АЛҒАШҚЫ ТІРЕК МЕКТЕБІ ОТЫРАРДА АШЫЛДЫ

299 көрілім

Түркістан облысы, Отырар ауданындағы 1978 жылы қолданысқа берілген Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернаты «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылып, оқу бөлмелері жаңартылды.

Бұл жоба «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» мен «Қазақстан халқына» қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының қолдауымен жүзеге асып отыр. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында болды. Басқарма басшысы жаңартылған білім ордасын түгел аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты.

«Түркістан облысының білім сапасын көтерген жағдайда, жалпы Қазақстанның білім сапасы одан да биікке көтерілмек. Себебі, әрбір бесінші бала –Түркістан облысында, дүниеге келген әрбір үшінші бала –Түркістан облысында! Қазақстанға немесе шет елге шығып, қазақты танытатын да осы жас ұрпақтарымыз. Ал бастама тұрғысында Назарбаев зияткерлік мектебі контентпен бөлісуі – біз үшін өте маңызды. Себебі, кез-келген жабдықты орнатуға болады, бірақ жалпы бірге жұмыс істеу, балаларға бағыт-бағдар беру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, директорларға осы мектептерді басқарудың жаңа тетіктерін үйрету сияқты шаралар пысықталады. Өңірімізде дәл осындай тірек мектептерінің қатары көбейе бермек. Бұл алғашқысы. Әрі қарай да бізге қолдау білдірген серіктестермен іскерлік қатынастарымыз нығая түспек», – деді Дінислам Болатханұлы.

Мектепті ашудағы мақсат – еліміздегі ең үздік мектептермен тығыз серіктестік орнатып, ауыл мектептерінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ, кәсіби білім беру саласында тең жағдай жасау арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектесу, педагогтердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын шыңдау.

Білім ұясында 18 кабинетке интерактивті LED панельдер орнатылған. Барлық сыныптарда мұғалім мен оқушылардың үстелдері мен орындықтары жаңартылды. Химия, биология, физика, география, екі IT кабинеттері қажетті құрылғыларымен толықтырылып, заманауи үлгідегі стандарттармен жабдықталған. Бұдан бөлек, ұлдар және қыздар шеберханасы, кітапхана, STEM кабинеті, информатика, орыс тілі мен ағылшын тілі сыныбы да толықтай күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ART студия ашылып, сурет салу, домбыра үйірмелері іске қосылған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында шахмат, тоғызқұмалақтан қосымша спорттық секциялар құрылды. Қазіргі таңда 1000-ға жуық оқушыға 100-ден аса мұғалім дәріс береді.

Нұрлан СҰЛТАНБЕК,

Отырар ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы