ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?

263 көрілім

Алда Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тыл ардагерлерінің, 7-мамыр Қазақстан Отан қорғаушылар күні мерекесі келе жатыр. Биліктегілер осы мереке қарсаңында ғана қан кешкен қарттар мен жеңісті жақындатқан ақжаулықты аналарымызды еске алады. Шақырып алып дастархан жайып, азық-түлік себетін қолына ұстатады. Сонымен «іс бітті, қу кеттінің» бір күндік әрекеті болып шығады.

Бүгінгі таңда әулиелі, киелі рухани астанамыз облыс орталығы Түркістан қаласында 250 мыңнан астам халық тұрады. Олардың межелі жеріне барып тұруларына қала бойынша 18 бағытта автобустар жүреді. Бұдан біраз уақыт бұрын жолаушыларды автобуспен тасуда жеңілдіктер бар болатын. Атап айтқанда, «Жолаушы» серіктестігінің басшылығы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге, оған теңестірілген азаматтарға, мүгедектерге көп балалы батыр аналарға, 14 жасқа толмаған оқушы балаларға автобуста жыл бойы жүріп-тұруы тегін болатын. Мекеме басшысы Рахым Көлбайұлына мың алғыс!

«Жолаушы» серіктестігінің әкімшілігі «Мұндай қамқорлық Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы тұрғындарға көрсетіліп келеді. Соңғы жылдары бағаның шарықтап өсуіне байланысты ма, бұл мәселені қала әкімшілігімен шешіңіздер» деген ұсынысын жеткізді. Әрине, Рахым Тәңірбергенов бұл мәселені дұрыс айтып отыр.

Қаламызда отызға жуық орта мектеп, бірнеше жоғары оқу орны бар. Оларда кемі 30 мыңдай жастар оқып, білім алады. Олардың тауып жатқан табыс көзі жоқ. Ата-аналарының қалтасын қағып, зейнетақысынан олжалайды. Бұл, әрине нарық заманында ата-анаға, отбасына қиыншылық әкеледі.

Жақында Қарағанды қаласының әкімі мектеп оқушылары мен 18 жасқа толмаған жастарды автобустарда тегін жүру туралы шешім шығарды. Бәрекелді, рахмет. Өркені өссін! Алла разылығына бөлене берсін!

Рухани астанамыз Түркістанда мыңдаған жастар білім нәрімен сусындауда. Мәдени, киелі, әулиелі қаламыздың әкімі Нұрбол Тұрашбеков мырза қамқорлық ниетпен мектеп оқушыларына, 18 жасқа толмаған жастардың автобустарда тегін жүру мәселесін шешу туралы шешім қабылдаса, қала халқының алғысына, ел игілігінің ризашылығына бөленер еді.

Биылғы жылы тек бірінші сыныпқа баратын екі мың оқушы бар. Бұл қамқорлық тұрғындарға көзден ұшып, ғайып болды. Себебі не? «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері ме?!

18 бағыттағы автобустардың бірде-бірінде бұрын іліп жазылып қойылған халыққа деген қамқорлық ізім-қайым жоқ. Мысалы Алматы, Шымкент қалаларында қарттар, көп балалы аналар жүргізушіге куәліктерін көрсетсе, жолақы алмайды. Оқушыларға да сондай. Біздегі жағдай қандай? Оны Түркістан қалалық жолаушылар мен жол құрылысы бөлімінің басшысы Арман Оспановтан сұрайық. Не дер екен?

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы