Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына, экономикалық өсіміне және азаматтардың әл-ауқатына тікелей кері әсер ететін әлеуметтік кесел. Ол әділдік қағидаттарын бұзып, қоғамдағы сенім мен бірлікті әлсіретеді. Жемқорлық белең алған ортада заң үстемдігі сақталмай, адал еңбек пен кәсібилік екінші орынға ысырылып қалады. Сондықтан бұл құбылысқа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елімізде жемқорлықтың алдын алу, құқықбұзушылықтарды анықтау және қоғамда адалдық қағидатын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, “Адалдық алаңы”, “Парасаттылық мектебі” сияқты жобалар арқылы жастардың бойына әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіру көзделген.
Сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері әртүрлі. Оның негізінде жеке бас пайдасын көздеу, құқықтық мәдениеттің төмендігі, жауапкершіліктің әлсіздігі және қоғамдық немқұрайлылық жатыр. Кей жағдайда адамдар мәселені заңды жолмен шешудің орнына, жеңіл әрі заңсыз тәсілді таңдауға бейім болады. Алайда мұндай әрекеттер ұзақ мерзімде қоғамға орны толмас зиян келтіреді. Мысалы, пара арқылы лауазымға тағайындалған адам кәсіби талаптарға сай болмаса, ол басқарған салада сапа төмендеп, халықтың сенімі азаяды.
Жемқорлық экономикалық салаға да айтарлықтай шығын әкеледі. Инвестициялық ахуал нашарлап, кәсіпкерлікке кедергі жасалады. Бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуы әлеуметтік бағдарламалардың толық жүзеге асуына мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшейеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте ең басты құрал – заңның үстемдігі мен ашықтық. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, электронды үкімет жүйесін дамыту, ашық бюджет тетіктерін енгізу – жемқорлық тәуекелдерін азайтудың тиімді жолдары. Сонымен қатар, әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заң талаптарын сақтауы тиіс. Пара бермеу және пара алмау – жеке жауапкершіліктің көрінісі.
Қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру – ұзақ мерзімді үдеріс. Бұл бағытта отбасы тәрбиесі, білім беру жүйесі және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Баланың бойына кішкентайынан әділдік, шыншылдық, жауапкершілік қасиеттері сіңірілсе, болашақта жемқорлыққа қарсы иммунитеті мықты азамат қалыптасады.
Қорытындылай айтқанда, сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Онымен күрес тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек, ең алдымен оның алдын алу мен санаға әсер ету маңызды. Әділдік пен адалдық үстемдік құрған қоғамда ғана мемлекетіміздің болашағы баянды болады. Сондықтан әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек етіп, заңды құрметтеп, жемқорлыққа қарсы белсенді ұстаным танытуымыз қажет.
«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы
Ақпараттық библиография бөлімінің библиографы
Досыбаева Ботагөз