың үйренгендері ылайым жақсы болары сөзсіз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай данамыз айтқандай, еңбек еткен адамның жетістікке жетері сөзсіз.

М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің 6-сынып оқушысы Дүниезада ТЕМІР мен №21 жалпы орта мектептің 6-сынып оқушысы Нурила ТҰРЛЫБЕК екеуі де оқушылар сарайы ашылған күннен бастап қолөнер үйірмесіне келуде екен. -Біз қазіргі таңда еліміздегі жағдайға байланысты сабақты онлайн оқудамыз. Сондықтан түске дейінгі бос уақытымызда осында үйірмеге келудеміз. Бізге бисер, гобеленмен жұмыс жасау, тоқыма тоқу ұнайды, – дейді қыздардың екеуі де. Иә, шынында Дүниезада мен Нурила екеуі екі мектептен келсе де, осы үйірмеде бір-бірімен танысып, достық орнатқандары көрініп тұр. Үйірменің жақын арада ашылғанына қарамастан қыздар бисерден қолөнер бұйымдарын жасап үлгеріпті. (Суретте: Дүниезада мен Нуриланың бисерден дайындаған әшекейлері).

Мүсін және керамика үйірмесінің жетекшісі Ұлбосын Рысбаеваның шәкірттеріне керамика өнерін үйретіп жатқан сәтіне тура келдік. Негізі, қолөнер мамандары көпшіл, кең мінезді болып келетіні бар. Ұлбосын Рысбайқызы да бізді көрген бойда: «Міне, біздің қыздардың жасаған ыдыстары» деп алдымен шәкірттерінің өз қолдарымен жасаған дүниелерін қуана көрсетті. «Бұл заттарды пайдалануға болады ма? Әлде естелік, сувенир үшін бе? деген сауалымызға: «Әрине, қолдануға болады. Қазіргі таңда керамикалық ыдыстар қайтадан қолданысқа еніп жатыр емес пе?» деген жауапты естіп, қуанып қалдық.

-Қазір қыздардың саз балшықтан илеген заттарын кептіруге қойған кезіміз. Мұны әлі бояймыз, ішін өңдейміз. Түркістан қаласының логотипін әрбір ыдыстың сыртына таңбалаймыз. Оқушы қандай зат жасауды үйреніп, жасап шығарғаны жөнінде талқылап отырамыз.. Оқушылар жасаған заттарын бір айдан кейін өздері алып кете алады. Керамикадан түрлі ыдыс-аяқтар ғана емес, әртүрлі мүсіндер де жасалынады. Композициялық дүниелер жасауға да болады. Әрбір жасаған ыдыс-аяқтар және т.б. заттар-дың сыртына қазақы ұлттық нақышы-мыздағы ою-өрнектер салынады.

Негізі, біз керамикамен жұмыс жасап қана қоймай, баланың психологиясымен де жұмыс жасаймыз. Өйткені, саз, балшықпен жұмыс жасаған адамның өн-бойы тазарады. Олай дейтінім, адамның бойындағы жаман энергияның барлығын саз,балшық өзіне тартып алады. Содан да болар, саз, балшық илеген адам шаршамай, тың, сергек жүреді. Керамикамен жұмыс жасау баланың денсаулығына өте пайдалы екенін айтқым келеді.

Әкем Абай Рысбаев керамика саласын меңгерген қолөнерші. Қ.А.Ясауи кесенесі алдында қолөнер дүкеніміз бар болатын. Киелі қаламызға келген әрбір туристтің қасиетті өңірден естелікке бір зат болса да алып кеткісі келетіні сөзсіз. Сол тұста түркістандық өнімнен алып кетсін деген мақсатта әкем ашқан отбасылық шеберханада жасап шығарған ұлттық нақыштағы өнімдерімізді шетелдіктерге ұсынатынбыз. Солай 35 жыл қолөнермен айналысқан екенбіз. Мен көзімді ашқалы Ясауи кесенесінің алдында өсіп, жетілдім. Отбасылық қолөнерді жалғастырып, әке жолын қуып отырған қызбын. Жақында, жаңадан ашылған оқушылар сарайына жұмысқа қабылданып, қуанып отырған жайым бар. Осындай барлық жағдайы жасалынған, ыстық суы ағып тұрған әдемі ғимаратта жұмыс жасау кез-келген азаматтың арманы болар, сірә. Төрт бөлме арнайы бөлінген біздің үйірмеге.

Жолдасым лай илеуге көмектеседі. Екеулеп жұмыс жасаймыз. Кішігірім отбасылық бизнесіміз де бар. Мен әкемнен көп нәрсені үйрендім. Сондықтан әкемді алғашқы ұстазым санаймын. Әкемнен алған білімімді одан әрі ұштастыру мақсатында Ә.Қастеев атындағы өнер колледжін бітіргенмін. Одан кейінгі жылдары Аймақтық әлеуметтік инновациялық университеттің бейнелеу және сызу факультетін бітірдім. Алдыма қойған үлкен мақсатым бар. Еліміздің келешегі жастарды ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерімізге баулу және үйрету. Адам баласы өзі біліп қана қоймай, білгенін кейінгі жастарға үйрете білсе үлкен сауап болады,-деп айтып жатады аға буын өкілдері. Сондықтан, мен де өзімнің білгенімді шынайы ықыласыммен жас шәкірттеріме үйреткім және олардың биік шыңдарды бағындырғанын көргім келеді. Шәкірттерімнің әрқайсысы «Оқушылар сарайында оқыдым, соның арқасында керамика саласын дамыттым» деп, айтып жүрсе осының өзі біздерге, ұстаздарға үлкен мәртебе деп ойлаймын. Мен осындай үйретері көп, ұлағатты ұстаз атанғым келеді.

Қазіргі таңда біздің үйірмеде 12 мектеп оқушысы керамикадан білім алуда. Еліміздегі жағдайға байланысты оларды 4 оқушыдан бөліп оқытудамын.

Керамикадан тек ыдыс-аяқтар ғана емес, қаламсалғыш, майшам (светильник), түрлі моншақ, әшекейлер (бижутериялар) және т.б.көп нәрсе жасауға болады. Жастардың өн-бойы қиялға толы болады. Сондықтан, ой-қиялдары кең дамыған жастар көп нәрсені ойлап, жасауларына болады. Бүгінгі таңда балаларын алып келген ата-аналардың да біздің үйіірмеге қатысқысы келетіндері басым болып отыр. Алла қаласа ата-аналардың ұсынысы қабылданып қалатын күн жақын деп ойлаймын,-дейді әке жолын қуған Ұлбосын қолөнерші.

Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының талантты актеры Шакен Амантуров осы оқушылар сарайында «сатира өнері» үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқаруда. Шакен Абсеметұлымен хабарласып, үйірме жұмысының тыныс-тіршілігі жайында сұрадық.

– Қазіргі таңда 30-ға жуық 6 жастан 17 жасқа дейінгі шәкірттеріме актер шеберлігінен сабақ берудемін. Мақсатым – осы шәкірттерімді болашақ актерлық мамандығына дайындау, өнер жолына тәрбиелеу. Өнерге қатысты бойымдағы барымды шәкірттерге үйретсем деген ақ пейілдемін. Баланың бойында өнерге деген құлшыныс болуы керек. Ең бастысы өзінің қызығушылығы болу керек. Жайдан жай кез-келген баланы алған жоқпын. Кассинг өткіздім, әлі де жалғасып жатыр. Кешігіп естімей, енді естігендер келіп жатыр. 30-ға жуық баланы кассинг бойынша алдым. Аптасына бір рет жиналған оқушылардан кассинг жасап, арасынан іріктеп тағы алып жатырмын,- деген Шакен Амантуровқа сатира өнерінің болашақ майталмандарын тәрбиелеп шығара беріңіз,-деген ақ тілегімізді айттық.

Оқушылар сарайының басшысы Индира Икаповаға жолығып, кішігірім әңгіме-дүкен құрдық. «Түсі игіден түңілме» дегендей, жүзінен нұр төгіліп тұратын Индира Сарқытқызы өзі басқарып отырған оқушылар сарайы жөнінде толық мағлұмат айтып өтті.

-Оқушылар сарайының құрылысын «Самұрық-Қазына ұлттық әл ауқат қоры» жүргізді. Оқушылар сарайының аумағы 12 мың шаршы метр. Ғимарат заман талабына сай салынған. Оқушылар сарайында жас жеткіншектеріміздің шығармашылық қабілетін дамытып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына барлық мүмкіндік жасалған. Мұнда Технопарк, «Sana» IT орталығы, Өнер орталығы (кескіндеме, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), Тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), Ғылым орталығы республикалық физика-математика мектебіне, Білім инновация лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне, Дарын мектептеріне түсу үшін оқушыларды дайындайды, Шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау, барлығы 60-қа жуық үйірме жұмыс істейді. Барлық сыныптар заманауи үлгімен жабдықталған.

Қорыта айтқанда, оқушылар сарайында 1000-нан аса оқушының қосымша білім алуына мүмкіндік бар. Мұнда дәрісті елімізге танымал білікті мамандар беретін болады. Солардың бірі танымал актриса, әнші Айгүл Иманбаева Нұр-Сұлтан қаласында ашқан, бүгінде кәсіби мектепке айналған «АИ» академиясының филиалын біздің оқушылар сарайынан ашып отыр. Айгүл Иманбаеваның «АИ» академиясы түркістандық ұл-қыздарды актерлік шеберлігі бойынша, эстрадалық вокал бойынша қабылдап, кәсіби деңгейде дайындап, өнер көшіне қосқалы отыр. Айгүл Иманбаеваның өзі де дәріс беретін болады. Сонымен қатар, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты қазақы мультфильмді жасаған Әмен Қайдар ағамыздың шәкірті Қайырғали Қасымов жетекшілік ететін продюсерлік орталық кино мен мультфильмді қалай түсірудің қыр-сырларын түркістандық жеткіншектерге үйретіп, осы саланың болашақ мамандарын дайындап шығаратын болады.

Осы орайда айта кетейін, тұл және жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі балаларға білім алу тегін. Сондай-ақ, көпбалалы отбасы балаларына, тұрмысы төмен және мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын отбасының балаларына жеңілдіктер қарастырып отырмыз.. Осы жеңілдіктермен қатар, 60 үйірменің 10-ы барлық келушілерге тегін,-деді білім ордасының басшысы.

-Алға қойған жоспарымыз, мақсатымыз көп. Соның бірі – Шәмші Қалдаяқов атында орталық ашу. Сонымен қатар, қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ –імен меморандумға отырып, оқушылар сарайында білім алып жатқан талантты балалардың биік жетістіктерге жетуін дамыту мақсатында бірлесіп еңбек ету.

Оқушылар сарайын тек қана қосымша білім беретін сарай ретінде ұстамай, үлкен галерея жасауды мақсат етіп отырмыз. Алла қаласа бұл ойымыз іске асатын болса оқушылар сарайына келген әрбір адам галереяны да тама-шалайтын болады. Біздің Қазақстанда болсын, басқа елдерде болсын галерея ретінде бөлек кабинеттер немесе бөлек зал жасалынады. Ал, біздің ашық түрде жасалынған галереяны әрбір азамат көре алатын болады. Сондықтан, оқушылар сарайының үш қабатын да әшекейлеп, үлкен-үлкен туындылар қойып, ашық галерея жасау алға қойған мақсатымыз.

Білікті мамандарды жұмысқа қабылдадым деп толық сеніммен айта аламын. Бұл жерде «дублирование» деген атымен жоқ, мектепті қайталау деген болмайды. Бала мектептен келгеннен кейін, қосымша білім алғысы келгеннен кейін оған жоғары деңгейдегі мамандар жоғары деңгейде білім беруі керек. Біздің білім ордасын бітірген түлек ертеңгі күні жоғары оқу орнына түссе де, ҰБТ-да шығармашылық емтихан тапсыратын болса да (мейлі ол домбыра, мейлі ол вокал жанры және т.б. болсын) еш кедергісіз өте алады деген сенімдеміз. Айтайын дегенім, біздің оқушылар сарайының түлегі жоғары оқу орнына түсуге дайын болып шығады. Олар мектепті бітірген соң «не істеймін, қайсы жоғары оқу орнына түссем екен»,-деп толғанып жүрмейді. Осы бізден алған білімін әрі қарай жоғары оқу орнында еш кедергісіз жалғастыра алатын болады.

Еліміздегі пандемия жағдайын ескере отырып, сақтық шараларын қатаң сақтап, әр сыныпта 5 баладан асырмай сабақ өткізу көзделген. Бетперде кию режимі де қатаң сақталады. Пандемияның алдын алу шаралары күнделікті жүргізіліп отырады.

Түркістан қасиетті мекен. Киелі қалада еңбек етіп жатқанымды мақтаныш сезінемін. Менің алдыма жұмыс іздеп келген адамдар жұмыссыз қайтып жатқан жоқ. Мен өкіметтің берген жұмысын таразыға салып отырған жоқпын. Жұмыс барысында адам өзін көрсетеді қаншалықты сол мамандықтың иесі екенін. Сондықтан, біліктілікті талап етемін.

Анам талай жылдар мектеп директоры қызметін атқарған ұлағатты ұстаз болатын. «Адамның ең бірінші жақсы жағын көр. Жаманын өзі көрсетеді» деп анам ылғи айтып отыратын. Түркістанға келгелі 8 айдың ішінде жаман адам көрмедім, көрсетпей-ақ қойсын. Ал, бүгінгі ұжымым, әріптестеріммен жақсы деңгейде бірлесіп еңбек етеміз деген үлкен сенімдемін. Менің бірінші сыншым – халық. Бізде осы халықтың балалары білім алады. Осы балалар үйлеріне барғанда ата-аналары не үйрендің? деп сұрағанда балалар үйренгенін айтып жатса сол бізге үлкен мәртебе. Ата-аналар: «Баламды бекерге бермеппін. Балам оқушылар сарайынан сапалы білім, өнегелі тәрбие алуда» -деп, алға қойған жоспар, мақсаттары мен киелі қала туралы өз ойларымен бөліскен Индира Сарқытқызына сәттілік тілей отырдық.

Әңгімелесе отырып, оқушылар сарайының ішкі дизайны Индира Сарқытқызының төл идеясы екенін білдік. Әсіресе, ашықтық, жариялылық орнатқан аурасы ғажап әсерге бөлейді. Басқа ғимараттарға қарағанда ішкі дизайнының өзгешелігі еркіндік әлемінде дерсің. Әсіресе, үш қабатқа көтерілетін баспалдақтардың бір жақ беткейлеріне отыруға ыңғайлы төсеніштер төселгені керемет. Иә, баспалдақтың кез-келген жеріне отыра қалып демалуға, жасөспірімдердің достарымен әңгіме-дүкен құруларына ыңғайлы жағдай жасалынған. Сонымен қатар, ашық кітапхана келушілерді өзіне баурап алады. Иә, иә ашық кітапхана. Кітапханада кітапты кітапханашы арқылы алуға болатын болса, мұнда сөрелерде тұрған кітаптарды кез-келген уақытта алып оқи аласыз. Ашық жерде ашық кітапхана орналастырылған. Кітапты оқып болғаннан соң орнына қойып кетсе болды. Кітапты оқып отырған жасөспірімдер бір уақыт айналаға көз жүгірткенде ашық түрде жасалынған галереяны да тамашалап, ойлау қабілеттері дами түсері анық. Расын айтуымыз керек, басқа жерлерде айтылатын «олай істеуге болмайды, былай істе» деген сөздер бұл жерде айтылмайтыны. Мүмкін, жасөспірімдерді еркіндікке баулу деген осы шығар, сірә. Ендеше, игілігі мол бастама болсын,-деген ақ тілектеміз.

Шынында, оқушылар сарайының сыртқы келбеті қандай көркем болса, ішкі дизайны одан да керемет жасалынғанын және ең бастысы 60-қа жуық үйірменің түркістандық өрендердің игілігіне қызмет ететінін көзбен көріп қайттық.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы