ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫСТЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

939 көрілім

Ауған соғысы оған қатысқандарға ғана емес, сарбаздардың ата-аналарына,туған- туыстарына да оңай тиген жоқ. Әрине, талай азаматтың жанын қиған бұл соғыстың тарихы әлі де көптеген зерттеуді талап етеді. Отан алдында ант беріп, соны орындай білген азамат Бейсенов Нұрболат Оңалбайұлының ерлігі ұрпаққа үлгі.

Бейсенов Нұрболат Оңалбайұлы 1969 жылы 1 қазанда Түркістан қаласында туған. Никитин атындағы орта мектепті бітірген. Әскерге дейін қалалық «коопторг» мекемесінде дайындаушы болып қызмет атқарған.

Әкесі Оңалбай мен анасы Оразкүлдің 7 ұл, 3 қызының бесіншісі.

Бейсенов Нұрболат Оңалбайұлы 1988-1989 жылдары Баграм провинциясы мен Саланг асуында барлаушы батальонының құрамында болады.

– Мен Баграм мен Чирикардың ортасында орналасқан барлау батальонының развед-десант ротасына бөлімше командирі болып қызмет еттім. Бір айдан соң командировка басталды. Колоннаны бақылап Хайратоннан Саланг-Кабул арасында 3 ай болдым. Саланг асуында қару-жарақ пен азық-түлік тасыған автоколонналарды күтіп алып, БМП мен БТР әскери техникасы арқылы күзетіп, межелі жеріне дейін жеткізіп отырдым. 1988 жылы желтоқсанда Түркістан әскери округінің басшысы полковник Громов келіп, бүкіл батальонды Парван мен Пандилер шатқалындағы операцияға дайындалуға бұйрық берілді. Ол операция 21 желтоқсанда басталды. Алдымен, таңғы сағат 6-дан 9-ға дейін үш сағат бойы истребитель самолеттер шатқалды бомбалады, содан соң кезек Катюшаға тиді. Ол да аз төмпештемеді. Шатқал іші шаң мен түтінге, от пен ұшқан оқтың жарықшағына толып жатты. Үшінші кезек біздерге тигенде «жаны бар тіршілік атаулы қалмаған шығар» деген оймен алға жылжыдық. Бірақ, содырлар біздің ол ойымызды жоққа шығарды. Соншама атқылаудан аман қалып, шатқалдың әрбір тасының арасынан шыға келген содырларды көргенде «шайтан ба, әлде жын ба екен» деген ойға берілдік. Дұшпандар өліспей беріспейді. Қарсылық қатты болды. Шығын да аз болмады. Қолға түскеннен жанын шейіт еткендер көп болды. Сол операцияда «За боевые заслуги», кейіннен «За отвагу» медальдарымен марапатталдым. 1989 жылы 15 ақпанда дивизияның Ауғанстанның ең соңғы жауынгері ретінде көпірден өттім. Осы кездегі атқарған ерліктерім үшін «70 лет Вооруженных Сил СССР», «От благодарного Афганского народа», « Инструктор-парашютист» сияқты тағы басқа мерекелік медальдармен марапатталдым, – деп ұрыс даласындағы ерліктерімен бөлісті еңбегі еленген ардагер.

Бүгінде жұбайы Ләззатпен тату-тәтті өмір сүруде. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы