АҚЫНДЫҚ ПЕН ҒАЛЫМДЫҚТЫ ҚАТАР ҰШТАСТЫРҒАН ТҰЛҒА

23 көрілім

  Қазақ әдебиеті мен ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Шөмішбай Нағашбайұлы Сариевтің туғанына 80 жыл толып отыр. Қазақ руханиятына поэзиясы арқылы нәзік сезім мен терең ой сыйлаған қаламгердің есімі әдеби ортада ғана емес, ғылыми әлемде де ерекше құрметпен аталады. Лақап аты – Шалқар Сарин болған ақынның шығармашылығы ұлттық әдебиеттің алтын қорынан лайықты орын алды. 

   Шөмішбай Сариев – тек ақын ғана емес, әдебиеттанушы ғалым, аудармашы әрі мәдениет қайраткері. Оның шығармашылық жолы сан қырлы еңбектермен ерекшеленеді. Ол екі дүркін «Елім менің» атты Президент бәйгесінің бас жүлдесін иеленіп, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль сыйлығының, «Жыл Адамы – Алтын адам», «Платина Тарлан», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлықтарының лауреаты атанды. Бұлмарапаттар ақынның шығармашылық қуатын, әдебиеттегі беделін айқындай түседі.

   Еңбек жолын 1970-1974 жылдары «Қазақстан» саяси баспасында редактор болып бастаған Шөмішбай Сариев кейін 1974 жылдан 1991 жылға дейін «Жұлдыз» журналында қызмет етті. Алғашында сын бөлімінде еңбек етіп, кейін поэзия, өнер және ғылым, сын-библиография бөлімдерін басқарды. Бұл кезеңде ол қазақ әдебиетінің дамуына ықпал етіп, жас ақындардың қалыптасуына қолдау көрсетті.

  1991 жылы Қазақстан Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қазіргі әдебиет бөліміне аға ғылыми қызметкер болып қабылданды. Ғылыми ізденістерінің нәтижесінде 1993 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Оның «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзия» атты монографиясында Мағжан Жұмабайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды алаш қайраткерлерінің шығармалары ғылыми тұрғыдан талданды. Сонымен қатар «70-ші, 80-ші, 90-шы жылдардағы қазақ поэзиясы» атты зерттеуі де әдебиеттану ғылымына қосылған құнды еңбек болды. 

  Шөмішбай Сариев Мағжан Жұмабайұлының үш томдық шығармаларын дайындауға қатысып, ғылыми түсініктемелер жазды. Ол өмірінің соңына дейін Әуезов атындағы институттың Абайтану бөлімінде аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек етті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында бас маман қызметін атқарып, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және Д.А. Қонаев атындағы заң университетінде студенттерге дәріс берді. Бұл оның педагогтік қырының да айқын көрінісі болды.

  Шөмішбай Сариев мәдени ақпарат құралдарында да белсенді қызмет атқарды. «Ақиқат» журналының Руханият бөлімін басқарды. Сонымен қатар, халыққа кеңінен танымал «Тамаша» телехабарының алғашқы он жылдық кезеңіндегі авторлардың бірі болды. 

  Ақынның шығармашылығы кең тынысты. Ол Д. Гулиа, О. Бергольц, И. Абашидзе, С. Викулов, А. Дементьев, Ф. Алиева, Р. Рождественский, М. Эминеску, Луиш ди Камоэнс сияқты көптеген шетел ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударып, ұлттық әдебиетті әлемдік поэзиямен тоғыстырды. Оның аудармалары көркемдігімен, түпнұсқа рухын сақтай алуымен ерекшеленеді.

  1989 жылы «Қайнар» баспасынан «Тамаша, Тамаша, Тамаша» атты кітабы жарық көрді. Қазақ ақындары арасында тұңғыш рет «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспалардың жарық көруі де оның шығармашылық батылдығын көрсетеді.

  2000 жылы Бухарест қаласында ЮНЕСКО ұйымдастырған Михаил Эминескуге арналған халықаралық симпозиумға Қазақстан мен Орта Азиядан жалғыз қатысқан ақын болды. Оның шығармалары орыс, украин, қырғыз, өзбек, тәжік, румын, чех, үнді және француз тілдеріне аударылып, әлемнің түрлі елдерінде жарияланды. 

  2003 жылы Прагада Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медальмен марапатталды. Сол жылы үнді тілінде «Теңізден соққан жел лебі» кітабы жарық көрді. 2004 жылы «Жыл Адамы – Алтын адам» және «Платина Тарлан» сыйлықтарының лауреаты атанды. 2006 жылыҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына иеболды.

  2008 жылы Парижде өткен «Ақындар көктемі» фестиваліне қатысып, оның өлеңдері 80 елге француз радиосы арқылы таралды. Француз тілінде «Дала желі» атты кітабы жарық көрді. 2018 жылы Нью-Йоркте өткен Қазақ әдебиеті форумына қатысып, «Сәлем саған, туған ел» кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл оның шығармашылығының халықаралық деңгейде танылғанын көрсетеді.

Шөмішбай Сариев – поэзия мен ғылымды қатар ұштастырған сирек тұлға. Оның өлеңдері туған жерге сүйіспеншілік, адамгершілік, махаббат, ұлттық рух тақырыптарын терең бейнелейді. Ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін саралап, әдебиеттану ғылымына маңызды үлес қосты.

  Ақынның 80 жылдық мерейтойы – қазақ әдебиеті мен ғылымы үшін айтулы белес. Оның шығармашылығы – жас ұрпаққа рухани бағдар, әдебиет сүйер қауымға мәңгілік мұра. Шөмішбай Сариевтің есімі қазақ поэзиясының биік шыңында қала беретіні сөзсіз. 

Түзелова Ботагөз

Ы.Алтынсарин атындағы балалар

кітапханасының кітапханашысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы