БЕУ, ДҮНИЕ-АЙ!

296 көрілім

Қазақ сатирасында қайталанбас қолтаңбасын, өзіне ғана тəн айшықты ізін қалдырып, биікке көтерген сатира сардары, қазақтың Көпені дүниеден озғанына да біраз уақыт өтті. Бір-ақ ауыз сөзімен, уытты қалжың, өткір тілімен кез-келген мəселенің түйінін əп-сəтте шешіп жүре беретін, қадам басқан жерінде қапшық-қапшық күлкі қалатын Көпен ағамыз сол қасиетті жұма күні киелі Отырарда жер-ана құндағына бөленді.

Осының өзінен де Арыстанбаб желіндей жүйткіп, есіп жүретін арқалы ағамыздың Алланың сүйікті пендесі екендігінен хабардар ететін жоғарыдан келген белгіні сезінгендей болдым. Жалпы қазақтың Көпені туралы əркімнің-ақ айтары бары анық. Біз КазГу-дің журфагіне оқуға түскенімізде Көпен ағалар соңғы курстарда оқып жүр екен. «Сарыауыз балапандар» жоғарғы курстың студенттерін «ағалап» пір тұтамыз. Алдарынан кесе-көлденең өтпейміз. Өмірден ерте кеткен əріптес ағамыз Оразхан Жарқынбек екеуі егіз қозыдай жұбын жазбай жүретін. Жүрген жерлері ду-думан. Жатақхананың дəлізінде келе жатып, жарқын шыққан дауыстар мен сыңғыр қаққан күлкілерден-ақ ағаларымыздың қай бөлмеде қонақта отырғанын білуші едік. Сол жүз таныс амандық кейін оқу бітіріп, сан тарапқа кеткенде де, республикалық, облыстық, қалалық саяси, қоғамдық, мəдени іс- шараларда сыпайы, жылы ұшыраған «Қарындасым, халың халай?»-деген есендік сұрасумен жалғасып жатушы еді. Бүгінгі күні сол бір жарқын күндердің екі эпизоды есіме түсіп отыр.

Шамасы, 2004-ші жылдары болу керек. Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың кесенесінің жанында қаламызға келе жатқан ресми делегацияны сарыла күтіп отырғанбыз. Ол кезде меймандарды сол жердегі Алматы алаңынан күтіп алатын дəстүр бар. Қалалық мəдениет бөлімінің басшысы Ұлжан Мұстафаева бəйек болып жүр биші қыздарымен, шашуын алып. Біз жүрміз телевидениенің асай-мүсейін көтеріп. Қадірлі қонақтарды қарсы алушылардың қатарында Көпен ағам да бар. Уақыт «өлтіре алмай» Көпен ағамыздың қалжыңды əңгімелеріне бас қойғанбыз. Мен əзілдеп: «Аға, автограф беріңізші», -деп блокнотымды ұсындым. Ол да көп іркілмей: «Өмірдің алды-поэзия, арты- проза. Қайда жүрсең де, аман жүр Роза!»- деп қолтаңба қалдырып еді. Не деген ұшқыр ой. Əзіл-шыны аралас жазылған осы жолдар санамда жатталып қалып еді. Көрген жерде қалжыңдап айтып қоюшы едім.

Екінші, есіме түсіп отырған оқиға, ағымдағы жылдың сəуір айында телевизия тарланы, мен үшін орны бөлек ардақты курстас ағам Нұртілеу Иманғалиұлының Талдықорған қаласында өткен жылдық асына Көпен аға да барған екен. Асқа бармас бұрын алыстан келген жора-жолдастар қаланың шетіндегі жаңадан салынған «Иман» мешітіне барып, Нұрекеңнің рухына құран бағыштадық. Кейіннен естелік суретке түспек болғанда, біздер, қыздар барар-бармасымызды білмей іркіліп тұрып қалдық. Сонда Көпен аға: «Қыздар, келіңдер» – деп жанына шақырып, осы суретке түсіп едік. Арада санаулы ай өткенде Нұртілеу досын жоқтап келген қадірлі Көпен ағаның өзінен де айырылып қаларымызды, сол күнгі естелік суреттің асыл ағамен түскен соңғы сурет болып өткен күндер тарихына енетінін кім білген? Беу, дүние!

Міне, осындай қойны-қонышынан күлкі төгіліп, жан-жағына шуақ шашып жүрген біртуар азамат та дүниеден өтті. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдəулетов бастаған қаламгерлер қауымы қоғамдаса келіп, қазақ жұртына көңіл айтты. Ұзақ жылдар бойы шалғайда жүріп, ел мүддесін туған жерден алыста жүріп ойлаған, қорғаған перзенттердің елге осылай соңғы сапармен оралуы жүректі сыздатады. Осы бір қимас сезімнің шымырлап тұрып алатыны-ай… Осы сезім Өзбекəлі Жəнібек ағамыз дүниеден өтіп, туған жерден мəңгілік қоныс тепкенде де, өзіміздің Дидағаны(Дидахмет Əшімхановты) Жазушылар Одағынан туған жері-Қатонқарағайға шығарып салғанда да жүректі қармап тұрып алып еді. Қандай ауыр сезім… Алдыңыз пейіш, соңыңыз кеніш болсын, Көпен аға.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы