ҚАНДЫ ҚЫРҒЫНДЫ КӨЗБЕН КӨРГЕН

1  115 көрілім

Ауған соғысы Қазақстан үшін өте қайғылы жағдайдың бірі болды. Елімізден 22 мыңнан астам адам қатысып, мыңға жуық адам ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде 10 мыңға жуық ардагеріміз бар болса, олардың 3 мыңы мүгедектер қатарында. Өзіміздің Түркістан қаласында да 250-ге жуық жерлесіміз соғысты көзімен көріп, 10 жерлесіміз ерлікпен қаза тауып, 1-еуі хабарсыз жоғалып кетті. Оралбаев Сұлтан Қалиұлы – сол ұрыс даласын көзімен көріп, қанды қырғында қолына қару алған жерлесіміздің бірі.

Оралбаев Сұлтан Қалиұлы Түркістан қаласында 1962 жылы 3 қарашада дүниеге келген. Сұлтан әкесі Қали мен анасы Тұраштан өрбіген 14 ұл-қыздың ішіндегі ортаншысы. 1980 жылы А.Байтұрсынов мектебін бітіріп, 1980-1981 жылдары автобазада жүргізуші болып жұмыс істеген. 1981-1983 жылдары әскер қатарына алынған. Әскерден келген соң, 1983-2006 жылдар аралығында түрлі мекемелерде жүргізуші болып істейді. 2006-2007 жылдары Түркістан интернат үйінің тазалық жөніндегі бас маманы, ал 2007 жылдан бастап осы мекеменің кадр бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет етеді. 1991-1993 жылдары Түркістан педагогикалық техникумын, 2003-2006 жылдары Қазақстан-Ресей университетін, 2008 жылдары Шымкентте заң факультетін бітіреді. Қазіргі таңда әлеуметтік салада қызметін атқарып келеді.

– Кабул қаласындағы автобатальонда жүргізуші қызметін атқардым. Кабул-Термез бағытында әр түрлі жүктер, қару-жарақ, оқ-дәрі, құрылыс заттарын тасымалдадық.1982 жылдың 1 сәуірі еді. Атамыз қазақ «сәуір болмай, тәуір болмас» деген ғой. Құдай қолдаса, сапарымыз тәуір болар деп аталы сөзді медет тұтып, колоннаның алдынғы шебінде келе жатқанмын. Саланг асуынан төмен түсіп, Черикар ауылы мен Баграм бұрылысы аралығына жақындап қалғанбыз. Көзім алда, қиялым ауыл асып кеткен. Елдегі бауырлармен ойша қауышып, киелі Түркістан қаласын қиялмен аралап келе жатқанмын. Сол ойдан бойым жеңілдеп, бір сәт кеудеге қуаныш ұялаған. Кенет машина терезесі шытынап, «сарт-сұрт» еткен дыбыс селт еткізді. Ой мен қиялға беріліп кеткенім соншалық, алғашында не болғанын, қайда келе жатқанымды аңғара алмай қалдым. Аяғыма тиген соққы мен автоматтың даусынан есімді жидым. «Сып-сып» еткен бірнеше оқ отырған орындығымның екі жерінен, аяғымның үстінен тесіп өтті. Алдыңғы терезеге сап түзеген солдаттай тағы да қатарласа бес оқтың ізі түсті. Олар басымнан бір сүйемдей жоғары өтіпті. Машина шайқатылып барып алдымдағы қойтасқа соғылды. Тұла бойым ысып, басымнан аққан қан бетімді жуып кетті. Қойтасқа қатты соғылған машина кілт тоқтағанда басым солқылдап, көзім қарауытып кетті. Есікті ашып, жер бауырлап жатып қалдым. Жүрегім айнып, лоқсық қысқанын білем. Одан арғысын ажырата алмадым. Бір жетідей ес-түссіз жатып, Баграм госпиталінде ес жидым. Кейіннен білдім, бастан жарақат алыппын. Аяғым сынып, қабырғам майысқан. Қолым жарылып, денеме көп жарақат түсіпті. Қысқасы, сау жерім қалмаған. Денсаулығым түзелген соң, жүргізушілік қызметімді қайта жалғастырдым. Біз көрген қанды соғысты ұрпағымыз көрмесе екен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі жасаса, – дейді соғыстағы кезін есіне алған ардагеріміз.

Сұлтан Қалиұлы Ауған соғысындағы ерлігі үшін «70 лет Вооруженных Сил СССР», «От благодарного Афганского народа», « Воину – интернационалисту», «15 лет вывода советских воиск из ДРА», «Ветерану войны в Афганстане 1979-1989 гг.», сол сияқты жалпы 12 медальмен марапатталған. Бүгінде жұбайы Жарқынай екеуі үш перзент тәрбиелеп, тоғыз немеренің қызығын көріп отыр.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы