Дана ақын, жазушы М.Әуезов: Айтыс – халық ауыз әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі мейілінше мол, күрделі жанрдың бірі, – деген. Мұндай күрделі жанрға табан тіреу тек таланты дарыған, сөзге шебер жандардың маңдайына жазылары анық. Осы тұста, шаһарымыздың абыройын асқақтатып, талантымен жұрт ықыласын алып жүрген ақын әрі қаламыздағы балалардың өнерін ұштауға бағытталған «Өнер мектебінің» директоры – Тұрар Тілеулиевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Ендеше, өрбіген сырлы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.
– Тұрар Сарсенбайұлы, алдымен, облысымызда алғаш өткен, өзіңіз қатысып, нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрінген, «Жүрсіннің жүйріктері» қазылық еткен айтыс жайында тарқата айтсаңыз.
– Елбасымыздың тарихи шешімімен Түркістан облысы құрылып және оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Шындығында, бүкіл түркі жұртының түп тамыры, Ұлы қазаққа қорған, талайға арман болған қасиетті қалада аламан бәйге жоғары деңгейде өтті. Тәуелсіздікті жырлауға бағытталған «Көк тудың желбірегені» атты айтыс 5-6 жылдың көлемінде Шымкент қаласында ұйымдастырылып келген. Ал, соңғысы жаңа облыс орталығында өтті. Бұл айтысқа қатысуымның өзі қызық болды. Қаламызда үлкен іс-шара болып жатты, арнау айтқалы тұрғанмын. Қалта телефоным шырылдап, өнердегі досым Біржан Байтуов хабарласып республикалық ақындар айтысына облыстың атынан қатысуға шақырды. Айтыстан екі жылдай алшақтап қалған болатынмын. Ең соңғы үлкен айтысым «Түрксойдың» наурыздағы айтысы еді. Шақыртулар болды. Дегенмен, қымқуат тірлікпен мүмкіндік болмады. Бұл жерге шашасына шаң жұқтырмай шауып жүрген, талай аламанда ат оздырған ақындар келді. Сырым Әуезхан, Біржан Байтуов, Ержеңіс Әбдиев, Дәурен Ысқақов сынды тағы басқа он ақын бақ сынады. Бағы жанғандар мен бабы келіскендер орындарға ие болды. Ал, бас жүлдесі маған бұйырған екен.
Түркістан – біреуі еді көп қаланың,
Ол сөздің маңызы енді жоқ, қарағым.
Бұл күні облыстың орталығы,
Дұрыс қой, сол жағына тоқталғаным.
Қаншама ғимараттар салынбақшы,
…Дегенді естіп қуанып, шок боламын.
Сол шоктан арыла алмай әлі күнге,
Қияли боп кеттім бе?,- деп қаламын.
Себебі, көшелерін күнде кезем,
Әлі де салынбаған, жоқ қаланың.
Жүгімді алып аэропортқа бес барамын,
Жаңа вокзал жағына төрт барамын.
Шуба алып берейін деп әйеліме,
Ашылмаған мегаға алып барамын.
Ал, театр салынатын жерді айналып,
Спектакль көргендей шаттанамын.
Орын таппай қалам деп отыз мыңдық,
Стадионға таң атпай аттанамын.
Бір күні көкпар шауып қалам ба?,- деп,
Ипподром жаққа барып ат бағамын.
Rixos-қа жатқызып қонақтарды,
«Мадленнің» жегіземін торт, тамағын.
Он бесінші қабатқа шығып алып,
Қаламның ажарына көп қарадым.
Күні бойы осылай көше кезіп,
Кешке қарай үйімді бетке аламын.
Мен осындай арманның жетегінде,
Болашаққа сеніммен бек қарадым.
Мұның бәрі салынса не болады?- деп,
Қуанып, жарылуға шақ қаламын.
Жағдайымыз доптай болады дегенді естіп,
Өзім де доп-домалақ боп барамын, – деп қаламыздың ажарланып келе жатқан келбетін, құт қонған қасиетті елге құтты болсын айтып келіп жатқан қаншама ағайынды көріп, арқа-жарқа болдық. Түркістан – қаншама ақындар, қасиетті бабалар, даналар, батырлар, қазақтың бар тектісін бауырына алып жатқан мекен.
– Жалпы, ақындық, айтыскерлік өнер тума талант па әлде әлдекімге қарап, бой түзеп, қызығушылықпен туған дүние ме?
– «Адамға 1 пайыз талант беріледі, ал 99 пайыз еңбекпен келеді», деген қанатты сөз бар. Ақындық та тура солай, ары қарай дамыту керек.
Жалпы, 2007 жылы мектепті аяқтап, қалаға келдік. Ол кезде Бекарыс ағаны тек теледидардан көретінбіз. Тіпті, ғаламтор да бүгінгідей ауқымы кең емес еді. Бір күні университет қабырғасына жазып қойыпты: «Бекарыс Шойбеков студенттерге айтыс үйірмесін тегін жүргізеді. Әр аптаның бейсенбі күні сағат 15:00-де, 305 аудиторияда» деп. Уақыты келіп, үйірмеге бардым. 20-30 шақты студент бар. Іші өте тар. Бар өнерімізді көрсетіп жаттық. Бұл алғашқы дәріс екі сағатқа жуықтады. Мен болсам бұған дейін не қалалық, аудандық айтыстарға қатысқан емеспін. Бірақ, қызығушылық болды. Соны ары қарай дамыту керек болды. Бекарыс ағамның «Дәу жігіт, сен қайдан келдің, не айтасың?» деп сұрағаны есімде. Басында толқып «Ақындықты үйренсем деп келіп тұрмын, Беделді Бекарыстай ағамызға» деп аяқтағаным есімде. Сосын өз бағасын беріп, сөзіме, дауысыма көңілі толғанын айтты. Апта сайын болатын дәріс, келер екі апта тоқтап қалды. Себебі, ол кісі іс-сапармен көп жүретін. Дегенмен, апта сайын қатысушылар шама-шарқын біліп, азая бастады. Кейін 15, 10, 5 адам, соңы мен ғана жалғыз қалдым. Алғаш 2-курста Шәуілдірдегі Айтбай Белгібайұлының 120 жылдық республикалық айтысына қатыстым. Бұған дейін еш сайысқа қатыспаған мен үшін бұл тосын алаң болды. Одан соң Алматыдағы Абай университетінің 80 жылдығына студенттер айтысына ХҚТУ-дің атынан қатысып 3-орынды еншіледім. Бұл менің алғашқы жүлдем болды. Кейіннен, Түлкібаста аймақтық айтыс өтіп, бас жүлдені алдым. Осылай ақындардың ортасына түсіп, танып көре бастадым.
– Сондай-ақ, өзіңіз кімнің шәкіртімін деп мақтана айта аласыз? Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты деген. Қандай ұстанымды қолданасыз, шабыт аласыз?
– Иә, айтыстың арыстаны атанған Бекарыс Ақсақалұлы менің ұстазым. Алайда, біздің арамыздағы қарым-қатынас мұнымен ғана шектелмейді. Біз ағалы-іні әрі туыстай болып кеткенбіз. Ол кісі мені тек айтысқа ғана баулыған жоқ. Қайда жүрсең де көргенің, білгенің өзіңе жақсы деп жан-жақты болуды үйретті. Оның мен үшін ең қанатты сөзі: «Ақын болу міндет емес, адам болып қалу парызың». Ақындығың биік болып тұрғанымен, парасаттылығың, пайымың таяз болып тұрса, ортада да қадірің төмен болады. Ақынмын деп үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетпесең, сыйлы болмайсың. Ұстаздың басты қасиеті тек қарапайымдылық деп білемін. Ол кісінің осы қасиеті биікке жетелеп жүр.
– Жалпы, өз өміріңізде, шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр? Алда үлкен аламандардан көре аламыз ба? Және балаларыңыз осы жолмен жүреді ме, қалай ойлайсыз?
– Егер топтан озатын, көзі жанып тұрған бала болса сыртқа теппеймін. Қандай саланы таңдаса да қолдаймын. Жалпы, алда кең көлемде өтетін ұлы мейрам Наурыз айтысқа қатысуды көздеп отырмын. Бар өнерімізді салып, жырдан шашу шашпақ ниетіміз бар. Сондай-ақ, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және «Жастар жылы» аясында Жамбыл облысы әкімдігінің, ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты іс-шара болып өтті. Ол тек футбол бәсекесі емес, ақындардың басын қосқан ауқымды кездесу болды. Соңы мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби кешпен жалғасты. Айтыс ақындары арасында өткен кіші футбол турниріне жеті команда қатысты. Мұндай аламан алғаш 2017 жылы Таразда болған. Ол кезде Жамбыл облысы мен ОҚО бақ сынаған болатын. Ал, 2018 жылы Шымкентте жалғасын тапты. Оған Қызылорда, Жамбыл, ОҚО командалары қатысты. Енді міне, Жамбыл облысының Тараз қаласында қайта орын алды. Оған Түркістан облысынан Бекарыс ағамыз көш бастап барып, бас жүлдені үш жыл қатарынан иемденді. Екінші орын Қызылорда, ал, үшінші орын Жамбыл облысының аяқдоп шеберлеріне бұйырды. Мұндай нәтиже ақындардың бірлігін, берекелі тірлігін көрсетеді. Соның айқын дәлелі – жеңісіміз деп ойлаймыз.
– Бүгінде қаламыздағы «Өнер мектебін» қанатыңыздың астына алдыңыз. Мектеп жайлы тарқата айтсаңыз. Жалпы, балаларды қалай қабылдайсыздар, неше жастан бастап қабылданады және мектепте қандай өнер түрлерінен сабақ беріледі?
– Бұл мектеп 2009 жылы қыркүйек айында облыстық мәслихаттың депутаты, облысымыздың құрметті азаматы Рахым Көлбайұлының қолдауымен ашылған. Ал, алғашқы басшысы Б.Шойбеков болды. 54 оқушыға арнап ашылған мектепте ақындық, екі халық әні, екі жыр терме, екі домбыра, сурет сыныптарынан жеті дәріс беруші қызмет етуде. Биыл 10 жылдыққа қадам басқан мекеме дәстүрлі бағытты, айтыс, ақындық, күйшілік, жыршылық, термешілік, кешегі Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан салдың жалғасын салуды көздейді. Бүгінде 72 оқушыны қамтып отырмыз. Балалар тамыз айының соңына қарай іріктеуге шақырылады. Өнерге деген қызығушылығы, ата-ананың қолдауы, бойындағы таланты ескеріледі. Жасына міндетті түрде қараймыз. Әсіресе, 8, 9, 10, 11 сынып оқушыларын алуға тырыспаймыз. Өйткені, ол бала бес жыл оқуы керек. Ал, кеш келсе тастап кетуі мүмкін. Ол еңбектің текке кетуіне әсер етеді. Дегенмен, ішінде жанып тұрған талант болса бетін қайтармаймыз. Ондай балалардың көзінен оты бірден көрінеді.
Айта кету керек, мұнда дәріс алу айына бір балаға 567 теңге. Қазан айында мекеменің он жылдығына орай барша мектеп түлектерін де шақыра отырып, кереметтей кеш өткізу ойымызда бар.
– Мектепте кімдер дәріс береді?
– Мұнда тәлім беруде домбырадан Жағыппар Қалықұлов, суреттен Ержан Әбиев, жыр-термеден Тәжібай Жақыпов пен Мақпал Оспанова, халық әні бөлімінде Қасиет Шерова, Аязбек Рустамов сабақ беруде. Олар осы мамандықтың нақ шеберлері деп айта аламын. Алғаш ХҚТУ-да 2004-2005 жылдары өнер факультетінің ішінен, Қазақстанның халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосыновтың бастамасымен дәстүрлі ән кафедрасы ашылған болатын. Сонда тәрбиеленген шәкірттер, біздің мектепте білгенімен бөлісіп, сабақ беріп жатыр.
– Өз білгеніңізді үйретіп, болашағынан үміт күтіп отырған шәкірттеріңіз бар ма? Жалпы, аяқ алыстары қалай? Оларда еліктеушілік басым емес пе?
– Кезінде Сағит Ақылтегі миллион теңгенің сертификатын ұтып, Түркістанның атын бірақ шығарған еді. Гүлмарал Сейдахметова, Абзал Тұрғанбек, Нұрболат Чапайды ерекше айта аламын. Бірі осы мамандықты алып кетті. Ал, кейбірі басқа мамандыққа оқыса да, мұны да сабақтастырып жүр.
Нақты тоқталып өтсем: жыр-термеден Нұрбақ Анашбек, Ақнұр Анашбек, Досбол Ерден, Шұғыла Амангелді, Ақтолқын Қалыбек, Айғаным Сейдалиева, суреттен Нұрсәт Қалдыбай, Рамазан Файзуллаев, халық әні бөлімінен Шахмардан Бекарысұлы, Нарымбет Дүйсенбай, Асылзат Мералы, Сержан Әмір, Бану Абдуллаева, домбыра шертуден Есет Сырым сынды алғыр өнерпаздарымыз өзіндік жолын қалыптастырып келе жатыр.
Ал, биік мақсатқа жетпейінше біреуге еліктеген дұрыс деп ойлаймын. Өзіңнің соқпағыңды салғаннан кейін барып, жолыңды тауып кетуің мүмкін. Егер мен біреуге қызықпасам, бұл өнерге де аяқ басуым бейғайбыл. Бірақ, еліктеймін деп өз болмысын жоғалтып алуы мүмкін. Мұндайдан аулақ болған абзал. Жалпы, біз мектепке келген әрбір тәлімгерге барынша бағыт-бағдар беріп, өнерін жағуға, қолдан келгенше дамытуға барымызды саламыз. Олардың жарқ етіп шығуы, үлкен ой қалыптастырып, биік белестерді бағындыруы бізге шынайы қуаныш сыйлайды.
– Мектеп былтырғы жылы қандай жетістіктерге жетті? Қорытындылап өтсеңіз.
– Қаламызда 2010-2011 жылдары «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты оқушылар айтысын Б.Шойбеков қолға алды. Сол 2010-жылдан бері қарай қалалық, аймақтық, облыстық болып үздіксіз өткізіліп келе жатыр. Біршама жыл тоқтап қалған айтыс, бүгінде тоқтаусыз жүзеге асырылып жүр. Оны ұйымдастырудың өзі қаншама еңбекті, сахнаны сәндеу, киім дайындау, балаларды машықтау, музыкамен үйлестіруі бар жалпы, үлкен дайындықты талап етеді. 2017 жылы Мұхтар Әуезовтың 120, Тәуелсіздіктің 26 жылдығына арнап Оранғай ауылының М.Әуезов атындағы мектебінде облыстық дәрежеде өтті. Ал, 2018 жылдың 12-желтоқсанында қала әкімдігінің қолдауымен дәл осы айтыс аймақтық дәрежеде өтті. Оған Қызылорда облысынан және Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарынан жас ақындар қатысып, аламанның көркін қыздырды.
Шәкірттеріміздің әрбір сөз толғамдары тек айтылып қалып кетпесін, тасқа таңбалансын деген ниетпен кітап жазып шығару ойда бар. Балалардың айтқан дүниесін жазсаң, кейін олар үшін де құнды естелік болары анық.
Осы тұста Ұлбосын Киізбаева, Гүлмарал Тасыбек, Ерсайын Диханбай, Нұрдәулет Өмірбек, Бақдаулет Қожанов ақындықтың ішінде, көшінде жүр. Тәңірберді Болат болса Шымкентте бір сайыста Тәкөш ақын мен болам деп бастап, көрермендер де солай атап кетті. 3-4 сыныбында келген, ойы жүйрік бала. Ұстаздан шәкірт озар дегендей, біз шықпаған биікке солар шықса дейміз. Күтер үмітіміз көп.
– Өткен кезеңге көз салар болсақ, айтыс кең далада, жасыл алқапта, тәтті шәйдің ортасында дүкен құру арқылы орын алған. Ал, қазір заманауи бағытқа бет бұрдық. Сахнаны, микрофон, сценарий, алдын-ала дайындалуды талап етеді. Мүмкін, жайлауда қымыз-қымыранмен алдағы уақытта өтуіне куәгер болып қалармыз?
– Шынында, көктемге қарсы, күн жылылығын төккенде өткізуге болатын іс-шара екен. Жайлауда, қасиетті қарт Қаратаудың етегінде, киіз үй тігіп, сылдырап аққан бұлақтың басында ақындар барып қара өлеңнің қазанын қайнатып жатса, әрине ол қуантарлық жағдай. «Жастар жылы» аясында бұл істі қолға алса құба-құп. Расында, өткенді жаңғыртып, бүгінгі жастарға үлгі боларлық дүниелерді қолдау керек.
– Сырлы сұхбатыңызға рақмет!
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».