МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ТОБАҒАБЫЛОВТЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

719 көрілім

«Тобағабылов деген кім, ел үшін ол не істеді?» деген сұрақтардың туындауы заңдылық. Кезінде Мемлекет басында бірқатар қызмет атқарып, бар ғұмырын еліне, ұлтына арнаған мемлекетшіл, ұлтжанды болған Әбілбек Тобағабыловты бүгінде біреу білсе, біреу білмес?! Себебі тағдырдың жаманы мен жақсыcының дәмін қатар татқан Әбілбекті өмірінің соңғы жылдары Хрущевтың Қазақстанда жүргізген сұм саясатын іске асырушылардың назарынан тыс қалмады.

Әбілбек Тобағабыловтың да ендігі уақытта тарих алдындағы нақты бағасын алуына және оның есімін келер ұрпақтың санасына сіңіретін кез жет­ті. Асылымызды ардақтау өт­кенге құрмет, ұр­паққа өнеге болмақ. Оның мемлекет ал­дындағы адалдығы мен қыз­меттерiн жауапкершілікпен атқаруы және барынша қа­рапайымдылығы ерекше қа­сиет­терінің бірі еді. Мемлекет басында қызмет атқарған мезгілдерде немесе басқа кездерде де мемлекеттен артық бір сабақ ине-жіп ал­май өткенін талайлар осы күнге дейін жыр қы­лып айтып жүр. Әрине, қайраткердің қилы қиын­дыққа толы өмір тарихымен танысып, елі­міздегі бірқатар тарихи мұражайларды шар­лап жинақталған деректері және атадан ба­лаға аманаттап сақталып келген құнды құ­жаттары жетерлік. Яғни ер жетіп азамат бо­лып ел ісіне араласа бастаған 1920 жыл­дардың ортасынан бастап өмірінің соңына дейін ат­қарған әрбір лауазымды қызметтерін рас­тайтын мемлекет басқарған басшылардың өз қолдарымен қол қойып, мөр басқан құнды құжаттар мен көптеген басылымдарда жарық көрген материалдары және еңбегін бағалап берген марапаттары бәрі-бәрі бір чемодан боларлық деректер жинақталған. Сондықтан тарихтың көлеңкелі қалтарысында жарыққа шықпай, елі үшін атқарған еңбектері еленбей жүр­ген, әлде де көптеген зерттеулерді қажет ете­тін мемлекет қайраткері Әбілбек Тоба­ғабылов жайлы қалам түртуді жөн санадық.

Әбілбек (Абылбек деп те атайды) Бей­сенұлы Тобағабыловты ауылдағылар «ап­пақ ата»-деп атайтын. 1910 жылы (1908 жылы туылған) тамыздың 5 жұлдызында Сауран ауданы Абай елді мекенінде 400 жылдан астам тарихы бар Батыр баба Ер Жаманбайдың қара­шаңырағын ұстаған 7-ұрпағы Тоба­ғабыл би­дің үлкен ұлы Бейсеннің шаңыра­ғын­да дү­ние­ге келген.

Әкесі Бейсен жас Әбілбекті ауыл молдасы Ерімбетке арабша сауатын ашуға береді. Зеректігі мен таланттылығының арқасында ол қысқа күнде мұны игеріп алған.

Бейсеннің шаңырағы – кісі түсетін киелі елдің «қара шаңырағы», үлкен үй еді. 1923 жылы Түркістан шаһарынан келген қо­нақтармен ілесіп қаладағы өзінің түп нағашысы арғын Асықбай бидің үйіне жетеді. Бара сол шаһардағы «Ленин» (қазіргі Ахмет Байтұрсынов мектебі) атындағы мектеп ин­тернатына түсіп, оны 1928 жылы бітіреді. 1928 жы­лы Қызылордадағы (сол тұста мемлекет астанасы) «Қазақ халық ағарту институтында» (қазіргі Қорқыт атындағы Мемлекеттік педагогикалық университеті) Тайыр Жароков, Мағзұм Тиесов, Шалтай Оспановтармен бірге оқиды. Жоғары оқу ордасында жүріп, облыс аумағында кол­хоздарды ұйымдастыруда, халықтың білім­сіз­дігін жоюда және де «Түркісіб темір жолын» салуда белсенділік танытады. Осы кездерден бастап Әбілбек Тобағабыловтың қилы тағдырға толы жаңа болашағы, іскерлік сенімділігі шың­дала түсті. Алда жас Әбілбекті биік-биік бе­лестер күтіп тұрды.

Институт қабырғасында оқи жүріп, сол оқу ордасында ұстаздық етеді. 1933 жылы жо­ғары білім ордасын аяқтаған соң Қызылорда қаласындағы «Мирзоян» атындағы ба­лалар коммунасының директоры болып жұ­мыс істейді. 1934-1935 жылдары Қызылорда об­лысында «Колос» ұжымшарының (тұр­ғын­дардың дені кәрісұлтының өкілдері) төра­ғасы, одан соң Өлкелік партия Комитетінің бе­кітуімен 1937 жылға дейін Қызылордадағы Қаз­Пед техникумының директоры қызметін атқарады, оны ойдағыдай атқарғаны үшін Әбілбекке еңбегін бағалап марапаттар мен заттай сыйлық береді.

1937 жылы Қазақ ССР Халық ағарту ко­миссариатының бұйрығымен Сарыағаштағы «Сталин» атындағы орта мектептің директоры, арада көп өтпей Келес ауданындағы педучи­ли­шенің бастығы және сол аймақтағы бір­қа­тар білім саласындағы басшылық қыз­меттерді атқарады.

Әбілбек Бейсенұлы Тобағабылов 1939 жылы Мәскеу қаласындағы ВЦСПС хатшысы Н.Шверниктің бекітуімен ҚазССР жоғары және орта мектеп қызметкерлері кәсіпо­да­ғының орталық комитетінің төрағасы болып бе­кітіледі. Сол жерден 1941 жылы қараша айында кеңес әскері қатарына шақырылады. Жаңасібір (Новосибирск) қаласындағы №3 құрылыс батальонының саяси жетекшісі қыз­метімен қоса газет редакторлығын атқара оты­рып, әскери комиссариаттың берген мі­нездемесінде көрсетілгендей артта қалған ба­тальонды алдыңғы сапқа көтеріп «Қызыл Ту­ды» жеңіп әпергені үшін еңбегі бағаланып марапатталады.

Соғыс жылдарында майдандағы әскер­лерге азық-түлік, киім-кешек дайындауға жә­не де ішкі саясаттың тұрақтылығын, елдің ты­ныс-тіршілігін қалыптастыру қажеттілігінің туын­дауынан Қазақстан коммунистік пар­тиясы орталық комитетінің шешімімен Тоба­ға­быловты 1942 жылы мамыр айында әскер­ден кері шақырып, Қазақстан КП орталық ко­митетінің ұйымдастыру бөлімінің нұс­қаушысы қызметіне тағайындайды. Мойнына ал­ған қызметін жауапты атқарған Әбілбек 1944 -1946 жылдарда Қазақстан КП Орталық Комитетінің бас жауапты ұйымдастырушысы қызметін атқарды.

Орталық комитетте болған уақыттарында Тобағабылов Әбілбектің өзіне жүктелген мемлекет жауапкершіліктерін парасатпен, білімділікпен, адалдықпен жоғарғы деңгейде атқарғанын айтып өтуге болады.

Отанымызды жаудан, неміс басқын­шы­ла­рынан азат ету жолында майданға астық дайын­дау науқанына шұғыл түрде кірісіп кет­ті. КСРО орталық ко­митеттің Пленумдарының шешімдері бойынша Қа­зақстан Орталық Коммунистік Партиясының хат­шысы Шаях­метовтың қолы қойылған іс­сапар құжат­та­рында көрсеткендей Көкшетау, Ақ­төбе, Қос­танай, Оңтүстік Қазақстан, Пав­лодар об­­лыс­тарында уәкілдік іссапарларда бол­ды. Мақсат майданға астық жөнелту. Мұның бәрі Тобағабыловтың Ұлы Жеңіске жетуге қосқан тылдағы ерен еңбектері.

1946 жылдан 1948 жылға дейін Тобаға­бы­лов Әбілбек Бейсенұлы Қазақстан КП Ор­талық Комитеті жанындағы Алматы Жоғарғы пар­тия мектебінде оқып, оны бітірісімен Се­мей облысы Көкпекті ауданына партия ко­митетінің бірінші хатшысы қызметіне кі­рі­седі. 1951 жылы Семей облысы Аягөз аудандық Қазақстан КП комитетінің бірінші хатшы­лығына сайланып, 1961 жылға дейін істейді.

Семей облысындағы бірінші хатшылық қызметтерін атқарған 13 жылдың ішінде соғыстан кейінгі жағдайы тұралап қалған екі бірдей ауданды қалпына келтіру, оларды алдыңғы қатарға көтеру оңайға соқпағаны айдан анық. Әбілбек Бейсенұлының атқарған еңбек­тері, тәжірибелері өзі жазған «Жаңа белес» атты кітапта жарық көрді. Осы жылдардағы еңбектері үшін Тобағабыловты екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамо­та­лары­мен, үш «Кіші Алтын» медальдармен тағы басқа да көптеген құрметті марапаттарды ием­денді.

Тағы бір ерекше айта кетер жай, Әбілбек Бейсенұлы аудандық, облыстық және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып жал­пы саны он рет депутаттыққа сайланды. Сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президумының төрағалары Ж.Ташенов пен И.Шариповтардың арнайы шақыруымен Қазақстан Компар­тия­сының IV съезінен X съезіне дейін шешуші де­легат болып қатысты.

Соңғы уақыттарда өзінің денсаулығының сыр беруіне және Н.Хрушевтың қитұрқы саясатына, қаһарына ілігуіне байланысты – Қазақ КСР Орталық Партия Комитетінің жол­дамасымен Оңтүстік Қа­зақстан об­лысындағы «Сарыағаш» ау­данына 1961 жы­лы Атқару Комитетінің тө­ра­ғасының орын­басары болып қызмет ат­қарды.

Осы жерде айта кету керек, То­ба­ға­быловты сол жылдары Семей облысына Об­комның бірінші хат­шылығына және одан да жоғары лауазымды қызметке тағайындамақ болған деседі. Бірақ түсініксіздігі сол, керісінше оның өмірінде қызметтен төмен­детушілік белең берген. Бұл жерде анық-қа­нығын тереңдете зерттеуді қажет ететін бей­мәлім дүниелер бар. Үлкен­дердің айтуынша Хрущевтың сол жылдары Қазақстанға деген көзқарасы теріс өзгеріп, соның салдарынан талайлар суық саясатқа іліккен көрінеді.

1963 жылы 2 сәуірде Әбілбек То­бағабылов «Қожатоғай» совхозы пар­тия ұйымының хатшысы болып бекітілді де, 1963 жылы қыркүйек айында Шымкент об­лыстық ауыл­шаруашылық өнімдерін дайын­дау және өнер­кәсіп басқармасы Әбілбек То­бағабыловты «Қо­жатоғай» қаракөл сов­хозының дирек­торлығына тағайындалады. Сов­хозда қазақ ұлтының салт-дәстүрі бойын­ша ат бәйгесі мен көкпар ұйымдастырып той өткізгені үшін Хрущевтың Қа­зақ­стандағы құйыршықтары болған коммунистік пар­тиялық шовинистердің жалақорлығына тағы да ілігіп, сол жылы Мәскеуден «Правда» газетінің тілшісі арнайы келіп «ескі әдеп-ғұ­рыпты насихаттады, ол ұлтшыл» деген сияқты ма­териалды жарыққа шығарып, тағыда әуре-сар­саңға түсіреді. Алайда Отанына адалдығын бі­летін жақ­тау­шылары жабылып, газетке қар­сы мақала беріп бәле-жаладан арашалап ала­ды. Тағы бір дерекке сүйенсек, Тоба­ғабы­лов­тың басы­на үйірілген қара бұлттан ара­шалап алғанның бірі өзімен талай рет үзең­гілес болған жол­дасы Жұмабек Тәшенов бо­лыпты.

Барлық ғұмырында халықпен бірге бол­ған, еліне адал еңбек етіп, өмірінің соңына дейін бір сабақ артық жіп алмаған еңбек еткен қо­ғам қайраткері, ірі тұлға Әбілбек Бейсенұлы Тоба­ғабылов өмірдегі қарапайым түрінде 1974 жылдың қараша айында өмірден оза­ды.

Тобағабылов мемлекет басындағы жо­ғарғы қызметтерде және аудандарда хат­шылық қызметтерде жүргенде және басқа да уақыттарда Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, Н.Оң­дасыновтармен үзеңгілесіп республика кө­леміндегі жұмыстарға белсене атсалысқан. Тобағабыловтың үлкен қызы Дариға (қазір зей­неткер, Алматыда тұрады) Жұмабек Тә­шеновтың Әбілбек атаның 1942-1948 жылдары КП Орталық Комитетте (ЦК) жұмыс атқарып жүрген кезде де кейіннен Шымкент облысына ауысқан мезгілдерде де шаңырағында талай рет болғанын әңгімелесе, кіші ұлы Жүніс те Дінмұхаммед Ахмедұлының Тобағабыловтың Аягөз ауданындағы шаңырағында қонаққа келген кездерін есіне алады. Қазақтың мақ­танышы Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің ерек­ше алғысына ие болғанын және жазу­шының иығына мақпал шапан жауып, астына кү­міс ер-тұрманды арғымақ ат мінгізіп ұлық­тағанында сол оқиғаның арасында болып, туған топырағына бара жатқан жазушыны күтіп алу шарасын ұйымдастырушының бірі болған белгілі ғалым Серғазы ағамыз керемет кездесу жайлы осы күнде айтып та, жазып та жүр. Мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов Мәскеуде қызмет атқарып жүрген жылдары елге Түркістанға ат басын бұрған сайын Тоба­ғабыловпен жеке кездесіп, елдің хабарын біліп, ел жағдайына алаңдаған екеуі­нің талай әңгіме дүкен құрғанын Әбдібек ақ­сақал осы күнде айтып отырады. Қолдарына ас тартуда су құйып жүріп ұлттық мәселедегі айтқан әң­гімелерін талай құлағы шалғанын да ай­тады.

Қазіргі таңда артынан қалған ұрпақтары мен шәкірттері өсіп-өніп отыр. Әбіл­бек ата мен оның жұбайы Зерекүл әжемізден туыл­ған үлкен қызы Дариға апа мен күйеу ба­ласы Сәтбек Мұсабаев екеуі талай жыл ме­дицина саласында қызмет жасап, қазіргі кез­де ұлды-ұяға, қызды-қияға қондырған құр­метті зейнеткер ата-әжелер. Алматыда тұрады. Пер­зентінің екіншісі, ұлдан үлкені Мэлс ғылым саласында жұмыс істеп, 1990 жылы ден­саулығы нашарлап қай­тыс болды. Кіші қызы Лиза да жоғары ка­тегориялы дәрігер болып 52 жасында дүние сал­ды. Перзенттерінің кенжесі Жүніс пен келіні Светлана екеуі шаңы­рағында тұлғаның шаңырағының отын өшірмей отыр. Ал ар­тында ерген ағасы Абы­лайдың ұлдары әрі ізба­сарлары Респуб­ликалық «Батамен ел көгерер» байқауларының «Нартай» және «Молда Мұса» атындағы жүл­делердің иегері Әбдібек пен аудандық ар­дагерлер алқасының мүшесі, қажы Жақсыбек және Әбілбектің ортаншы інісі Батырбектің ұрпақтары тұл­ғаның туған топырағы Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы, Түркістан аймағында өсіп-өніп, тұ­рып жатыр.

Әрине, біздің мақсатымыз тек өт­кенді ұмытылмас үшін тиісті орындарға ха­бардар ету. Түркі әлемінің алтын бесігі ата­нып, жарты әлемді бауырына басқан киелі Түр­кістанда кіндік қаны тамған Тобағабыловқа осы күнге дейін ел үшін сіңірген еңбегі еле­ніп, басқасын қойшы ең құрымағанда аты аталып, қисық кө­шеге аты берілмей жүргені қынжылтады. Әри­не, бұл жерде ешкімді бөле-жаруға бол­мас. Әйткенмен ердің еңбегін бағаламау бә­рімізге сын.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы