Әлемді жайлаған пандемия қоғамның бар саласына да өз әсерін тигізді. Адамзат баласы күнделікті өмір сүру дағдыларын өзгертіп, қалыптасқан жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Бұл, әсіресе, жас ұрпаққа білім беру ісінде айқын көрінді. Мектептер уақыт талабына сай жаңаша форматта, яғни, қашықтан оқуға көшті. Бұл күтпеген жағдай, тың тәжірибе болғаны рас. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанын қашықтан оқыған жас өрен жаңа оқу жылында да осылайша білім алуда.
Бүгінгі сөздің бір парасын ұстаз сөзінің қадірінен бастасақ дейміз. Иә, ұстаз қауымы дегенде менің де көз алдыма өткен ғасырдың оттай ыстық суреттері келеді… Сол кездегі ұстазға деген шәкірт ықыласының биіктігі тәнті етеді. Ұстазды ата-анадан кем қадірлемедік. Әсіресе, алғашқы ұстазымыз, Гүлзада апайымыздың сөмкесін көтерісу үшін алдынан жарыса жүгіре шығып, таласа-тармаса сөмкесіне жармасушы ек. Тіпті, апайымызды қоршаған бойда сыныпқа дейін алып кіретінбіз. Апайымызды қатты жақсы көрдік. Айта берсек, бұл ұсақ-түйек, жәй ғана сөз боп естілуі мүмкін. Ал, тереңдей түссек, мұның бәрі ұстазға деген шәкірттің ерекше құрметі болатын. Өйткені біздер, ұстаздарымызды қоғам тәрбиесіне жауапты, олар тек сабақ үйретумен шектелмей, шәкірттеріне өмірлік дұрыс ақыл-кеңес беріп, адамгершілік пен имандылыққа қатар баулыған, жүріс-тұрыс, мінезімен жақсы үлгі-өнеге көрсететін жандар деп қабылдайтынбыз. Қажет кезінде ұстаздарымыз шәкіртінің дәрістен тыс жағдайларына да алаңдап, шын жанашырлық танытатын.
Қай заманда да нағыз педагог жан-жақты білім алуға ұмтылған. Ол үшін көп оқып, іздену талап етіледі. Қазіргі бәсекелестік заманында өмір бойы оқып-үйренудің маңызы артуда. С.Көбеевтің: «Білімі таяз, өз пәнінен басқаны білмейтін тұйық оқытушы өз оқушыларының алдында ғана емес, жалпы еңбекшілердің алдында да беделді бола алмайды», — дей отырып, газет, журналдардағы үлгі мақалаларды оқу оқытушының ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттыра беруге мүмкіндік беретінін айтады. Мұғалім елде, әлемде, әсіресе білім беру саласында болып жатқан маңызды жаңалықтардан хабардар болып отыруы тиіс. Өкінішке қарай, педагогтер арасында жаңалық тыңдамайтындары, газет оқымайтындары баршылық. Олардың «бізді газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздырады» деп реніш білдіруі, шағымдануы мүлдем дұрыс емес. Кезінде ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин сонау таршылық заманның өзінде мұғалімдер үшін газет-журналдар алып тұрды емес пе. Қайта мұғалім үшін газет оқу заңды үрдіске, қалыптасқан дағдыға, педагогтік қызметінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Осы орайда биылғы жылы 90 жылдық мерекесін атап өткелі отырған қарашаңырақ газетіміздің жанашырлары әрі көпжылғы оқырмандары қалалық адами капиталды дамыту бөліміне қарасты барлық білім ошақтарының ұлағатты ұстаздарын төл мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.
Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.
