ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН ТАБЫЛДЫ

446 көрілім

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында актер, қазақ ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын…» атты республикалық театр фестивалі өтті. Аталған фестивальге Түркістан музыкалық драма театры Н.Гогольдің «Шинель» спектаклімен қатысып, «Үздік сценография» номинациясын жеңіп алды.

Трагикомедия жанрындағы «Шинель» спектаклінде Н.В.Гогольдің кедей шенеунік Акаки Акакиевич Башмачкиннің өмірін сипаттаған повестінің желісінде сахналанған. Қойылым кедей шенеуніктің шинелі тозуға айналуы салдарынан болған оқиғаларды бейнелейді. Бұл қойылымнан әлсіз, қауқарсыз адамның қатыгез қоғамға қарсы әрекеті арқылы, адами қасиеттерді бағалауды үйренеміз.

Спектакль режиссері – Фархад Молдағали, театрдың көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, пластика режиссері – Шырын Мустафин, педагог-консультант (актер шеберлігі) – Ерлан Карибаев, композиторы – Ербол Нариманұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 21-22 қаңтарында Түркістан музыкалық драма театры Н.Гогольдің «Шинелін» сахналады. Спектакльдің қоюшы режиссері – бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері, есімі көпшілікке жақсы таныс Фархат Молдағали. Ол бұған дейін аталмыш театрда «Фариза» спекталін қойған еді.

Н.Гоголь «Шинель» шығармасында елеусіз шенеуніктің образы арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді. Басты кейіпкер – Башмачкин  өмірінің соңына дейін тіршілік үшін күреседі. Оны кедейшілік пен өзгермейтін бірқалыпты тіршілігі әбден шаршатып, айналасы адам сияқты өмір сүруіне де мүмкіндік бермейді. Мазақтайды, қорлайды, намысына тиеді. Бірақ, ол еш қарсылық көрсетпей, соның бәріне төзнді, көндігеді.  Яғни, адамдардың әлеуметтік деңгейі мінез бен қабілетке де байланысты болатынын аңғармай күн кешеді.

– Күндердің бір күнінде қорлық көріп, адамдардың озбырлығынан жапа шеккен шенеунік ескі шинелін жаңасына айырбастағанда ғана бас көтереді.  Дегенмен, қатігез қоғамның тегеурініне шыдамаған ол өлім құшады. Әрі қарай қиял-ғажайыппен жалғасатын спектакль көрерменге салмағы зіл батпан ой салып кетеді, – дейді режиссер.

Бұл қойылымның басты ерекшелігі – барлық рольдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлері сомдайды. Атап өтсек, Акакий Акакиевичтің рөлінде Айбек Боранбаев, Петровичтің рөлінде Қадыржан Төреханов, Софья Федоровнаның рөлінде Айя Дәрібаева ойнайды. Сонымен бірге, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Мұзафар Ғалымжанұлы секілді театрдың жас актерлері мен балет әртістері де қойылымға қатысады.

Осы орайда спектаклдегі биді қойған режиссер Шырын Мұстафина, педагог-кеңесші Ерлан Кәрібаев, композитор Ербол Нариманұлы, қойылымның суретшісі  Нұрлан Төлешов, театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова сынды өнер шеберлерінің де «Шинель» спектаклін дайындауға үлкен үлес қосқанын айта кету керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы