- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгінгі күні еліміздің әрбір өңірінде жаһандану үдерісінде бірнеше стратегиялық қадамдар жасалып, саяси, экономикалық, мәдени жүйенің өзгеруінен Қазақстанның нарықтық экономика жағдайында еліміздің экономикасы, әлеуметтік мәселелері қарқынды дамып келеді.
Сондай игі істердің қатарында терең тарихқа жүгінсек, Түркістан – түркі халықтарының тарихында, рухани тағдырында ерекше орны бар көне қала түркі ғалымдарының зерттеулерінде қаланың осыдан 2000 жыл бұрын Оғыз ханның астанасы болғандығы айтылады. Осындай тарихи шындыққа жақын материалдарды тарихшы ғалымдардың ой – пікірлеріне сүйенген еліміздің танымал ғалымы О.Сәбденовтің еңбегінде рухани құндылықтар бәрінен де теңдессіз биік тұруы керек. Рухани құндылығымыз қандай, қазір қандай деңгейде, оны қалай жаңғыртамыз? – деген сұрағында: Каспий теңізінен Қытайға дейінгі аралықтағы алып кеңістікте биік өркениет тарихы болғанын білеміз.
Іргетасы V-VI ғасырларда қаланған Ежелгі Түркістан Азия кантинентінің орталығының біріне айналғаны – тарихи шындық. Сондықтанда халықтардың өзара қарым-қатынасы, діннің таралуы және өнер мен мәдениеттің өркен жаюы осы жерден басталған (О.Сәбден. Абай және қазақ елінің болашағы.Алматы, 2013., 24 б).
Бұл киелі үлкен Түркістан жерінде мұсылман халқының терең тарихы жатыр. Өйткені, ХIV-ХVIII ғасырларда қазақ хандығының астанасы болған, рухани құндылығын жоғалтпаған бұл жердің терең тарихы бар. Осы өңірде ұлы тарихи тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен бірге Томирис ханша, Атилла патша,Тоныкөк, Арыстан баб, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи есімдері мен бірге тарихта ерекше орны бар тұлғалар есімін тізбектеп тарқатқан.
Мақала авторы ретінде тарихи – зерттеу материалдарын зерделей келе, сол дәуірлерде өз хикметтері мен Құранды түркі (шағатай) тілінде сөйлеткен Қожа Ахмет Ясауи бабамыз көзі тірісінде-ақ бүкіл түркі жұртына рухани ұстаз бола білгені. Сол кезден бастап Орта Азия мен Солтүстік Кавказ, Еділ бойын мекен еткен түркі халықтары Түркістанды рухани астана ретінде мойындайтындығын мұсылман жұрты жақсы біледі. Дегенмен, сопылық ілімінің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи есімін, Қазақстан мен Орта Азия аймағында сопылық поэзияның көрнекті өкілі, дуалы ауыз данышпан, кемеңгер ақын ретінде танимыз. Кемеңгер ақынның жырлары әділдік, шапағаттық, мейірімділік, тақуалық, шыншылдық, ойлылық, тазалық секілді игі істерге бастау алғандығын оның шығармаларынан оқып білеміз.
Біздер үшін өз ұлтымыздың тарихын, салт дәстүрін және ұлттық болмысымызды тереңінен танып білу – ұлт болып қалыптасып, дамуымыздың кепілі. Әрбір дәуірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды, ұлы ғұламалардың ой-пікірлерін жас ұрпақтың бойына сүбелі сіңіру арқылы оларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мен білім беру ісін бүгінгі жас ұрпақтан терең меңгеруді қажет етеді деп түсінемін.
Осы тұрғыдан өзінің кемеңгерлік саясатын іске асыру барысында Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен кешегі көне қала атанған Түркістанды бүгінгі күні ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің дамыған ошағы ретінде көзделіп отырғаны бүгінгі күні айшықтала түсуде. Түркістан қаласының дамып өркендеуіне бүгінге дейін ел басқарған қаншама азаматтарымыз сүбелі үлестерін қосты деп айтуға болады. Сол азаматтарымыздың бірегейі, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбденнің еңбегін ерекше атап кеткенді жөн көрдім. Өйткені, бүгінгі Түркістан қаласының экономикалық аймақ ретінде дамуына сүбелі үлес қосуының бірден-бір себебі, кезінде О.Сәбденнің ҚР Үкіметіне ұсынған «Түркістан өңірі» рухани жаңа – технологиялық кластерін құру – Қазақстан қоғамын ізгілендіру туралы», – деп аталатын ғылыми мега жобаның идеясында Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру арқылы жаңа қаланың гүлдену себебін қазақ жұрты біле бермейтіні дәлелді.
Белгілі академик О.Сәбден Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ -түрік университетінде өзі небәрі 2 жыл ғана ректор қызметін атқарған кездегі ой түйгенін, 3 жылда бір өткізілетін Халықаралық деңгейдегі түркология конференциясында киелі Түркістан жерінде мұсылман халқының терең тарихы жатыр. Өйткені, ХІY –ХYІІІ ғасырларды қазақ хандығының астанасы болып, рухани құндылығын жоғалтпаған бұл жерде қаншама ұлы хандарымыз жатыр. Сол рухани мәдени мұраларымызды електен өткізе отырып, рухани астанамыз Түркістанда болашақта іргелі пантеондар, рухани ескерткіш кесенелер, тарихи мұражайлар салынуы тиіс деп университет ғалымдары алдында (2009 ж.) баяндап өткеніне мен өзім куәмін.
Оразалы Сәбденнің тарихи маңызы зор бұл бастамасын мақаланың арқауы ретінде «Абай және қазақ елінің болашағы» атты баспадан шыққан (2013, 2016 ж.ж.) кітабында «Рухани құндылықтарымызды қалай жаңғыртуымыз керек?», – деген тақырыбында: «Әрбір мемлекетке адамдардың ақыл ойына бағытталған жаңа ұлттық идеялар қажет. Ұлттық идея тек- рухани құбылыс қана емес, ол табиғи түрде ұлттың мүдделігін оятатын, оны іске асырумен байланысты дүние» деп түсіндірген.
Сондықтан, ұлттық идеяны, ұлттық мүдделер мен өзара сенімділікті түсіну – оны жүзеге асырудың бірден бір жолы Түркістан қаласының әлеуетін көтеру. Дегенмен, біздер Түркістанның рухани және экономикалық әлеуетін пайдалана алмай келеміз. Бұл аймаққа тек туристік нысан ретінде қарау мүлдем дұрыс емес. Түркі әлемінің тірегі, талбесігі болатындай тарихи тереңдігі бар Түркістан аймағын рухани, экономикалық, технологиялық дамыту арқылы жалпы руханиятымызды жаңа белеске көтеруге болады.
Осы орайда, мен экономист ғалым ретінде Түркістанды рухани астанаға айналдыру ұлттық идеясын алға тартатын ғылыми жобамды – үкіметке ұсынбақшымын деп университет ғалымдары алдында баяндап кетсе, келесі бір кезекті түркология конференциясында менің үкіметке жолдаған «Түркістан мега жобасы» ҚР Парламент және Сенат отырысында мақұлданып, арнайы заң қабылданғанын, жобаның қаржы-экономикалық есебі жасалып, жалпы сомасы 8 млрд, АҚШ долларынан асады. Бөлінетін қаржының жеке-жеке жобаларға (кластерлерге) қалай жұмсалатынында тарқатып ұсынғанын өз кітабында атап көрсеткені дәлелді.
Академик Оразәлі Сәбден мега жобаның мақсатында тарихымызда алғаш рет бір аймақ мысалы негізінде екі аса ірі түбегейлі проблеманы ұштастыру көздеп отыр. Ол бір жағынан, адамзаттың рухани мәдени және тарихи дамуына, екінші жағынан, жаңа 6 технологиялық уклад үйлеструге бағытталған. Сол арқылы инновациялық дамудың қазақстандық жаңару үлгісін дүние жүзіне көрсетуге болады. Ол үшін кезек күттірмейтін мынандай іс шараларды жүзеге асыру қажет деп талдап көрсеткен:
1) Парламентте «Жаңа Түркістан – Рухани Астана» туралы заң қабылдау керек.
2) «Түркістан өңіріне еркін экономикалық аймақ» мәртебесін беру қажет, Парламентте заң қабылдау керек.
3) Түркістан аймағын 5 жылдық салықтан босату қажет.
4) Халықаралық Дін басқармасын ашып, дінтану орталығын қалыптастыру;
5) Қоғамды ізгілендіру туралы «Ғылым орталығын» ашу. Қоғамдық ғылымдар академиясын ашу;
6) Көне тарихтан бастап, қазірге дейінгі «Тарих қазынасы» атты мұражайын салу. (Археологиялық музей);
7) Жаңа үлгілі, бірақ көне архитектурасымен жаңа Түркістан қаласын салу;
Осы ізгі ниетті ұлы мақсаттарды көздеген Түркістан қаласы алдағы жақын уақыттарда түркі әлемінен келіп кететін туристердің барлық жағдайын жасайтын, туризм саласын дамытудың әлемдік үлгісімен Түркістан қаласын туристік логистикалық орталық етуіміз керек деген Халықаралық деңгейдегі «Мега жобасын» қолдап, қуаттаған Елбасының өзінің салиқалы саясатымен, үкіметке толағай тапсырмаларды кезең-кезеңімен беріп отырғанының нәтижесі көрініп жатыр.
Елбасының ерен еңбегімен сабақтасқан академик Оразәлі Сәбденнің Халықаралық деңгейдегі мега жобасының басым бағыттарын тұрғылықты халықтардың бірі білсе, бірі білмейтіндігі жасырын емес. Дегенмен Елбасының Түркістан қаласын дамыту бастамасы, еліміз егемендік алған күндерден Түркістан қаласындағы тұңғыш рет Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуынан басталады. Университеттің қалыптасып дамуы, бүгінгі күндері түркі тілдес 20-дан астам елдерден келіп білім алып жатқан шетел студенттеріне сапалы білім беріп жатқан оқу ордасының бүгінгі күні өзіндік орны қалыптасқан.
Жоғарыда ерекше атап өткен өзекті мәселелерді тез арада тиімді шешу және ұтымды ұйымдастыру арқылы Түркістан қаласын еркін экономикалық аймақ ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен 2018 жылдың 19 маусымында Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған болатын. Тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі Түркістанда туристік индустрияны дамыту болып белгіленген.
Елбасының барлық тапсырмасын үкімет басшылары қадағалау арқылы, жаңа қаланың бас жоспарындағы салынатын құрылыс ғимараттарын және кесене аумағындағы маңызды рухани – мәдени орталықтарды еліміздің әрбір облысы Түркістан қаласына тарту ретінде салып беріп жатқанының куәсіміз. Бүгінгі күні Түркістан қаласының шығыс бөлігіндегі алып құрылыстар арқылы қаланың сәулеті айшықталып келеді. Әсіресе, Түркістан облысының әкімдігі ғимараты маңындағы республикалық деңгейдегі алып құрылыстар қарқынды жүргізілуде.
Кесене маңынан түсіп жатқан әрбір құрылыс нысандарының заманауи үлгісі шығыс үлгісіндегі архитектуралық ерекшеліктерімен үндескен тарихи маңызы зор құрылыс нысандары деп білеміз. Қазіргі таңда бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары күн сайын қарқынды жүргізілуде. Қаланың өсіп өркендеуіне үкімет басшысы мен облыс, қала басшыларының ерен еңбектерімен үндесіп жатқан Түркістан қаласының болашағына әрбір қала тұрғындарының игі тілектерін ақпараттық газет беттерінен оқып келеміз. Осы орайда, мақала авторы ретінде қала, аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарға елеулі үлес қосқан азаматтар жыл соңында немесе қала күніне орай марапатталып жататыны дәйекті. Сондай марапаттауларға біз мақаламыздың арқауы ретінде сөз етіп отырған Оразәлі Сәбденнің игі істерін қала басшылығы електен өткізіп, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» марапаттауына ұсынуға лайық азамат деп ойлаймын. Құрметке ие боларлық азаматтардың ортасыннан Оразәлі Сәбденнің есімі құрметпен аталып, Түркістан қаласының ардагерлер ұйымы мен Түркістан қаласының ақсақалдар алқасының атынан құжатталып ұсынылып жатқанында тілге тиек ете отырып, қала басшылығы тарапынан аталған ұсыныс оң шешімін тапса құба- құп дер едім.
Қорыта айтқанда, қаланың шығыс бөлігінен салынып жатқан республикалық деңгейдегі барлық департамент ғимараттары мен өзге де құрылыс кешендерін салуға жер телімдері берілгені мәлім. Әсіресе, Шымкент бағытындағы қаланың кіре беріс қақпалары айшықты су бұрқақтары мен көмкерілген абаттандыру жұмыстары бүгінгі күні іске қосылып, қаланың көркі айшықтала түсуде. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен іргетасы қаланып жатқан жаңа шаһар іспетті Түркістан қаласының келбеті жаңарып, Қ.А.Ясауи кесенесі маңынан салынып жатқан әрбір ғаламат құрылыс нысандарының архитектуралық бейнесі болашақта тарих қойнауында қалары анық.
Жұмахан КҮНПЕИІС.