Биыл Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне қосымша мәдениет қызметкерлерін алу үшін 100 штат бірлігі берілген болатын. Жаңа жұмыс орындарына мамандар алу үшін арнайы хабарламалар беріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Сондай-ақ Астана, Алматы қалаларына өкілдер жіберіліп, өнер мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында ақпараттық, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде арнайы кастинг жарияланып, алғашқы іріктеуге Қазақстанның әр өңірінен өтініштер түскен. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа өнер ұжымының репертуарын байыту, өнер мен мәдениетте Түркістанның төл брендін қалыптастыру, тың идеяларды жүзеге асыру жолында дайындығын күшейтуді тапсырған болатын.
Руханият ордасына Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Петропавл қалалары мен Түркістан облысының аудандарынан талантты өнер иелері келіп, өз бақтарын сынады. Бүгінде жаңа ұжыммен продюсер, режиссер, сценарист, тележүргізуші Сержан Молдасанұлы тығыз жұмыс істеп жатыр.
Республика күні мерекесінде таяуда ғана жұмысқа қабылданған «Jana lep!» өнерпаздары алғаш рет ұлттық мерекеге арналған «Қыран елім – Қазақстан» атты салтанатты іс-шарасында өнер көрсетті. Мерекелік кеште өнерпаздар әуелете ән шырқап, би топтары да жасындай жарқылдады. Соның ішінде Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Қаңтарбаев, Ғазизхан Шекербек, Ерболат Құдайберген, Сүгір атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы», «Фараб» би тобы, Гүлзина Дөңесқызы, Айзада Асылхандар әннен шашу шашса, Әнуар Қасқабаев, Әмірбек Сымбат, Әлімхан Сымбат, Темір Сұлтан, Дарын Еркінбаев және актерлік құрам, поэзиялық қойылым ұсынды. Дәулескер күйшілер Кенжебек Пірмахан, Сұлтан Бекмырза, Айсұлтан Тоқтар және Бауыржан Садыбеков әдемі күй-тартыс өткізіп, көрерменді дүр сілкіндірді. Оларды оркестр сүймелдеп, жұртшылықтың рухын оятты. Ал бишілер «Бастау» биімен көптің ықыласына бөленді.
Мерекеге орай Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейі қорынан жасақталған «Түркістан – түркілер тұмары» атты көшпелі көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, киелі шаһар облыс орталығына айналғалы тек қазақтың емес, түркі әлемінің мәдени, рухани елордасына айналып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу, өңір мәдениетін дамыту, өнер майталмандарынан құралған шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тапсырма берген болатын. Нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100 маманға кастинг жариялады.
Өнерпаздарға жаңа мүмкіндік ретінде бос жұмыс орындарына алғашқы байқау 14 тамыз күні өткізілген болатын. Оған Қазақстанның әр өңірінен 40-қа жуық түрлі өнер майталманы мен жас мамандар қатысты. Байқауда арнайы мамандардың сараптауымен 27 жас маман іріктелген еді. Қазіргі таңда өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі оркестр, би ұжымы жасақталуда.
Бүгін, яғни, 6 қыркүйекке жоспарланған кастингтің екінші кезеңінде де үміткерлер қарасы қалың. Бұл жолы мамандарды Қазақстанның үздік өнер иелерінен құралған кәсіби комиссия хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыттағы әншілер топтарына іріктеуде. Кастнигке еліміздегі өнер мамандықтарын оқытатын жоғарғы оқу орындарымен байланыс орнатылып, мамандар шақыртылған болатын.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін өтінім берген 40-тан астам үміткер Қазақстанның түрлі қалаларынан және Түркістан облысының қала, аудандарынан келіп, бақ сынауда. Мұнымен қоса, облыс әкімдігінің қолдауымен өңір мәдениетін дамыту үшін материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа өнер ұжымдарына сахналық киімдер мен музыкалық аспаптар алу жоспарланған.