Бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков 9 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2023 жылы өнеркәсіп саласы бойынша 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 4,3 % құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 12,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,5 %-ға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд.теңгенi құрап, өсім 25,6 пайызға, сумен жабдықтау 1,2 млрд. теңгенi құрап, 7,6% пайызға артқан.
Ал осы жылы киелі шаһарға келуші зияратшылар мен туристердің саны 678,5 мың адамға жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 3,1% өскен. Сонымен қатар, 2023 жылы қаңтар-қыркүйек айларында шетелдік туристер саны 6,7 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1% өскен.

Бұдан бөлек шаһар басшысы тұрғын үй және әлеуметтік салаларға да тоқталды. Тұрғындарға қолайлы өмір қалыптастыру бағытында толықтай ауызсумен қамту және қаланы көгалдандыруда жыл бойы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Брифинг соңында Нұрбол Әбдісаттарұлы журналистер тарапынан бірнеше сұрақтарға жауап берді.
– Өздеріңіз білетіндей 9 айдың нәтижесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта халықпен бірлесе отырып айтарлықтай нәтижелерге жетеміз деген ойдамын, – деп қорытындылады Нұрбол Тұрашбеков.
Дәурен ТІЛЕУХАН.