Осындай тақырыппен Түркістан бүкіл мұсылман қауымын дәл жаңа жыл мерекесі күні Құрбан айтқа шақырды. Сол жылы яғни 2006 жылдан 2007 жылға өткен Жаңа жыл Құрбан айтқа дәлме-дәл сәйкестік 36 жылда бір келетін құбылыс екен. Ендеше, осындай Алланың әмірімен келіп отырған сәттілік нышанын неге имандылық жолымен ұйымдастырмасқа деп бұл бастаманы көтерген сол кездегі қала әкімі Әли Бектаев болатын.
Сонымен аталмыш бастамаға орай, «Түркістан» газетінің №91-92 (8667) 9 желтоқсан күнгі санында қала әкімі Ә.Бектаевтың «Имандылығымыз берік, рухымыз асқақ болсын!» атты тақырыпта мақаласы жарияланыпты. Енді сол мақаланы арқау етсек. Баба қаламыз, киелі Түркістанды түлетіп, абаттандыра түсу осы қасиетті топырақпен тағдыры сабақтас әрбір жанның перзенттік парызы. Түркістан деп әруақтанбас азамат жоқ. Түркістан дегенде күллі түркі халқы тағзым етіп, иісі ислам бір елеңдеп қалып жатады.
Түркістан қаласының күллі шығыстағы тарихи рөлін, Орта Азиядағы рухани – мәдени орнын жете бағалаған Елбасымыздың қолдауымен өткен қаланың 1500 жылдық мерейтойынан кейін де Түркістанды түлету ісі бір сәт те дамылдаған жоқ. Осындай екпінді жұмыстардың жалғасы аталған игілікті іске ұласты. Ал, оған қол ұшын созу көпшіліктің асыл парызы деп білді сол кезде.
2006 жылы яғни Құрбан айт пен Жаңа жылдың түспа-тұс келуі 36 жылда бір келетін ерекше оқиға. Осы тарихи оқиғаның жалпыхалықтық сипат алуын, әрқайсымыздың жүрегімізге ұялайтындай өнегелі іске айналуын, ұлағатты тәрбие, дәстүр сабақтастығына жалғасуын мақсат тұтудың өзі бір ғанибет. Халқымызда «Жыл қалай басталса, солай аяқталады» деген ұғым бар. Құрбан айт әр пенденің бір-біріне жақсылық тілейтін, ренішті ұмытып, татуласатын, төс қағыстырып, Алланың пендесі ретінде пәк көңілмен ақ тілек тілейтін мерекесі.
Олай болса, Жаңа жылғы мереке – имандылық мерекесі Құрбан айтпен бірге келуі Алланың бізге берген сыйы сияқты. Осыны ескере отырып, қала әкімшілігі бастап, мәслихат депутаттары қолдап, «Түркістан Құрбан айтқа шақырады» атты іс-шараны өткізу жоспарланды. Бұл ойдың өзі қасиетті Рамазан айында өткізілген «Оразадағы он сауапты іс» шарасынан бастау алған еді. Бұл іс-шараны естіген түркістандықтар ғана емес, Оңтүстік өңірдегі зиялы азаматтар, халқымыз бел тұтқан қайраткерлер, бұқаралық ақпарат құралдары мен дін өкілдері де қолдап-қуаттап отырды. Аталған іс-шараны өткізуге сол кездерде Қазақстанға ғана емес, дүниежүзінде туризм саласына әйгілі «Жібек жолы» компаниясы (Т.Дүйсенғалиев) белсене атсалысыпты.
Айта кетерлігі, бұл туристік ұйымдардың белсенділігін жергілікті әкімдіктің бастамасымен байланыстыруымыз керек. Себебі, қала басшылығы дәл осы мереке тұсында тікелей өз бастамаларымен қалаға туристер тартудың алғашқы қадамын жасады десек те болады. Бұл жөніндегі жұмыстар шаһардағы барлық бөлімдердің қатыстылығына сай жауапкершілік жүктеліп, еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етушілерді шақыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жан-жаққа шақырулар таратылып, ал келген қонақтарды қонақ үйлерге және қала тұрғындары өз үйлеріне жайлы жағдай жасап күтетін болды. Ол үшін де әкімдік арнайы насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Мақсат – тұрғындарға туризмнен түсетін табыс көзін үйрету еді. Себебі, шақырылған туристер «Жібек Жолы» компаниясының арнайы жолдамасымен ақылы түрде келетін болған. Сол қаржының есебінен қаламыздағы жекелеген азаматтар туристерге қызмет көрсетіп, табыс табуды көздеген болатын. Міне, осы жұмыстардың ұйытқысы болған жергілікті билік сан қырлы жұмыстар жүргізді.

«Жібек жолы» компаниясының ұйымдастыруымен 2000-ға жуық қонақ жолдамамен Ұлы баба Қ.А.Ясауи кесенесіне тағзым етіп, сонда жатқан бабаларымызға зиярат етіп келуі, келешектегі туризмді дамытудың бастамасы болмақ. Осында мәңгілікке дамылдап жатқан бабалар рухына арнап, қасиетті күндері құрбандық шалынып, құран оқытылса, сауаптың артқаны емес пе?
Халқымызда «Келгенше қонақ, келгеннен кейін үй иесі ұялады» деген ұлағат бар. Әр келген қонақ біздің қаламызға сын көзбен қарайтыны анық. Олай болса, осы іс-шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, мұратты іске қаланың әрбір азаматы белсене атсалысуы қажет еді. Бүкіл түркістандықтарды қаланы көркейту үшін ең алдымен өз үйімізді, өзіміз тұрған ауланы, көшемізді, мөлтек ауданды таза ұстап, оны көріктендіруге үлес қосуға шақырған қала басшысы.
Сирек құбылысты тек қана көпшілік алдында атап өтпей, соған лайық болу қажеттігін және осындай игілікті істен қала тұрғындарына табыс келтіру мәселелеріне ерекше мән берілді. Осы мақсатта әрбір отбасы бала тәрбиесіне ерекше мән беруін, жалпы жаңа жылдың басынан бастап ұл-қыздардың теріс әдеттен ада, имандылығы жоғары болуын талап етуі мен ұрпағымыздың адал өсуіне атсалысуға үндеген. Сондай-ақ, «жүктің ауырын нар көтереді» дегендей Түркістанның азаматы болу – үлкен құрмет пен бақыт және жауапкершілік екенін меңзеп, олай болса, дәл осы кезеңде әрбір тұрғын өзі үшін бір шешім қабылдайтын уақыт келгенін алға тартқан жергілікті билік сол тұста БАҚ арқылы әрбір шараның тағылымын да көпшілікке кеңінен насихат жасауды негізгі бағыт ретінде қарастырды.
Игілікті шараның қарсаңында тұрғындарды имандылыққа шақыратын көптеген бастамалар, ұсыныстар жария болды. Атап айтсақ, жаңа жыл әр азамат үшін, әр отбасы үшін, қаламыз үшін жаңа дәстүр жылы болмақ. Жаңа жылда жақсылықтан үміт еткен, Құрбан айтта имандылыққа бас иіп, болашақтан тілек тілеген әрқайсының ұраны – ынтымақ пен бірлік, татулық пен бауырмалдық болуы тиіс. Шарапсыз Жаңа жылды қарсы алу, келешекте ішімдіксіз той өткізу Түркістаннан басталса, ары таза, жаны таза азамат, кісілігі мен кішілігін тең ұстаған жастар Түркістанда тұрса, жаны үшін малын, ары үшін жанын аямаған нағыз бабалар ұрпағы осында өссе тарихқа нақ лайықты емес пе?
Құрбан айттың Жаңа жылмен бірге тойлануы ата салтына лайықты, имандылыққа толы болуы тиіс. Соған қаламыз да, данамыз да, баламыз да дайын болса игі. Түркістанды руханият биігіне көтеру қаладағы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін баршамызға парыз деген ұранмен жаңа жылда мұсылман қауымының қасиетті мерекесіне айрықша басымдық берілді.
Түркістан қаласының әкімі Әли Бектаевтың «Түркістанның бүгіні – нұрлы, болашағы – жарқын» атты мақаласы жарияланған («Түркістан» газеті №1 (8673) 30 желтоқсан, 2006 жыл – 3 қаңтар, 2007 жыл). Сол мақаладан үзінді келтірсек.
«Мінекей, қасиетті Құрбан айт мерекесімен бірге келген Жаңа 2007 жылға қадам басып отырмыз. Осынау мереке қарсаңында әрбіріміз алғы күндерге үкілі үміт артып, жақсылық күтетініміз ақиқат. Қала әкімдігі де өткен жылы бастау алған істерді саралай келіп, оның қанатын кең жайып, сәтті сабақтастық табуын көздеп отыр. Рухани қаланы қайтсек, көркейтеміз, оған түркістандықтардың ғана емес, осы қаланы қасиет тұтатындардың қамқор пейілін қалай тартамыз деген мақсатымызды жүзеге асыру жолында кез-келген қолайлы сәттерді қаланың игілігіне пайдалануды көздедік. Ол үшін көпшілікпен кеңесіп, он ойланып, жүз толғанып Құрбан айт пен Жаңа жылды жаңаша қарсы алу мақсатында «Түркістан Құрбан айтқа шақырады» іс-шарасын ұйымдастырып, өткізіп отырмыз.
Бар мемлекет, әрбір ұлт жалпы адамзаттық игіліктерді игеріп, өркениетке ұмтылып, өсіп жатқан шақты бастан кешудеміз. Осындай сәтте қазақстандықтардың ата тарихы мақтанышты, терең де тағылымды болғанын кім қаламады дейсіз?! Алайда, басты мәселе атадан балаға қалған мұраның қадір-қасиетінде. Соны көздің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа ұқыпты жеткізе білуде.
Елбасымыздың «Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орта Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани, ғылыми және сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыру болып табылады» деп көне кенттің көркейіп, гүлденуіне айрықша көңіл бөлуі қаламызға деген қамқорлықтың айқын айғағы болып табылады. Елбасының тікелей ықпалымен ЮНЕСКО көлемінде қаланың 1500 жылдық тойы аталып өтті. Осы тұста бұрынғыдан абаттана түскен қаламызды көркейте түсу ісі тойдан кейін жоғары қарқын алды. Қазіргі таңда қаламыздың бүгіні мен келешегіне көз жүгірте отырып, дамыту мен көркейтудің басым бағыттарын айқындап алуға батыл қадам жасадық. Оның идеологиялық бағыты ретінде өткен жылғы – Наурыз мейрамында еліміздің зиялы азаматтарының басын қосып «Түркістанның бүгінгі мен болашағы» деп аталатын практикалық конференцияны ұйымдастырдық, сөйтіп қаланың келешегіне кемел бағдарлама жасауды қолға алдық. Өйткені қазіргі Түркістанның архитектуралық өсу бағыты бүгінгі өркениет биігінен көз салғанда өскелең талап деңгейінде емес. Өз даңқына сай ажарландырып, абаттандыру үшін қаланың Бас жоспары жасалды. Болашақта Түркістанды өзінің тарихына лайықты жаңа архитектуралық тарихи аумағы, әкімшілік-іскерлік орталығы, әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй кешені, түрлі өндіріс орындары өркендеген, орталығы көне шаһар ретінде сақталған, жан-жақты дамыған әсем қалаға айналдыру көзделген.
Биылғы Құрбан айт пен Жаңа жылдың тұспа тұс келуі 36 жылда бір келетін ерекше оқиға. Осы тарихи оқиғаның жалпыхалықтық сипат алуын, дәстүр сабақтастығына жалғасуын мақсат тұтудың өзі бір ғанибет. Осыны ескере отырып, қала әкімдігі, мәслихат депутаттарымен, қаланың зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдарымен кеңесе отырып, «Түркістан Құрбан айтқа шақырады» атты шараны өткізіп отырмыз. Бұл ойдың өзі қасиетті Рамазан айында өткізілген «Оразадағы он сауапты іс» шарасынан бастау алған еді.
Бұл игілікті іс-шараның қаланың инфрақұрылымын көтеруге, болашақта қаланы туризм орталығына айналдыруға оң ықпал етіп, яғни жылма-жыл үздіксіз қаланы көркейте отырып, оған көпшіліктің назарын аударуды көздеп отырмыз. Оған Түркістанның мүмкіндігі зор. Қазіргі таңда Түркістанда туризмді дамытудың арнайы бағдарламасы түзіліп, алдағы кезде сол бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Ол үшін қаланы әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендетіп, сәулетті де көркем қалаға айналдыруға атсалысу, тазалықты, тәртіп пен реттілікті сақтау, рухани жан-дүниемізді байыту білім мен мәдениетімізді көтеру сияқты міндеттер халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің аясында жүзеге асырылуы тиіс».
Сонымен көптен күткен Жаңа жылмен Ұлық мерекесі жайлы «Түркістан» газетінің №2 (8674) 6 қаңтар, 2007 жылғы санында «Құт болып келдің Құрбан айт, Жарқырап ендің Жаңа жыл» атты көлемді мақала жарияланыпты. Енді мақаланы баяндап өтсек. Ұлық мейрам Құрбан айт биыл Жаңа жыл мерекесімен қатар келіп, қос мереке адамдардың көңіліне имандылық нұрын құя түсіп, қытымыр қыстың ызғарлы аязы жүрек жылуымен сейіліп сала бергендей сезілгенін жеткізеді.
Бұл қос мерекені түркістандықтар да мерейлі жүзбен қарсы алып, қаланың «Түркістан Құрбан айтқа шақырады» атты іс-шараларының бағдарламасы бойынша қасиетті қалаға Жамбыл облысының Қордай ауданынан, Қызылорда облысының Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Жаңақорған аудандарынан, Алматы қаласынан және өз облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, ынтымақ пен бірліктің өнегесін танытты.
Үш күн қатарынан тойланатын мерекенің алғашқы күні қаланың мұсылман қауымы мен қонақтары мешіттерде болып, Айт намазына қатысты. Бұдан соң «Әзірет Сұлтан» кесенесінің алаңында Алланың ақ жолына бағыштап, бабалар дәстүріне сай құрбандық шалу рәсімі болып, онда қаланың бас имамы О.Елеуұлы жиналған мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, әруақтарға құран бағыштайды. Діни медресенің «Ясауи» тобы діни уағыздарды мақамдарымен жырға қосады. Шараға жиналғандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, музейлерді аралап көріпті.

«Асанбай ата» имандылық асханасында бабалар рухына арналған ас беріліпті. Бұдан соң мерекелік шырша орнатылып, киіз үйлер тігілген Есім хан алаңына жиналған қонақтар «Жаңа жыл – жаңа дәстүр» атты мерекелік бағдарламаны тамашалайды. Концерттік бағдарламаны жоғары деңгейде ұйымдастырған қалалық мәдениет бөлімі (Ұ.Мұстафаева) мен қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы (С.Таңатарова) өнерпаздарына көрермендер риза болған. Дін жолындағы жасөспірімдер жатқа оқыған Құран мен хадистер көпшілік көңілінен шықты. Түйе, ат арбалар сап түзеген «Жібек жолы» көш керуені орталық базардан Тәуке хан даңғылымен Есім хан алаңына қарай бет алған. Ондағы қазақтың айбынды хандары мен билерінің, батырларының сомдалған бейнелері, ұлт аспаптарымен сазды әуені төгілген өнерпаз қыз-жігіттер, бір-біріне игі тілектер білдіріп, «Айтыңыз құтты болсын!» деп айтқан көрінісі Есім хан алаңында көпшілікке ұсынылған.
Сонымен қонақтар Түркістан сазды-драма театрынан «Ясауи қасіреті» спектаклін, ал ХҚТУ-нің мәдениет сарайынан айтыс өнерін көріп тамашалайды. Қала әкімдігі мен белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков ұйымдастырған ақындар айтысына республикамызға танымал дүлдүл ақындар шақырылыпты. Айтысты «Түркістан» газетінің жауапты хатшысы Д.Жұмабаев жүргізген. Алғашқы жұпта Бекарыс Шойбеков шымкенттік Ақмарал Леубаевамен сайысқа түссе, одан соң шымкенттік Карима Оралова жамбылдық Ахметжан Өзбековпен, шымкенттік Анар Жаппарқұлова қызылордалық Нұрмат Мансұровпен, шымкенттік Маржан Есжанова қызылордалық Мұхтар Ниязовпен айтысты қыздыра түседі. Бір қызығы, бұл айтыстың қазылар алқасы көрермендердің өзі болады. Айтыс «Отан – имандылықтан басталады» деген еркін тақырыпта өтіпті. Айтыстың соңында Кенен атаның ұрпағы Отарбай Оралбаев ақсақал сөз алып, қасиетті Түркістанға және түркістандықтарға арнаған бата-өлеңін оқып береді.
Мерекеге арнайы келген қонақтардың пікіріне құлақ түрсек. Қордай ауданынан келген мешіт имамы Бақыт Байжігітов:
– Есім хан алаңындағы киіз үйлерге айттап шықтық. Үйдің жасаулары көз тартады. Қымыз-қымыран, ағарған молшылық екен. Әлгіндегі Құран, хадистерді күннің суығына қарамай сырт киімдерін шешініп тастап айтқан жасөспірімдерді көргенде, Отанды сүюге, имандылыққа тәрбиеленіп жатқан ізбасарларымыздың барлығына тасып, толқыдық. Ал, Асанбай ата» имандылық асханасына көңіліміз толды. Мұндай асханаларды еш жерден көрмеп едім, – деп ағынан жарылыпты.
Бұдан бөлек Қызылордадан келген топтың жетекшісі Айтбай Ыстықбаев:
– «Түркістан Құрбан айтқа шақырады» атты іс-шаралар көкейімізден шықты. Осы игі шараның басы-қасында жүрген азаматтарға, бізді осында жеткізуге атсалысқан туристік фирмалардың басшыларына Алланың нұры жаусын! – деген ыстық тілегін жеткізген.
Сонымен қорыта айтқанда, мерекелік шара кешкісін түрлі-түсті жарықтармен безендірілген Есім хан алаңында мерекелік нұр шашу себелеп, Жаңа жылдық бағдарламамен жалғасын тапқан. Ұйымдастырушы туристік фирмалар – Алматы қаласынан «Жібек жолы» компаниясы ЖШС мен Түркістан қаласынан «Иассы-Сауран» ЖШС-не келген қонақтардың алғысы шексіз, ал зиярат етуге келген меймандардың Түркістаннан алған әсерлері ұшан-теңіз. Айтулы қос мереке көңілдерді асқақтатып, Түркістанның мерейін тасытып, жоғары деңгейде аталып өтілген.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.