НӘЗIР ЖАНАШЫР БОЛҒАН ӘЛIПБИ

1  339 көрілім

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Бiрiншiден, қазақ тiлiн бiртiндеп латын әлiпбиiне көшiру жұмыстарын бастауымыз керек. Бiз бұл мәселеге неғұрлым дәйектiлiк қажеттiгiн терең түсiнiп, байыппен қарап келемiз және оған кiрiсуге Тәуелсiздiк алғаннан берi мұқият дайындалдық» деп айтқан едi.

Бұл мәселе бойынша пiкiрталас бұған дейiн де 1923 жылдың ақпанында Нәзiр Төреқұлов Ұлт iстерi жөнiндегi Халық комиссариатының жанындағы араб әрпiн өзгерту комиссиясының мәжiлiсiн Мәскеуде өткiзiп, Орта Азияны бiрыңғай әлiппеге көшiру үдерiсiне белсене араласты. А.Байтұрсынов бастаған Алаш зиялылары болса бұл бастаманы құптамай араб графикасының өмiршеңдiгiн ұғындырмаққа тырысып бақты. 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен басқалармен бiрге Нәзiр де қатысқан қазақ Бiлiмпаздарының I съезiнде ұлт зиялылары әлiпби мәселесiнде екiге жарылды. Бұл жолы А.Байтұрсыновтың ұсынған қазақ графикасы қабылданды.

Жалпы 1924-1926 жылдары Түркiстан мен Қазақстанда толассыз жүрген әлiпби төңiрегiндегi тартыста Ахмет те, Нәзiр де ұлт мүддесi, ұрпақ болашағы үшiн ашық пiкiрталасқа түстi, өз ұстанымдарын барынша қорғады. 1924 жылдың маусымында өткен Бiлiмпаздардың алғашқы съезiнде Н.Төреқұлов көпшiлiкке салмақты ой тастап: «Бiз латын қарпiн қазаққа күштеп алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын қарпiн үйрену, жазу қазаққа тым пайдалы, жеңiл» деген болатын.

Дегенмен, бұл латыншаға өту үдерiсi бiршама баяулау жүзеге асып елiмiздiң 1929 жылы ресми түрде латыншаға 29 әрiппен көшкенi белгiлi. 1929 жылғы 7-тамызда КСРО Орталық Атқару Комитетi мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесiнiң Президиумы латындандырылған жаңа әлiпби – «Бiртұтас түркi алфавитiн» енгiзу туралы қаулы қабылдады. Латын әлiпбиiнiң негiзiнде жасалған жазу үлгiсi 1929 жылдан 1940 жылға дейiн қолданылып, кейiн кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13-қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әлiпбиден орыс графикасы негiзiндегi жаңа әлiпбиге көшу туралы» заң қабылданды.

Латыншаға өтудiң ғылыми дәйектемесiн әзiрлеп шыққан Нәзiр «Жаңа әлiппе. Үлкендер үшiн» кiтапшасын жарыққа шығарып, араб әрiптерiндегi қазақ дыбыстарын толық қамтитын латын әлiпбиi негiзiндегi жаңа мiнсiз әлiпбидi ұсынады. Латын әлiпбиiне көшуде Нәзiр Төреқұловтың сiңiрген еңбегi зор. Ол бастамашы ғана болған жоқ, сонымен қатар қабылданатын әлiпбидi талқылаушылардың бiрi, сыншысы бола бiлдi. Оның ортақ түркi әлiпбиi мәселесiндегi ой-пiкiрлерi осы күнде де маңызды деуге болады.

Мамандардың айтуынша латынға көшкенде ұтатын тұстарымыз: бiрiншi – тiл тазалығы мәселесi. Тiлiмiздегi қазiргi жат дыбыстарды таңбалайтын әрiптердi қысқартып, сол арқылы қазақ тiлiнiң табиғи таза қалпын сақтауға мүмкiндiк аламыз. Екiншiден, қазақ тiлiн оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердiң қысқаратыны белгiлi. Үшiншiден, латын әлiпбиiне көшу – қазақ тiлiнiң халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртiншiден, түбi бiр түркi дүниесi негiзiнен латынды қолданды. Бiздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты тығыз байланысты күшейтуiмiз керек.

Латын әлiпбиiне өтудiң тұтас халқымыздың қоғамдық өмiрiне, рухани қайта түлеуiне тың серпiн беретiнi де анық. Сондықтан Елбасымыздың тарихи таңдауын қолдау – баршамыздың қасиеттi борышымыз.

А.ИСАБЕКОВА,

Н.Төреқұлов атындағы музейдiң экскурсия жүргiзушiсi.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы