Елiмiздiң латын әлiпбиiне көшуi ұлтымыз үшiн маңызды қадамдардың бiрi. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы: «Қазақ тiлiн бiртiндеп латын әлiпбиiне көшiру жұмыстарын бастауымыз керек. Бiз бұл мәселеге неғұрлым дәйектiлiк қажеттiгiн терең түсiнiп, байыппен қарап келемiз және оған кiрiсуге Тәуелсiздiк алғаннан берi мұқият дайындалдық, яғни, 2025 жылға қарай iс қағаздарын, мерзiмдi баспасөздi, оқулықтарды, бәрiнде латын әлiпбиiмен басып шығаруға тиiспiз», – дедi.
Осы мақаланы басшылыққа ала отырып, қазақстандықтар 2018 жылы 19 маусымда латын әлiпбиi бойынша республикалық диктант жазу шарасын өткiздi. Латын әлiпбиiн насихаттау мен жаңа әлiпбиде жазуға машықтандыруды және жазу сауаттылығын жетiлдiрудi мақсат еткен шараға Түркiстан орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң барлық кiтапхана филиалдарында бiр мезгiлде диктант жазу басталды. Диктант жазуға ниет бiлдiрген 420-ға жуық оқырман латын әлiпбиiн пайдалана отырып «Сөздiң көркi – мақал» атты тақырыпта диктантты 45 минутта жазып бiтiрдi.
Түркiстан қалалық орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң директоры Күлзада Малдыбекова диктантты қорытындылай отырып, үлкен толғаныспен «бәрiмiзге белгiлi қазақ халқы кириллицаға көшпестен бұрын латын, араб әлiпбиiн қолданған. Сондықтан латын әлiпбиiне қайта көшу – қазақстандықтарды жаһандық әлеммен ықпалдасуға және қазақ халқы ертеден қолданған әлiпбиiмiзге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашу деп санаймын», – деп өз ойын түйiндедi.
Тiл – ұлттық кодтың тiрегi. Сондықтан Мемлекет басшысы көтерген рухани жаңғыру һәм генетикалық жад мәселесi дәл осы тiл тақырыбынан бастау алады. Яғни, бiздiң ұлттық сана-сезiм, рухани даму, өркендеу жолымыз қазақ тiлiнiң жаңа әлiпбиiн жасаудан басталады. Тiлдiң халықаралық мәртебесiн көтеру – бiздiң әлемдiк өркениетке жетумiздiң басты кепiлi.
М.МАМИРОВА,
орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң әдiскерi.