ТҮРКІСТАН: РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАН» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

310 көрілім

Түркістанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Қыран елім – Қазақстан» атты салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Ұлттық мерекенің мәні ашылып, отаншылдық дәріптелді. Шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, облыс тұрғындары мен қонақтарын Республика күнімен құттықтады.

– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлытауда өткен құрылтайдағы шешімінен кейін екінші жылы Республика күні ұлттық мерекесін жаңа мазмұнда атап өтудеміз. 1990-шы жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Егемендік декларациясы – қастерлі Тәуелсіздігіміздің негізі. Бұл күн –елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Бұл – өткен ғасырда азаттық жолында шейіт болған Алаш арыстарының жанкешті еңбегінің жемісі. Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан азаттықтың, осы бейбіт күннің қадірін білу аса маңызды. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру бастамасымен елімізде тың бастамалар қолға алынып, экономикалық, саяси реформалар жүзеге асуда. Түркістан облысы құрылды, Түркістан орталық ретінде қалыптасты. Бес жылда өңірде ауқымды жұмыс атқарылды. Ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, газ, тұрғын үй, білім салаларындағы өзекті мәселелері бар құрылыс нысандарын аяқтау бағытында нақты шешімдер қабылданып, жұмыстар атқарылды. Өңірдің экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті арта түсті. Біз бірлігімізді сақтап, ұлт мүддесі жолында еңбек етуіміз керек. Ұлттық мерекеміз – бірлігіміздің негізгі темірқазығы! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деген Дархан Сатыбалды мемлекетті, өңірді дамытуға үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Қоғамның түрлі саласында еңбегімен дараланған азаматтарға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медалдары мен Құрмет Грамоталары табысталды. Еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

Мерекелік кеш мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Шарада елімізге танымал өнер жұлдыздары мен «Конгресс холл» мекемесіне жаңадан қабылданған өнерпаздардың «Jana Lep!» деп ат берілген жастар толқыны өнер көрсетті. Театрландрылған қойылымдар ұсынылып, қазақтың тарихынан сыр шертілді. Қазақтың ұлттық аспаптарынан күй күмбірлеп, отаншылдық бағытындағы әндер шырқалды.

Түркістан жұртшылығы Республика күнін толайым табыстармен қарсы алды. Бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есеге артты. Биылғы жарты жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 трлн. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 803 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2 пайызды құрады. Ет экспорты бойынша облысы көш басында тұр. Қарқынды бау 5 мың гектарға ендіріліп, жылыжайлар 1640 гектарға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 12 млрд. теңгеге 2 070 жоба қаржыландырылды. Биыл өнеркәсіп көлемі 681 млрд. теңгені құрады (4,7 пайызға артты). Жыл басынан 669 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7%-ға артты. Білім беру саласында мектеп тапшылығын шешу және 5 апатты, 6 үш ауысымды мектептер санын қысқарту мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 нысан салынады. Құрылысы кешіккен 17 мектептің қаржыландыру мәселесі шешіліп, жұмыстар басталды.

Жыл қорытындысымен, мүлдем ауыз суы жоқ 18 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 28 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарлануда. Оның ішінде 8 елді мекеннің тұрғындары ауыз сумен қамтылып, тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылды.

Облыс аумағында біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар еді. Атап айтқанда, құрылысы аяқталғанымен, 33 елді мекен түрлі себептермен табиғи газға қосылмай қалған болатын. Бүгінде 16 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қалған 17 елді мекенді жыл соңына дейін газға қосу жоспарланған. Облыстың экономикалық дамуы қарқынды әрі жоспарлары ауқымды.

Сонымен қатар, қаламыздағы «Рәміздер» алаңында елдің ең маңызды мерекесі 25 қазан – Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Алдымен Әнұран шырқалып, Көк байрақ желбіреді. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ел ағалары, жастар, қала тұрғындары қатысты.

Түркістандағы ту тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр. Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды. Іс-шара «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Республика күні – қазақ халқының мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы болды. Декларация арқылы Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, саяси жолы бекітілді. Былтырдан бастап Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ту көтеру рәсімі өтіп келеді.

Айта кетейік, киелі шаһардағы қала күні де айтулы мерекемен тұспатұс келді. Фараб әмбебап кітапханасында қала күніне арналған «Бақ қонған қалам – Түркістан!» атты мерекелік іс-шара өтті. Киелі қаланың мерейлі мерекесіне арналған салтанатты жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.

–Талай тарихи оқиғалардың көзі болған бұл шаһарда қызмет етудің өзі абырой мен жауапкершілікті жүк. Қазақ хандығының негізі қаланған, ұлт пен ұлыстың алтын ұясы, берік діңгегі болған қасиетті мекен қазіргі таңда түркі елдеріне тұмар, руханиятқа төр болды. Республика күні қарсаңында біз бүгін қаламыздың төл мерекесін атап өтіп жатырмыз. Заман көшінің жетегінде, тарих толқынымен жарға соғылмай, өшпей өрге ұмтылған Түркістан өзінің жаңа дәуірін басынан өткеріп келеді. Бүгінгі асу – ел бірлігінің, ынтымақ пен еңбекқорлықтың, тарихымызға құрметтің жемісі. Қаламыздың дамуында, көркеюінде, гүлденіп түрленуінде әрбіріңіздің үлесіңіз бар. Сіздерге зор құрметпен алғысымды білдіремін! Еліміз аман, заманымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! – деді шаһар басшысы.  Салтанатты жиын барысында сан алуан салада еңбегі сіңген мамандар марапатталды. Атап айтсақ, «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС-нің жұмысшысы Амангелді Сыздықов, «Жасыл-Түркістан» КММ-нің Құрал-жабдық бөлімінің басшысы Болат Қазбеков, Фараб кітапханасының кітапханашысы Гүлназ Ешманова, Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының  директорының орынбасары Қанат Оспан,   Түркістан қалалық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Күлайша Бақылбекова,  сондай-ақ, «Жол қызметі»  КММ-нің қойма меңгерушісі Асқар Баженов, Қ.Сәтбаев атындағы 12 жалпы білім мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлжан Канет, Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Бердашева, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенті Аружан Салхан және Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Құрбанкүл Дөненбаева қаланың өркендеуіне  қосқан өзіндік үлесі үшін марапатқа және сыйлықтарға ие болды.  Сондай-ақ, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы да шаһар дамуына өз үлесін қосқан азаматтарға алғыс хаттар табыстады.

Кеш «Түркістаным – бақ мекенім» бейнежазбасымен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты.  Айта кетейік, аталған кешке қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Оқушылар сарайының  жас таланттары қатысып, өнер көрсетті. Кеш соңында айтулы күннің арнайы қонақтары, эстрада жұлдыздары Жазира мен Жанболат мерекелік ән-шашу сыйлап, қонақтардың ықыласына бөленді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары