ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ СЕНІМІ

717 көрілім

Адам баласының әрбір іс-әрекеті белгілі бір сенімге негізделеді. Бүгінгі қоғамда дұрыс таухидті үйрену қажет деп ұрандап жүрген бауырларымызды көріп «Ата-бабамыз ұстанған ақиданы ұстанып жүрміз» – десеңіз «Пайғамбар да (с.а.с.) өз ата-бабасының дініне қарсы шыққан» – деген сөздер арқылы бабалар жолын адасушыларға шығаратындар кездесіп жатады. Шын мәнінде мұсылман үмбетінің сенім жүйесі қандай? Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін) ақидасын ұстанған бабаларымыз адасқан ба?

Артынан қалдырған ұрпағын 14 ғасырдан бойы «әл-Мисақтан бері мұсылманбыз» – деп үйретіп келе жатқан түркі тілдес халықтарының ішіндегі қазақ жұртының ислами діни түсінігінің қалыптасуындағы Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін) мазһабының орны ерекше.

Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін) жастайынан адалдығымен зеректігі және ғылымға деген құштарлығы арқылы ислам әлемінде танымал болған. Өз заманында фиқһ саласының негізін қаласа, екінші жағынан ақида мектебінің іргесіп қалап кеткен.

Имам Ағзам атына ие болған ғалым жайлы Абдулла ибн Мубарак «Білімнің өзегі», Имам Заһаби «Әбу Ханифаның фиқһ пен оның терең мәселелерін талдауда имам екендігін барлығы мойындайды. Бұл зәредей күмәнсіз ақиқат» – десе, Имам Шафиғи «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ілімін мүлдем білмеген» – деген пікір білдіру арқылы ұлы ғалымның білімі түбі жоқ теңіздей терең екендігін мақтанышпен айтып өткен.

Қазіргі уақытта әртүрлі мақсатта құрылған діни ағымдар арасында «Әбу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін) ақидаға байланысты ешбір еңбектер жазып қалдырмаған» – деген жаңсақ сөздер таратып жүргендер де кездеседі. Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін) алғашқыда сенім мәселесімен айналысқандығы ақиқат. Шындығында Имам Ағзамның (Алла рақымына бөлесін) өз заманында ақидаға байланысты пікірталастарға қатысып, Құран аяттарымен хадистерді ақылға сала отырып жазған, ислам жұртшылығына танымал «Фиқһул-әкбар», «Фиқһул-әбсат», «Әл-Алим уәл-Мутаалим», «Әр-Рисәлә», «Әл-Уәсия» сынды бірнеше құнды еңбектері бар.

Бұл еңбектеріндегі қамтылған тақырыптардағы келтірілген дәлелдерінің баршасы Құран аяттарымен ұштасып тұрғанын байқауға болады.

Мысалы: «Әл-Фиқһул-әкбар» атты еңбегін «Ол Өзі жаратқан нәрселерінің ешқайсысына ұқсамайды, Ол жаратқан нәрселелердің ешбірі де Оған ұқсамайды…» деген сөзі Құранның «Оған ұқсас еш нәрсе жоқ, Ол – естуші әрі көруші» деген аятымен сабақтасып тұр.

Қоғамда ислам атын жамылған ағымдар «қазақ бабаларымыз дінде әлсіз болған, ата-баба жолын ұстанбаймыз» деу арқылы бабаларымыздың ұстанған Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін) мазһабын жоққа шығаратындар да баршылық. Қазақ әрқашанда да сенім мәселесінде Абу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін) еңбектерінде баяндалғандай ақиданы ұстанғаны белгілі. Бабаларымыз осы аталған еңбектердегі таухид іліміне қатысты Алланың сипаттарын қалың елдің құлағына жұмсақ, түсінікті тілмен Ы.Алтынсарин былайша жеткізіп отырған: «Ол Алла Тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес…». Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

«Ол Алла жисм* жауһар* ғариз* емес,

Боларға басқа-басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға

Еш нәрсе оған ұқсап, жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес» – деп жазған өлең шумағымен Имам Әбу Ханифаның (Алла рақымына бөлесін!) «Фиқһул-әкбар» кітабындағы «Алла Тағала «шай» бірақ жаратылған нәрселер тәрізді емес. «Шай» сөзінің мағынасы – Хақ Тағаланы ешбір дене (жисм), жауһар, бейнеде (ғариз) емес деп қабылдауды білдіреді. Алланың шегі жоқ, оның қарсыласы да, оның серігі де, оның ұқсасы да жоқ» – деген сөздерінің ұштасып тұр.

Қорыта келе айтқанда Әбу Ханифа (Алла рақымына бөлесін) сенімі Құран және хадистерге негізделгені ақидаға байланысты жазып қалдырған еңбектерінен мәлім. Ал, қазақ халқының діни танымы осы ұлық имамның кітаптары негізінде құралғандығына күмән жоқ.

М.МҰСТАФАЕВ,
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы