ЫСТЫҚ ТАМАҚҚА ҚАРАЛАТЫН ҚАРЖЫҒА ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ ПА?

489 көрілім

Түркістан қаласының Қоғамдық кеңесі өткен сейсенбіде мәжіліс өткізді. Күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Кеңес төрағасы М.Атанбаев бастаған басқосудағы мәселелерді ретіне қарай жеке-жеке тоқталсақ деп отырмыз. Себебі, біз атап өтетін тақырыптардың арасында қала тұрғындары нақты шешімін күткен жайлар бар. Ендеше іске көшсек.

Түркістан қалалық СЭББ басшысы Оралбек Жиеналиев:

«АЙТА БЕРСЕМ ҰЗАҚ ӘҢГІМЕ»

Алғаш болып баяндама жасаған Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Оралбек Жиеналиев 2022 жылы қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына бағытталған қадағалау жұмыстарына тоқталды. Тоқталғанда да баяндаманы орынбасарының оқып беруін сұранды кеңес мүшелерінен. Сөйтіп орынбасар оқыған баяндамадан соң мінберге көтерілген Оралбек Әбдіхалықұлы кеңес мүшелерінің сұрақтарына қысқа-нұсқа жауап беруге тырысты. Кей сауалдарға «айта берсем ұзақ әңгіме» деп сөзін бастап, жауабының соңында кей мәселелерден «хабарым жоқ екен» деген жауаптарын естідік. Мақсатымыз мекеме басшысын бас-көзсіз сынау емес, халықтың игілігіне бағытталған жұмыстарымен танысу еді. Сол үшін кеңес мүшелерінің қолынан келетін дүние болса мәселелерін де жасырмауын сұрандық. Сөйтсек Түркістандағы өзекті мәселе қаңғыбас иттерді аулау мен ауыз су жайы болып шықты. Айтуынша, қала тұрғындарының 94 пайызы ауыз сумен қамтылған. Қалған 6 пайыз халықтың халі мүшкіл екенін жеткізді. Бірақ, ол мәселенің шешімі бойынша өз тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде мардымды ұсыныс немесе қорытынды ести алмадық. Сонымен бірге, халықты санитариялық-эпидемиологиялық жағдайлар бойынша құлақтандыру яғни, үгіт-насихат жұмыстары әлеуметтік желілерде, ақпараттық сайттарда және басылымдарда жүргізіп жатырмыз деп ауыз толтырып айтқанымен көңіл толатындай жұмыс көре алмадық.

Осыған байланысты кеңестің алғашқы отырысында 2022 жылы қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына бағытталған қадағалау жұмыстары туралы баяндама назарға алынды. Сонымен бірге, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына қала аумағындағы аталған бағыттағы нормалардың сақталуын, кейбір аурушаңдық түрлерінің өсуін болдырмауға, қаладағы емдеу мекемелері мен халық көп шоғырланатын сауда-саттық нысандарында санитарлық жағдайдың заң талабына сай болуын қадағалауды пәрменді жүргізіп анықталған кемшіліктер мен құқық бұзушылықтардағы тиісті шара көруді күшейту ұсынылсын деген шешім қабылданды кеңес мүшелері тарапынан. Сонымен бірге, Түркістан қаласында қадағалау объектілерінің күрт өсуіне және шаһарға келетін туристер санының артуына байланысты аталған мекемедегі небәрі 17 штат санын одан әрі ұлғайту жөнінде ұсыныс жолдау жөнінде түйін жасалды.

ТУРИСТЕРДЕН ТҮСЕТІН ТАБЫС АРТАДЫ

Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе «Түркістан қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» қала әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің ұсынысы қаралды. Бөлім басшысы Талғат Қыдырбаевтың мәлімдеуінше туристерді орналастыру орындарындағы шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерінің құнын 4 пайызға бекіту көзделген. Бұл шешімнің әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарды жоқ екенінде айта кеткен жөн. Оған қоса, кәсіпкерлік субъектілеріне қандай да бір қаржылық шығындарға әкеп соқпайды. Жарна тек қана шетелдік туристерде алынатындығы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының қағидасында көрсетілген. Демек, алдағы уақытта аталмыш ұсыныс күшіне енгенде қаламызға келген шетелдік турист қонақүй қызметін пайдаланғаны үшін негізгі құнынан 4 пайыз артық төлейді. Бұл қаржы қала қазынасына түспек.

Аталмыш ұсыныс бойынша Қоғамдық кеңес тарапынан мынадай шешім қабылданды: «Түркістан қаласы әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің», ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған «Түркістан қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» шешім жобасын қосымша ұсынымсыз және тұжырымдамаларсыз келісім берілсін».

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 220133 АДАМ ТҰРАДЫ

Қоғамдық кеңес отырысында қаралған мәселелердің ішінде Түркістан қаласы статистика бөлімінің 2021 жыл мен 2022 жылдың 12 айлық көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстарының салыстырмалы есебі тыңдалды. Мекеме басшысы Бек Махсатұлы баяндама жасап, статистикалық мәліметтерімен бөлісті. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша қала халқының саны өткен жылға қарағанда 15,1 пайызға артқан. Сол секілді орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 200659,7 млн. теңге болып, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2 пайызға көбейген. Сауда статистикасында бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 13,6 пайызға, көтерме сауда тауар айналымының көлемі 19,1 пайызға артқан. Ал облыс орталығында мал шаруашылығының жыл өткен сайын кенжелеп келе жатқанын қалыпты жағдай деп түсінуіміз керек. Бұл салада көрсеткіштердің басым бөлігі төмендеп келе жатқанын аңғаруға болады. Өнеркәсіп саласында да жан жадырататындай сандар байқалмайды. Өсім бар болғанымен арзымайтын көлемде ғана. Осыдан-ақ қаламыздағы өнеркәсіп саласының халін аңғаруға болады. Статистикалық мәліметтің ең қызығы қаламыздағы бір қызметкердерің орташа айлық атаулы жалақысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 261 289 теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға артып отыр.

Кеңес мүшелері баяндамаға қанағаттанарлық баға беріп, статистикалық мәліметтерді жергілікті ақпарат құралдары арқылы тұрақты түрде жариялап отыруды және ақпараттардың зерттеу-зерделеу тұрғысындағы жұмыстарын беруді ұсынды.

90728 АДАМ ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНГЕН

Бұл 2022 жылдың мәліметі. Демек былтыр 100 мыңға тарта адам әкімдіктің есігін қақпай-ақ мәселесін халықтық кеңсе арқылы шешкен. Негізі бұл мекеменің қызмет етудегі мақсаты да осы. Мемлекеттік мекемемен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ішінде 42 қызмет түрі осы халықтық кеңсе арқылы іске асырылады.

Тарқатып айтсақ, кеңсені ашудағы басты мақсат – қалалық әкімдікпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге өтінім беру, нәтижесін алуды бір жерден «бір терезе» жүйесі арқылы жүзеге асыру және арыз-шағым, өтініш жазу, қалалық әкімдіктің басшылық құрамының тұрғындармен жеке кездесуін қамтамасыз ету, заңгерлік құқықтық кеңес беруді бір жерден үйлестіру көзделген.

Халықтық кеңседе анықтамалық-ресепшн, халыққа қызмет көрсету залы, арыз-шағым қабылдау залы, жеке қабылдау кабинеті, құқықтық кеңес беру кабинеті, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс жасайды.

Сонымен бірге, мұнда Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, бизнесті қолдау және туризм, спортты дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен жұмыспен қамту орталығының мамандары қызмет көрсетеді. Халықтық кеңсе 7 мемлекеттік мекемемен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер /42 қызметтің түрі/ бойынша кеңес береді, өзіне өзі қызмет көрсету бұрышынан электрондық түрде көрсетілетін қызметтерді алуға бағыт бағдар береді, электрондық түрде көрсетілетін мемлекеттік  қызметтер бойынша өтінім беру, қызметтің нәтижесін алуды, өтініш, арыз-шағым қабылдау, жауаптардың өтініш иесіне жеткізілуін қамтамасыз етеді, қала әкімінің және оның орынбасарларының жеке қабылдауына жазылу, кіру, өтініштің нәтижесін алуды, электрондық және тікелей қызметтердің нәтижесін алуды үйлестіреді.

Осы бағыттағы жұмыстарды тыңдаған Қоғамдық кеңес мүшелері кеңсе жұмысы туралы есепті назарға алып, тиісті міндеттер аясында кеңсе жұмысын тұрақты түрде жүргізіп отыруды ұсынды.

КӘСІПКЕРЛЕР ЖАНАЙҚАЙЫН ЕСТИТІН ҚҰЛАҚ БАР МА?

Түркістан қаласында аз қамтылған отбасылардың және жетім, жартылай жетім балаларды мектеп асханаларында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етудің жағдайы туралы шаһардағы бір топ кәсіпкер Қоғамдық кеңеске хат жолдаған.

Онда қала аумағында аз қамтылған отбасылардың және жетім, жартылай жетім балаларды мектеп асханаларында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін белгіленген қаржы тарифінің, ас мәзіріне керекті азық-түлік бағасының өсіп кетуіне байланысты жеткіліксіз екендігі айтылып, осы мәселені оңтайлы шешуге қолдау көрсетуді сұранған.

Кәсіпкерлердің айтуынша аталмыш санаттағы балаларды ыстық тамақпен қамту үшін облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан 2023 жылы баға тарифі бекітілген. Атап айтатын болсақ, онда 7-10 жас аралығындағы балаларға 501,76 теңге, 10-14 жас аралығындағы балаларға 564,30 теңге, 15-18 жас аралығындағы балаларға 610,26 теңге болып бекітілген. Бұл күн сайын әр бала үшін ыстық тамаққа жұмсалатын қаржы көлемі. Енді Қоғамдық кеңеске хат жолдаған кәсіпкерлер ҚР Үкіметінің (12 наурыз 2012 жылғы №320 және 25 ақпан 2015 жылғы №326) қаулыларына сәйкес белгіленген азық-түлік түрлері көрсетіліп бекітілген нормалар бойынша 7-10 жас аралығындағы балаларға 812,98 теңге, 10-14 жас аралығындағы балаларға 1043,93 теңге, 15-18 жас аралығындағы балаларға 1114,11 теңге болуы тиіс екендігін көрсетеді. Бұдан бөлек бастапқы баға тарифі бойынша берілетін ас мәзіріне басқарма тарапынан биыл өзгеріс енгізіліп,  балаларға бір күнде бірінші және екінші тамақ берілетін болып өзгертілген. Бұл талапты орындаған күннің өзінде бала 15 минуттық үзілісте асханаға келіп, екі тамақты қатарынан жеп үлгере алмайтынын алға тартады кәсіпкерлер. Сонымен бірге, ас мәзірінің тізіміне балық еті енгізілген. Балаға балық етін ас ретінде ұсыну мәзірін бұрын-соңды көрмегенбіз деген кәсіпкерлер оқушылардың денсаулығына қауіпті тағам беру жауапкершілігін өз мойнымызға жүктей алмаймыз деп ашынады. Сонымен бірге, күн сайын шарықтап өсіп жатқан баға нарығына бекітілген тариф мүлде сай келмейтінін алға тартады.

Осы күнге дейін қалыпты жұмыс жүргізіп келе жатқан кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырыс есебіндегі тамақпен қамту тендері 2019 жылы өткен. Сол кезде жоғарыда көрсетілген бағамен қызмет көрсетуге және оқушыларға берілетін тамақтың мәзірі тендердің талаптарында көрсетілген. Алайда 2024 жылға дейін жалғасатын тендер қорытындысы бойынша келісімдегі ас мәзіріне осы жылы бірінші және екінші тамақ беру және балық өнімдері секілді ас әзірлеу жөнінде өзгеріс енгізіледі. Сонымен бірге, 2019 жылы бекітілген баға сол қалпында қалып, нарықтағы бағаның құнсыздануы яғни, инфляция есепке алынбай әлі күнге дейін бастапқы баға күйінде қалып отыр. Бұл ретте кәсіпкерлердің сұрайтыны алғашқы келісім шартта көрсетіліп, бекітілген ас мәзірі неге сол қалпында сақталып қалмайды және әр баланың тамағына қажетті бекітілген тарифте нарықтағы баға мен инфляция деңгейі неге есепке алынбайтыны.

Осы мәселемен қатар мәжіліс барысында Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова да сөз алып, аталған бағытта өзге де күрмеулі мәселелердің бар екенін жасырмады. Соның ішінде қаладағы білім ұяларының асханалары бәрі бірдей санитарлық талаптарға сай келе бермейтіндігі мектеп пен ата-аналар арасында түсініспеушіліктің туындауына себеп болып келетін көрінеді. Өйткені сонау кеңес заманынан бері осы уақыт аралығында әр түрлі типте салынған мектептердің асханаларын бірдейлендіру мүмкін емес. Солай бола тұра қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан санитарлық нормаларды сақтау үшін белгілі бір көлемде алаң болуын талап етеді. Олай жасау үшін онсыз да оқушысы сыймай жатқан кей мектептерде асхана алаңын ұлғайту үшін беретін артық сынып жоқ. Міне, соның салдарынан санитарлық нормалар өз деңгейінде іске аса бермейді.      

Осы аталған мәселе бойынша облыстық адами капиталды дамыту басқармасы тарапынан мәселенің нақты жауабын білмек үшін қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері өз тарапынан заң шеңберінде әрекет етуге уағдаласты.

Мәлік ЖҰМАХАНҰЛЫ,

Қоғамдық кеңес мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы