ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ: МАМАНДАР ПІКІРІ

1  158 көрілім

Иә, бүгінде халықтың ортақ әңгімесінің тақырыбы «қашықтықтан оқыту» туралы өрбуде. Осыған орай, біз білім ошақтарының информатика пәнінің мұғалімдері мен осы саланың мамандарымен ватсап желісі арқылы хабарласып, қашықтықтан оқытудың қалай өтіп жатқаны, «ZOOM» бағдарламасының тоқтатылу себебі, бүгінгі таңда программист мамандарына артылып отырған жауапкершілік жүгі туралы сауалдарымызды қойдық.

Талғат Шегенбаев, қалалық Адами капиталды дамыту бөлімінің информатика пәнінің әдіскері: – Қалалық Адами капиталды дамыту бөліміне қарасты 39 мектеп (32 мемлекеттік, 6 жекеменшік, 1 кешкі мектеп) қашықтан оқыту жүйесі бойынша жұмыс жасауда. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласы бойынша 42 424 оқушы IV-ші оқу тоқсанын қашықтықтан оқуда. Оларға 4058 мұғалім қашықтықтан сабақтарын жүргізуде.

Қашықтықтан оқыту бағыты бойынша ТВ телеарналардан оқушыларымыз 10 минуттық видео сабақтарды пайдалануда, қосымша Дарын онлайн және білімленд платформаларының сабақтарын қолдануда. Сонымен қатар, телеарналар мен платформада жоқ қосымша пәндерді ютуб каналдарынан жүктелген сабақтардың сілтемелерін алып жаңа сабақтарға пайдалануда.

Ал, жалпы сыныппен әр пән мұғалімдері ватсап чаттарда жұмыс үйлестіруде. Яғни, тапсырмалар беріліп, кері байланыс орнатуда.

Мұғалімдеріміз 2018 жылдан бері «Kundelik.kz» сайты арқылы бірыңғай электронды күнделікті қолдануда. Сондықтан, электронды журналды жүргізу І, ІІ, ІІІ тоқсандарда «Kundelik.kz» сайты арқылы жүргізілгендіктен Түркістан ұстаздары үшін ІV тоқсанды да осылай жүргізген тиімді болып отыр.

Ал, онлайн сабақтарды ұйымдастыру дұрыс жүйе болғанымен, оқушылар үшін қазіргі таңда тиімсіз (ZOOM, classroom, Jitsi meed және т.б.) болып отыр. Себебі, сабақ уақытында барлық оқушының интернет желісіне қосылуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, 3-4 мектеп оқушысы бар көпбалалы үйдің ата-анасында ғана смартфон болуы мүмкін. Оның үстіне, тағы ата-ана үшін тиімсіздігі, смартфондарға арналған 1 айлық тарифтері бірнеше сабақтардан кейін таусылып қалуы жиі орын алуда.

Мектептердегі компьютерлер мен ноутбуктер мұғалімдер мен оқушыларға уақытша пайдалануға ұсынылды. Атап айтсақ, кажет еткен мұғалімдерге 312 компьютер, ал, окушыларға 452 дана компьютер берілді. Алғашқыда оқушылар тарапынан компьютер сұрағандар көп болатын. Кейін оған қосатын интернеттері жоқ болған соң қажет емес деп бас тартты.

Дегенмен, кейбір мектеп ұжымдары өздері ұйымдастырып смартфон және интернет тарифтерін төлеп берді. Соның ішінде, Ғ.Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебінің 20 жыл бұрын бітірген түлектері осындай жақсылықтар жасады.

Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектеп ұжымы 1 оқушыға демеушілік жасап, интернет трафигін қостырып берсе, №26 жалпы орта мектептің бір мұғалімі демеушілік жасап өз оқушысына үйіндегі смартфоны мен интернет трафигін қосып берген.

Сондай-ақ, №27 жалпы орта мектепте де 1 отбасыға 1 смартфон мен трафик косып берілген. Осы мектеп ұжымы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға материалдық жағынан көмектесіп, смартфон және тарифін де қосып берді.

Иә, білім ошақтарында жағдайы төмен бір-екі отбасылар болады, ондай мәселені мектеп ұжымдары өздері шешуде. Бұл мектеп ұжымдарының ұйытқы болуымен жасалынып жатқан игі тірліктер.

Жадыра Қожабекова, Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің IT маманы: – Бүгінгі таңда қашықтықтан оқыту компьютерлік және интернетте оқыту технологиялары ретінде саналып отыр. Заманауи технологиялар мыңдаған шақырым бөліп тұрған мұғалім мен оқушы арасын байланыстырушы болып табылады. Оқыту интернет желісінде және басқа да заманауи байланыс құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.

Қазір оқушылар көбінесе «WhatsApp», «YouTube», «bilimland.kz», «daryn.online. kz» платформаларын пайдалану арқылы қашықтықтан оқып жатыр. Қашықтықтан оқыту кезінде интернет желісінің баяулығы ғана байқалады. Оқушылар өздеріне қосымша «Балапан», «Ел арна» телеарналарының да сабақтарын пайдалануда. Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан да 1-6 сыныптарға сабақ кестесі қойылып, оқушылардың пайдалануына ұсынылды.

Менің ойымша төртінші тоқсанда барлық оқушылар тек мұғалімнен ғана емес жан-жақты телебағдарламалар, бірнеше интернет ресурстары арқылы өз білімдерін жетілдіруде.

Мектептерде «zoom» бағдарламасын пайдаланып жаткан жоқпыз. Өйткені, «Zoom» бағдарламасы онлайн болғандықтан қиындық туғызды. Оқушылардың барлығында смартфон болмауы және үй жағдайында интернет желісі толық қосылмағандықтан «Zoom» бағдарламасы қолжетімсіз болды. Сондықтан сабақ онлайн түрінде емес қашықтықтан оқытылып жатыр. Онлайн тікелей эфир алдында оқушыларды жинап алып оқытады. Ал қашықтықтан оқытуда оқушыларға ресурстарға тіркеліп, сондағы тапсырмаларды орындап, баға алады.

Мадихан Искаков, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының IT маманы: – Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған кезеңінде «Қашықтықтан оқыту жүйесі» мұғалім мен оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады. Алайда толыққанды қашықтықтан оқуға алғашқыда қиындықтар туындағанымен ақырындап бір жүйеге қалыптасуда.

Мектебіміз екі ауысымда, яғни 8:30-да (мектепалды даярлық топ және 1-9 сыныптар), 14:00-де (10-11 сынып оқушылары) қашықтықтан білім алуда. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары «Балапан», «Ел арна» телеарналардағы сабақтарды қолдануда. Қосымша «DARYN-ONLINE», «BILIMland.kz» онлайн платформаларын қолданып отыр. Мектептің «YouTube» каналына мұғалімдер бейне сабақтарын жүктеп, сілтемелерін оқушыларға «WhatsApp» арқылы жіберіп отыр. Мұғалімдер «Kundelik.kz» электронды журналын толтырып, «WhatsApp» мессенджерлерін қолданып оқушылармен кері байланыс орнатуда.

Мектеп директорының мектеп әкімшілігімен апталық лездемесі, сынып жетекшілері мен тәрбие ісі орынбасарларының апталық жиналыстары «ZOOM» бағдарламасы арқылы жұмыс жүргізілуде.

«ZOOM» бағдарламасын қолданушылардың көптігіне байланысты, сабақ барысында техникалық ахуалдардың жиілігіне байланысты тиімсіз болды. Нақтырақ айтсақ, сабақтың үзіліп кетуі, кейбір қолданушыларды конференциядан шығарып жіберуі «ZOOM» бағдарламасын қолданбауға себеп болып отыр.

Иә, бізге үлкен жауапкершілік жүктелген, мектептің электронды күнделігінің жұмысын атқару, бүкіл электронды оқу платформаларымен жұмыс жүргізіп, зерттеп мұғалімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Біз өз мамандығымыздың жауапкершілігі мол екендігін түсініп және осы қиыншылықты бірлесе жеңіп өтеміз, – деген ойдамыз.

Серік Данышбаев, TOO «DS Group» компаниясының бас директоры: – Біздің компаниямыз, TOO «DS Group» IT саласында, бағдарлама, мобильді қосымша жасау және де видеороликтер түсірумен айналысамыз. Қашықтан оқытуға келетін болсақ қазір ешқандай шектеу қойылып жатқан жоқ, оқушы мен мұғалімдерге ыңғайластырып жатыр. Мен өзім қашықтықтан оқытуға араласып, қатынасқан жоқпын. Жалпы әлемдегі көп мемлекеттер, оның ішінде біздің мемлекетте онлайн оқыту жүйесіне толық дайын емес еді. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты мәжбүрлі түрде өтуге тура келді. Бірақ басқа мемлекеттермен салыстырғанда бізде онлайн оқуға өту салыстырмалы түрде қарқынды келе жатыр. Мысалы: білім беру платформалары, телеканал арқылы сабақ, мессенжерлер арқылы түрлі технологияларды жақсы пайдалануда. Енді, «ZOOM» жүйесіне келетін болсақ, бұл программа біріншіден тек интернет арқылы істейді, екіншіден интернет трафикті көбірек жейді. Егерде «ZOOM»-нан бас тартып жатса, басқа да программаларды пайдалануға болады. Мысалы: «skype», «mircosoft online learning» т.б да жолдары өте көп.

Мен ұсынатын инструменттер: 1. «Google classroom» бағдарламасы бұл программаны пайдаланса, сабақ бере алады, баға қоя алады және т.б. 2. «Instagram» желісі арқылы, тікелей эфирде сабақ өтуге болады. 3. «Youtube»-да видео конференцияны пайдалануға болады. 4. «Skype» бағдарламасында ұсынуға болады.

Осындай жаңа технологиялық инструменттерді пайдаланып сабақ өту мүмкіндіктері бар. Қазір біздің кейбір мобильді операторлар «Instagam», «Youtube» желілеріне интернет трафигін алып жатқан жоқ.

Тілші түйіні: Қалай болғанда да, еліміздің оқушылары жаңа жүйе бойынша білім алуда. Қазіргі таңда түрлі сын-ескертпелердің айтылып жатқаны бар. Себебі, төтенше жағдайдың салдарынан еш дайындықсыз көштік. Бастысы – оқушылар білім алудан қол үзбеу керек.

Қалай болғанда да, қол жетімді барлық мүмкіндікті пайдаланып, үлкен жауапкершілікпен осы қиыншылыққа мойымай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе еңбек атқарып жатқан ұстаздарға сәттілік тілейміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы