Мемлекетімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, еліміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Солардың бірі, батыс елдерінің сайлау тәжірибесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы.
«Nur Otan» партиясы праймериз өткізу арқылы партия жұмыстарын қайта жандандырады. Праймериз – партияішілік таңдау. Әлемнің жетекші елдерінде бұл тәжірибе қолданысқа енген. Атап айтсақ, праймериз өткізу тәжірибесі Еуропа, Азия мен Латын Америка елдерінде бар. Партия ішіндегі сайлау бәсекелестікті арттырып, жаңашыл азаматтардың іріктелуіне жағдай туғызады. Бұл ең алдымен партияның алыс аймақтардағы, өңірлердегі мүшелеріне мүмкіндік береді. Жаңа әдіс қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам болары анық. Праймериздің арқасында елдің саяси аренасында жаңа формация пайда болуы тиіс.
Бүгінде партия тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылуда. Праймериз тәсілі арқылы партия жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптастырмақ яғни, алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ.
Осы орайда Nur Otan партияішілік іріктеуді ашықтық пен жариялылық қағидаларына сай өткізуді жоспарлап отыр. Саяси технологиялық тәсілдің де басты мақсаты – негізгі сайлаулардағы партия мүшелерінің ынтымақты дауыс берулеріне қол жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, праймериз дегеніміз партия ішіндегі айтыс. Партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшпек. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсынастары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі.
Осылайша жаңғыру арқылы ашықтық пен жариялылыққа бағыт алған еліміздің саяси тарихында мəслихат пен Мəжіліске депутаттыққа үміткерлерді іріктеу тұңғыш рет праймериз тәсілі арқылы өтпек. Партия басшылығының жоспары бойынша праймериз нәтижесінде кім көп дауыс алады, сол аудандық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутат атану құқығын иеленбек. Әрине, бұл алғышарттардың сыртында, үміткерлер әңгімелесу, тест тапсыру, бюрода қарау сынды талаптардан да өтуі тиіс. Мұндай ашықтық партия қатарын шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік туғызбақ. Ал, толықтай алсақ, өзгермелі ахуал жағдайында жаңа саяси мәдениеттің пішіндері мен іргетасының қалыптасуына септігін тигізбек.
Праймериз азаматтық қоғамның қалыптасуына, саяси ұйымдар мен халықтың жақындай түсіне ықпал етеді. Партиялардың қарқынды жұмысы елдің дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына жүйелі өзгеріс енгізбек.
Ең бастысы, әділ, ашық талқылаулар арқылы қордаланған мәселелердің түйіні шешіліп, оң өзгерістерге жол ашылуы тиіс. Әсіресе, шалғай өңірлердегі проблемаларды шешуде жергілікті азаматтардың ой-пікірін, күш-жігерін бағдарға алу аса маңызды.
Айгүл ТІЛЕПОВА,
Түркістан қалалық мәслихат депутаты.
