Кітап – ұлт қазынасы

37 көрілім

      23 сәуір – елімізде  аталып өтетін Ұлттық кітап күні. Бұл күннің ресми мереке ретінде бекітілуі – кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, оқу мәдениетін жаңаша серпінмен дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Аталмыш күн  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қаулысымен бекітіліп, 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.Үшінші      
    Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек», – деп атап өтті. Бұл үндеу біз, кітапханашылар үшін кәсіби міндетпен қатар, рухани жауапкершілік жүктейді.

       Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Ол – ұлттың жады сақталған рухани орда. Күн сайын кітап сөрелерінің арасында жүріп, оқырман сұранысын тыңдай отырып, бір шындыққа көз жеткіземіз: кітап іздеген адам – өзін іздеген адам. Әсіресе жастардың көркем әдебиетке, тарихи еңбектерге, тұлғалар тағдырына қызығушылығы артқаны қуантады.

        Кітап – өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Онда халқымыздың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, салт-дәстүрі, ұлттық болмысы сақталған. Кітапты парақтаған сайын оқырман тек ақпарат алып қоймайды, ой түзейді, танымын кеңейтеді, рухани байиды.

      Ұлттық кітап күні – кітапханалар үшін ерекше мазмұнға ие мереке. Бұл күні біз түрлі көрмелер, әдеби кештер, шолу сағаттары, кітап талқылаулары арқылы оқырманды кітапқа жақындатуды мақсат етеміз. Өйткені кітап оқу – зияткер ұлт қалыптастырудың негізі.

      Бүгінде технология дамып, ақпарат алу мүмкіндігі артқанымен, кітаптың құндылығы кеміген жоқ. Керісінше, ақпарат тасқыны арасында дұрыс таңдау жасап, саралай білу үшін терең оқу дағдысы қажет. Ал ол дағдыны қалыптастыратын – кітап.

     Кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Ойлайтын қоғам – болашағын баянды ететін қоғам. Сондықтан «Кітап – ұлт қазынасы» деген ұғым әрбіріміздің санамызда берік орнығуы тиіс.

     23 сәуір – Ұлттық кітап күні барша оқырманды кітаппен дос болуға шақыратын мереке. Кітапқа жақын ұрпақ – рухы биік, ойы сергек, санасы серпінді ұрпақ. Ал ондай ұрпақ – ел ертеңінің кепілі.

Пірметова Гүлнұр Сейтханқызы,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қор сақтау бөлінің кітапханашысы 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы