«Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым». Бұл – Кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросянның шахмат туралы сипаттамасы. Ал американдық танымал публицист Ричард Бахтың «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау» деген сөзін ескерсек, адамның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға шахматтың пайдасы көп екенін аңғарамыз. Жалпы әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі болып саналады. Ежелден жеткен аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып үндістандық математик ойлап тапқан деседі. Шахмат сөзінің мағынасы патша (шах) өлді (мат) дегенді білдіреді екен. Мүмкін содан болар, жаһандағы айтулы саясаткерлер мен ел әміршілері шахмат ойнап, табысқа жете білген.
Енді мына қызыққа зер салыңыз. Бүгінде халық санының артуынан кедейшілік деңгейі өсіп, қазіргі таңда ең үлкен мәселеге арқау болған Үндістан бүгінде шахматтың отаны. Дәстүрлі түрде өтетін олимпиадалар осы елдегі шахматтың дамуына үлкен серпін берді. Үндістан қазір белсенді шахматшылар қатары бойынша да, жас дарынды шахматшылар саны бойынша да ең ірі шахмат державасы. Тиісінше, Үндістан түрғындары ойнап қана қоймай, ойынды тамашалағанды ұнатады. Осы нарықтың арқасында әлемге «генийлер отаны» ретінде танылып үлгерді. Десе де, біздің қоғамның да бұл ойынға деген қызығушылығы жоқ емес. Қазақ шахматшыларының әлемдік аренада ойып алар орны бар. Шахмат арқылы еліміздің атын танытып жүрген спортшыларымыз да қаншама?! Алайда Түркістан шахматы қай деңгейде, осы саладағы ең өзекті мәселенің мәнісіне үңілмек ниетте, халықаралық шахматшы, тәуелсіз жаттықтырушы түркістандық Қуанышбек Джумадуллаевпен сұқбаттасып, әңгімеге тартқан болатынбыз. Біз барғанда Қуанышбек ағай Нұрислам есімді 7 жасар шәкіртін Орта Азия чемпионатына дайындап отырды. Сұқбатты шахмат тақтасы жайылған үстел үстінде жүргіздік.
«ШАХМАТ – АҚЫЛДЫҢ АЗАБЫ»
Қуанышбек ағай, бірінші шахмат деген ұғымға анықтама берейікші. Кәсіби шахматшының түсінігінде бұл ойынның мәні қандай?
Біріншіден мен шахматқа «ойын» ретінде қарамаймын. Ойын дегеніміз шахматқа тағылған айып. Себебі, ойын – тек құмарлық, дене қозғалысы немесе жеңіл ұғымды білдіретін секілді. Мен шахматты бәрінен биік қоямын. Мәселен сіз шахматты ойнай білсеңіз, логикалық байланысыңыз бен интеллект қатар дамиды. «Шахмат – ақылдың азабы» деген керемет сөз бар. Астарына үңілсек терең мағана береді. Яғни шахматқа тек «ойын» деп қарап, соның шеңберінде ғана баға бергеніміз үлкен қателік. Ал жалпы шахмат кез келген адам оңай меңгере алатын дүние емес. Егер оның түбіне жеткің келсе, өз ережесіне сәйкес не «шах» боласың, не «мат» боласың. Бір қызығы, өмір де тап солай, шахмат тақтасы секілді ақ пен қараның айқасынан тұрады. Егер қарсыласыңнан екі есе айлалы боламасаң біттім дей бер. Бұл ойынға патшалардың қызғатыны содан. Яғни, қарсыласын айламен, ақылмен арбап жеңгеннің ләззаты бөлек. Тұтас алғанда, шахмат бұл – кішігірім әлем. Өзінің азабы да, тозағы да, атағы да бар. Бірақ азабы көптеу секілді.
Азабы көптеу дедіңіз, тарқатып көрелікші. Олай деуіңіздің түпкі мәні не, сізді азапқа салатын қандай жайт?
Шахмат тақтасы қаншалықты құдіретті болса, қарсылас үшін соншалықты қауіпті. Яғни жеңіліп тұрғаныңды біле тұра соңғы сәтте мат қоюың ықтимал. Сондықтан бұл ойында «жеңілдім-ау» деген сөз жоқ. Әрбір секунд сенің еншіңдегі жеңіс болуы мүмкін. Ал оның азабы қай тарапқа түседі, білесіз бе? «Екі тарапқа да бірдей» деп жауап берсем таңқалатын шығарсыз. Бірақ бұл рас. Себебі шахматта ұтқан да, ұтылған да бірдей соққы алады. Мінездің әлсіздігі әдетте шахматта көрінеді. Егер сенде мінез болмаса қанша тырысқаныңмен «мат» қоя алмасың анық. Мысалы тегеурін мен мінез көрсете алмайтын талай мықты шахматшыны көрдім. Өкінішке қарай, олар басқа бағытқа бұрылды. Ал мінезі барлар қоғамдық өлшемге сыймағандықтан көпке жақпай қалады. Олар жеңілгісі келмегендіктен емес, шалыс басудан сескенеді. Нәтижесінде, ой азабына түсіп, бөлек кетеді. Түсінесіз бе, физикалық тұрғыдан моральдық азап адам үшін ең үлкен соққы. Мүмкін содан шығар, әлемдегі небір данышпан, генийлардың шахмат тақтасын ермек қылып, хоббиге айналдыратыны. Олар ой азабын солай жеңетін секілді. Ал нағыз шахматшы қалай жеңеді? «Мат» қою арқылы ма? Жоқ, өзі сол азаптан қашып келді емес пе? Бұл сауалға өзімде нақты жауап бере алмаймын. Себебі жауабын әлі тапқан жоқпын. Бір білерім, мінезді шахматшы ешқашан «мат» қоюдың ләззатынан бас тартпайды.
Шахматқа деген махаббатыңыз тым бөлек екен. Ең алғаш шахмат тақтасымен қанша жасыңызда таныстыңыз? Бала кездегі Қуанышбек басқа неге әуес болды?
Мен шахматшылар әулетінде дүниеге келдім. Ес білгелі ақтар мен қаралар жүрісін көріп келемін. Әкем Абсадық Джумадуллаев Түркістанға белгілі шахматшы болған. Біраз лауазымды қызметте істеді, абыройлы болды. Әкемнің лауазымды қызметінен гөрі, шахматқа деген әуестігі есімде қатты сақталыпты. Шахмат жанашыры болды. Үйде тоғыз ағайындымыз. Барлығымыз бала кезден шахматқа әуес болдық. Тіпті ағаларым шахматты жақсы ойнайтын. Алайда, осы саланың түбін қуып, бүгінге дейін ізінен қалмай келе жатқан өзім ғана. Шахматты жақсы меңгергенімнің арқасында талай жақсылық көрдім. Сәйкесінше, көп жерде сатқындыққа да куә болдым. Шахматты меңгерген адамның абсолютті тұрғыда интеллекті дамитынын түсіндіріп отырмасам да болатын шығар. Соның салдарынан кей тұста, кішігірім қулық пен сатқындықты сезіп қоятыным бар. Бірақ мен сонда да үмітпен қарауды, сенім артуды жоғалтқан емеспін. Менің жастық шағым өте құнды естеліктермен өтті. Оның әрбір минутында шахмат бөлшектері бар. Қазақстандағы оқуымды аяқтағаннан кейін, арман арқалап Мәскеудің ММУ-не түстім (Мәскеу мемлекеттік университеті). Сонда байқағаным, Ресей қоғамы шахматқа ерекше көзқараспен қарайды екен. Мен оқыған жылдары қазаққа танымал небір ақын-жазушылар болды. Мәскеуде олармен жақын араластым. Көбісі шахмат ойнайтын. Олар елде сонша танымал болса да, Мәскеуде ешкім емес еді. Бір жағы ойлап қарасаң трагедия секілді көрінеді. Бірақ бұл шындық. Сен шығармашыл тұлға болсаң өз еліңе ғана керексің, ал шахматта ереже сәл басқаша. «Мат» қойған күні сенің есімің әлемге танылуы әбден мүмкін. Бұл салыстыру емес, шындық. Мүмкін содан шығар Ресей қоғамы реалды өмірге тура қарайтыны. Мен мұнымен Ресей жақсы деп айтпаймын, олардың мүмкіндікті пайдалана алатынын және интеллектуал адамдарды бағалайтынын жеткізгім келді. Ал шын мәнінде, оларды пір тұтсам, Қазақстанға оралмас едім.
«КӨМЕК ҚАЖЕТ»
Ең алғаш сіз туралы естігенде, интернеттен ақпарат іздедім. Өкінішке қарай, көп мәлімет таба алмадым. Тек сіздің 16 шахмат кітабының авторы екеніңізді, бірнеше халықаралық онлайн шахмат жарыстарына қатысқаныңызды шығарды. Неге сіз туралы деректер өте аз? Оның себебін «Ресей қоғамы реалды өмірге тура қарайды» деген сөздің астарынан іздесек бола ма?
Шахмат туралы екі тілде бірнеше кітап жазып шығардым. Көбісі сатылымда, ұлттық кітапханаларда. Мен өзім публиканы онша ұната бермейтін адаммын. Өз тіршілігім өзімде, өзім құрған жоспар бойынша ғана әрекет етемін. Тіпті мына смартфонды пайдалануды жөнді білмеймін. Білуге тырысқан да емеспін. Маған оның түкке де қажет жоқ. Алайда скайп арқылы бірнеше шәкірт тәрбиелеп, халықаралық жарыстарға қатысып тұрамын. Маған керегі әзірге сол. Менімен сұқбаттасып отырған алғашқы журналист сізсіз. Осы уақытқа дейін БАҚ-пен байланысу қажеттігін ұғына бермегендіктен, өзіме көп жарнама жасамаған шығармын. Бірақ дәл қазір маған көмек қажет. Осы жасқа келгенде көмек сұрауға мәжбүрмін. Өзім үшін емес. Мына 7 жасар (ол өзінің онлайн шахмат ойнап отырған шәкіртін нұсқады) түркістандық генийдің болашағы үшін. Өзім алақан жайғанды, біреуге борыштар болғанды, үкіметке қарағанды жек көрем. Сол себепті тәуелсіз жаттықтырушы болдым. Бүгінге дейін өз қаржыма түрлі жарыстарға қатыстым. Алайда, дәл қазір оған мүмкіндігім болмай тұр. Нұрислам өте талантты бала. Ол секілді бала Түркістанда болған емес. 6 жасында Ташкентте болған Орта Азия чемпионатына барып, екінші орын алып келді. Нұрисламды әкесі екеуміз жетектеп апардық, қаржысын өзіміз көтердік. Бірақ осы жылы желтоқсанда Дубайда тағы да үлкен чемпионат болады. Енді оған қомақты қаржы керек. Нұрисламның болашағынан көп үміт күтетін болғандықтан маңызды сәтте жанында болуды парыз санаймын. Алайда қалтамның тарлығынан мүмкіндіктен айрылатын жайім бар. Ал жергілікті билік тәуелсіз тренер болғандықтан мені қаржыландырудан бас тартып отыр. Бірақ сонда да үмітімді үзгім келмейді. Мүмкін сіздердің ықпалдарыңыз тиіп қалар. Мен жүрген жолды, көрген кедергіні Нұрислам көрмесе екен. Болашақ данышпанның жолы жеңімпаздың жүрісі секілді мінсіз болса деймін. 2018 жылы Түркістанға келгендегі ең басты мақсатым, осы секілді талантты балаларды зияткерлік ойынға баулып, тәрбиелеу болатын. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмады…