Қытайда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында Түркістан облысының спортшылары да бақ сынап жатыр. Ұлттық құрама намысын қорғаған жерлестеріміз қоржынға жүлде сала бастады.
Алдымен бокстан 92 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сағындық Тоғамбай қоржынға қола жүлде салды. Талантты боксшы Азия ойындарында Моңғолия және Иран спортшыларын жеңді. Жартылай финалда ринг қожайынына есе жіберді. Сағындық – Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы.
Байдарка мен каноэде ескек есуден әйелдердің жұптық сайысында бақ сынаған Ольга Шмелева 500 метр қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. Ольга – Түркістан облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Су спортынан жүлде қоры толығады деген сенім бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы Азия ойындарын өткізудің жаңа мерзімі жарияланды. Бұл жөнінде Азияның Олимпиадалық кеңесі ресми мәлімдеді. Енді Азиада 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында өтуде. Аталған турнирдің өткізу мерзімі негізінде 2022 жылдың 10-25 қыркүйек аралығына белгіленген еді.
Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетіні жоспарланған болатын. Әлемдегі коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты ол кейінге шегерілді.
Өз тарихында 29 мәрте жалауын көтеретін Азия ойындарында 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Оған 45 мемлекет қатысады деп жоспарланған болатын.
Қазірге дейін қазақстандық спортшылар аталған жарыста 1000 медальға қол жеткізді. Олардың 140-ы алтын, 600-і күміс, 260-ы қола.
Жарыс неге Ханчжоуда өтеді?
2015 жылы Азия Олимпиадалық кеңесі 2022 жылы жазғы Азия ойындарын Ханчжоу қаласында өткізуге бірауыздан шешім шығарды. Себебі, Ханчжоумен таласқа түскен өзге мемлекеттер болмады.
Өкінішке қарай, 2022 жылы 10-25 қыркүйек күндері өтуге тиіс болған айтулы шара пандемия салдарынан 2023 жылға ауыстырылды. Бірақ Ханчжоу – 2022 атауы сол күйінше қала береді. Неге күзде өтеді?
Біріншіден, Олимпиадаға лицензиялық жарыстар көп болғандықтан, кедергі болмайтындай тиімді уақытты таңдау қажет болды. Мысалы, тамыз айында байдарка және каноэде есу, жүзу, нысана көздеуден әлем чемпионаттары өтсе, қыркүйек айында ауыр атлетика, күрес түрлері, брейкинг, спорттық гимнастикадан әлем біріншіліктері өтіп, кейбірі жоспарланған.
Екіншіден, Ханчжоуда қыркүйек-қазан айларында аптап ыстық басылады.
Азия ойындарының қандай ерекшеліктері бар?
Ханчжоудағы Азия ойындарында алғаш рет 9 спорт түрінен (Қазақстан 8 спорт түрінен) Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынады. Атап айтсақ, бокс – 34 лицензия, қазіргі бессайыс – 10 лицензия, садақ ату – 5 лицензия, үлкен теннис – 5 лицензия, брейкинг – 2 лицензия, көгалдағы хоккей – 2 лицензия.
Қызықты факт:
Париж Олимпиадасы: 10 500 спортшы қатысады.
Ханчжоу Азия ойындары: 12 000-нан астам спортшы қатысады.
Азия құрлығында халық көп болғандықтан, қатысушылардың көп болатындығы белгілі. Дегенмен, Олимпиададан ерекшелігі – жүлде жиынтығы тек Олимпиадағы кіретін спорт түрлерінен ғана емес, жергілікті халыққа тән спорттар да бар.
Мысалы, 2006 жылы Мұртас Қажғалиев жылдам шахматтан чемпион атанса, 2010 жылы Тимур Намазбаев пен Аманда Баткалова жұбы спорттық билеуден қола жүлдеге ие болды.
Бұдан бөлек ушу, самбо, джиу-джитсу т.б спорттан жүлде алған спортшыларымыз бар.
Сондай-ақ жерлестеріміз боулинг, бодибилдинг, гольф сынды экзотикалық сайыстарға қатысқан.
Қазақстан спортшылары бірінші рет киберспорт (28 спортшы), құзға өрмелеу (12 спортшы), үстел теннисі (8 спортшы), брейкингтен (3 спортшы) жүлдеге таласады.
Ең жас спортшыларымыз көркем гимнастикадан (орташа жасы – 16,6) өнер көрсетеді.
Ал ең егде спортшыларымыз ерлер волейболында (орташа жасы – 29,6) бақ сынайды.