БАСПАСӨЗДЕГІ ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

937 көрілім

Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Мерзімді баспасөз бетіндегі терминдердің бүгінгі қолданысы» атты онлайн-семинар өтті. Бүгінгі жаңа заман, жаңа ғасыр ғылымның алдына жаңа міндеттер қойған шақта тіл де жаңа заманға лайық дамуды қажет етеді. Осы мәселеге байланысты семинарда ғалым, ф.ғ.к. Н.Мансұров баяндама жасап, бүгінгі басылым беттеріндегі терминдердің қолданысындағы ерекшеліктерге тоқталып өтті. Ұлт жанашыры А.Байтұрсынов айтып кеткен «Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, жұрттың білімді, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады» дейтін ойлары күні бүгінге дейін құнын жоймағанын мысал етті. Сонымен қатар, Н.Мансұров баспасөз тілінде қолданылған сөздер мен сөз тіркестерін бүгінгі еліктегіш жұрт үлгі етіп алуға ұмтылатынын, сондықтан баспасөз тілі – тіл тазалығын сақтау үшін маңызды құралдың бірі болуы тиіс екенін атап өтті.

ХХІ ғасыр басындағы ғаламдық ғылымның жетістіктері арқылы тілдің де жаңаша қалыптасуы орын алатыны белгілі. Бұл ретте жаһандану үдерісінің жаңа жетістіктері ретінде техникалық терминдердің қолданысы сөз етілді. Мұнда БАҚ бетінде терминдердің жиі белең ала бастауын автор өзекті мәселе ретінде көтерді. Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алғалы бері айналымға ене бастаған діни сипаттағы терминдердің де баспа бетінен жиі көріне бастауы тақырыпты кеңейте түсті. Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынтықтыру мүмкін емес, адамның табиғаты сол – кез келген нәрседе үлгіні қажет ететіні сияқты баяндамашы әр саладағы басылымдар бойынша нақты мысалдар келтірді.

Танымы терең мәселелерді талқыға салған бұл семинар қатысушылардың пікірін тыңдап, бірлікте ой бөлісумен жалғасты. Ақпарат орталығының басшысы Т.Бейсенов бүгінгі баспасөз бетіндегі терминдердің сипаты жайында ойын ортаға салса, аударма орталығының директоры Р.Ашимов терминдер сөздіктерін дайындауда кететін кемшіліктерді атап кетті. Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Б.Шишман кей терминдердің басылым бетінде дұрыс қолданылмауынан сөздердің мағынасы өзгеріп, мүлде басқа сипатқа ие болатынын айтты. Одан өзге кез келген саланың өз термині болатынын және оны қолданысқа ендіруде дұрыс шешім болуы жөнінде онлайн байланысқан басқа да ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Семинар соңында университеттің ғылыми-зерттеу істері жөніндегі вице-президенті, профессор К.Беркімбаев онлайн-семинардың ауқымдылығын атап өтіп, оған белсенді қатысқан ғалымдарға ризашылығын білдірді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы