Спорт – қашан да ел тарихындағы басты тақырыптардың бірі. Халықты салауатты өмір салтына баулуда, ел дамуына спорттың үлесі өлшеусіз. Себебі, аталмыш сала тарапынан жасалып жатқан келелі істер кемел келешекке бастайтын даңғыл жол болатыны анық. Ендеше, киелі шаһардағы спорт саласында биыл қандай жаңалықтар мен жетістіктер бар? Қолға алынған ілкімді істердің нәтижелері туралы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Асилбаев баяндаған болатын. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне қатысты біршама тапсырмалар берген болатын.
– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бүгінде киелі шаһарда бұқаралық спорт саласында үлкен мүмкіндіктер пайда болғаны баршаға аян. Марат Асилбаевтың айтуынша, биылғы жыл шаһарда спорт саласы бойынша айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Тарқатып айтсақ, 2023 жылдың 9 айында қала көлемінде 30 спорттық іс-шара өткізілген. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, 2022 жылы 25 спорттық іс-шара өтіп, оған қатысушылар саны 8421 адамды құраған. Ал биыл бұл көрсеткіш 9654 адамға өскен. Бұлардың ішінде дәстүрлі түрде өтетін Түркістан қаласы бойынша кіші футболдан «Әуесқой Футбол Лигасы» бар. 2023 жылғы күз-қыс маусымындағы ойындар көпшілік асыға күтетін әрі тұрғындардың да ерекше ықыласына бөленген жарыс деуге болады. Бүгінгі таңда қыркүйек-желтоқсан айларына жоспарланған жарыс «Тұран» жабық манежінде өтуде. Сонымен қатар, биылғы жылдың тағы бір көлемді іс-шарасына 6 сектор аймағын қамтитын мектепаралық күзгі-қысқы «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты оқушылар арасындағы спартакиаданы жатқызуға болады. 3 қазан мен 13 желтоқсан аралығында өтіп жатқан бұл іс-шараның маңызы ерекше.
– Балаларды жастайынан спортқа баулып, салауатты өмір салтына тәрбиелеу керек. Себебі, балалар кішкентай кезінен дене шынықтырумен айналысса, болашақ чемпиондардың шығатына күмән жоқ. Мұнымен қоса Түркістан қаласының сектор тұрғындары арасында «Толағай» отбасылық сайысын өткізіп келеміз. Бұл балалармен қоса отбасы мүшелерін тәрбиелік мәні зор іс-шараларға тартуды көздейді, – дейді бөлім басшысы.
Халықтың белсенді, салауатты өміріне ықпал ететін тағы бір жақсы бастаманың бірі – марафон. Бұған дейін түркістандықтар қала төрінде өткен бірнеше марафонға куә болды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, «Turkistan Marathon – 2023» халықаралық марафоны қазан айының аяғына жоспарланған болатын. Алайда, Қарағандыдағы қайғылы хабардан соң аза тұту күніне байланысты бұл ауқымды іс-шара кейінге қалған болатын. Әрине, жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстар жетерлік. Жауапты мамандардың тындырымды істері өз нәтижесін береді деп сенеміз. Әсіресе «TURKISTAN CUP – 2023» футболдан республикалық турнирі тұрғындар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыратын айтулы жарыс болатыны сөзсіз.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қаласында статистикалық есеп бойынша 252 спорт нысаны бар. Атап айтсақ: Олимпик центр және Мұз сарайы секілді спорт сарайлары, ХҚТУ, О.Жарылқапов, Түркістан Арена стадиондары, Бокс Федерация, Б.Шолақ, №4 БЖСМ, Халықаралық туризм меймандостық академиясы спорт кешендері, 150 ойын алаңдары мен 18 теннис корты, Спорт сарайы, Су спорт кешені, Акваланд су кешені, Шипа су бассейні, ХҚТУ бассейні, Нұрасыл бассейні, Rixos қонақ үйінің бассейнін қосқанда 6 жүзу бассейні және 69 спорт залдары бар. Мұның бәрі қазіргі таңда халық игілігіне жұмыс жасауда. Елеулі жетістіктің бірі деп ойын алаңшаларын атауға болады. Дәлірек айтсақ, шаһарда жасанды, төсенішімен салынған 64 ашық алаңша бар болса, қазіргі таңда алаңшалардың саны 112-ге көбейген. Ата-бабамыз «Тәні саудың-жаны сау» деп бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасында темекіге, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та өршіп барады. Ал салауатты өмір салтын қалыптастыру осы олқылықтардың орнын толтырады деп нық сеніммен айтуға болады. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Спорт — барлық тәрбие атауының бір саласы. Спорт арқылы «бірінші байлықтың» бағасын арттыруға болады.
– Қала бойынша іске асып жатқан спорттық додалардың басты мақсаты – тұрғындарды дене шынықтырумен айналысуға үндеу. Азаматтар арасында өзара достық қарым-қатынасты қалыптастырып, жасөспірімдерді бос уақыттарын тиімді пайдалануға жұмылдыру болып табылады. Мұнымен қоса олардың есірткі, басқа да зиянды әуестерден аулақ болып, жақсы әдеттерге үйір болуын жүзеге асыруға ықпал ету – бізге жүктелетін ең үлкен міндет. Айта кетерлігі, сала бойынша барлық іс-шаралар қала әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтеді. Алдағы уақытта тәжірибеміз бен барлық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, қаланың дамуына үлес қосып келеміз, – дейді М.Асилбаев.
Осы орайда, Түркістан қаласындағы спорт саласының даму көрсеткіштерін тізбелеп көрсек. Халықтың 1000 адамға инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі өткен жылдың 9 айында 65,3 %-ды құраса, биылғы жылдың тиісті кезеңінде 67%-ды құраған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда өсім 1,7 %% құрап отыр. Ал дене шынықтырумен айналысатын азаматттардың санын жалпы халықтың 50%-на дейін жеткізу көрсеткіші 42,11% құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,6%-ға артқан. Жергілікті биліктің тарапынан жасалған қолдау нәтижесінде қала әкімдігі жанынан 2 клуб құрылғанын айта кету керек. Олар – Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубы және «Túrkіstan» футбол клубы. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушылары мен спорт нұсқаушылары бүгінгі таңда қаладағы 48 ашық алаңды бұқаралық спортпен қамтып жатыр. Бұл халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жатқан сала мамандарының елеулі еңбегінің бір көрінісі деп бағаласақ артық емес. Ал «Túrkіstan» футбол клубы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуда. 2008 және 2009 жылы туылған жасөспірімдер ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша 19 команданың ішінде 4 орынды иеленіп Қазақстан Республикасының Кубогына жолдама алды. Дәл осы кезеңге дейін О.Жарылқапов және «Түркістан Арена» стадиондарында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «Túrkіstan» футбол клубы жергілікті кездесулерін Арыс қаласының орталық стадионында, жаттығуларын Кентау қаласының «Еңбек» стадионында өткізіп келген еді. Алдағы уақытта футбол жанкүйерлері қала әкімдігінің жанынан құрылған футбол клубының матчтарын Түркістанда көруге мүмкіндік алады.
Спорт – қай заманда да, қай қоғамда да шекарасы шектеусіз, ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастыратын бейбітшілік ойыны. Қазір тарихи шаһарда аталған салада саңлақтар қатары артып, әлемдік додаларға көптеп қатысатындай деңгейге жетті. Байрақты бәсекелерде топ жарып, Түркістанның атын әйгілейтін азаматтар көп болуын тілейміз. Денсаулығы мықты адам мемлекет байлығы екенін ескерсек, денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану. Сондықтан бүгінгі таңда қаладағы спорт саласына баса назар аударылып, дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға барлық жағдай жасалуда. Осы жауапты жұмысқа белсене кіріскен азаматтарға да толағай табыс тілейміз!
Дәурен ТІЛЕУХАН.