ЕСЕЙІП КЕТСЕМ ДЕ, МЕН САҒАН СӘБИМІН

262 көрілім

Ақпарат саласының ақмылтығы Тельман Бейсеновті журналистер қауымы сыйлап қана қоймай, үнемі ақыл-кеңесіне құлақ асып отырады. Республиканың барлық өңірінде оның аяғы баспаған жер жоқ десе де болады. Қазір «Turkistan Media Holding» медиахолдингінің басқарушы директоры болып қызмет етеді.

Сауран ауданындағы Бабайқорған ауылдық округінің Абай ауылының тумасы. Атақты «дала агрономы», «дала академигі» атанған батагөй Әбдібек қажы Абылайұлы ақсақалдың сүйікті ұлы. Өткен сенбіде маған хабарласып: «Есаға, қолыңыз тисе, ауылға барып қайтсақ қайтеді»,-деп хабарласты. Қыстан қысылып, жаным жүдеп жүрген едім. Бірден келісе кеттім. Жолшыбай: «Әкем қайта-қайта түсіме еніп, үндемей үй жақты саусағымен нұсқай береді. Үйге ие болып отырған Әлжан інімді білесің ғой. Қазір қыс ауасы. Оның үстіне биыл қыс қатты қысып тұр. Ауылда шаруа өте көп. Қарашаңырақтағы Әлеке бәріне бірдей үлгере де бермейді. Оның сыртында ол ауыл ағасы, қажы болғандықтан, елдің арасында баратын жерлері бар және шақырушылары көп дегендей. Өзім мүмкіндігінше демалыс күндерін пайдаланып, бала-шағамды ертіп, ауылға барып, аунап-қунап қайтқанды дұрыс көрем және бір серпіліп қалам. Оның үстіне қолымнан келгенше үй шаруасына көмектессем деймін. Бірнәрсені ішім сезеді», – деп әңгіменің ұштығын шығарды. Ілезде ауылға да келіп жеттік.

Ия, айтса, айтқандай, Әлжан қажы да әке жолын басып, 2020 жылы облыс бойынша батагөйлер байқауында бас жүлдені жеңіп алып, облыстың батагөйі атанды.

Ерте тұрып, Әбдібек атамның басына барып құран бағыштап, Абай ауылының қысқы көрінісіне таң қалып, тұрып қалдым. Қайтып келсем, Тельман да ерте тұрып, малға шөп салып, қораны тазалап, жылқыларды жемдеп жүр екен. «Сенен жақсы фермер шығады екен ғой»,-деп едім. «Фермерлік бізден қалған ғой»,-деп алды да әңгімені әріден бастады.

– Біз үлкен өмірге қадам басып, еңбекке араласа бастағанда елдің жағдайы қиын еді. Тәуелсіздік алар тұста нарық экономикасымен қоса тоқырау келіп, дәулеті тасыған колхоздар мен совхоздардың аз уақытта күйі тайып, көз алдымызда тарап жатты. Адамдардың күн көрістері нашарлай бастаған кез-тұғын. 30 жылдай агроном болған әкем зейнетке шығысымен Түркістан ауданында алғашқылардың бірі болып алдымен ауыл іргесіндегі Сарыбай алқабында кооператив, артынан «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашты. Сол тұстарда совхоздың төрт түлігі мен малына жұрт жабыла жармасып, техникасын талап жатқанда әкем малына да, көлігіне де қол созбады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп бізге совхоздан бір түйір шеге де алдырмады. «Бәрін өздерің еңбектеніп, дүние жиып, сатып аласыңдар» деп бір-ақ кесті. Тек шаруашылығына жер ғана алды.

Үйдің жанынан пісте май өңдейтін цех ашып, мал өсіріп, біраз адамға жұмыс тауып бердік. Ауылдың шетінен жер алып, бау-бақша, егін салдық. Таудың тасынан әктас күйдірдік. Не керек, шаруа аяққа тұрды. Міне, осы қажырлы қайрат пен темірдей төзімді қажет ететін істің бел ортасында мен де жүрдім, – деп еске алды Тельман.

«Тектіден текті туады. Атаның жолын қуады» дегендей Тельманның әкесі Әбдібек ақсақал да анасы Ұлпатша да елге өте сыйлы жандар. Өткен жылы абыз Әбдібек ақсақал дүниеден озды.

Түркі әлемінің бесігі – Түркістанда алпыс жеті жыл жұптары жазылмай, бақытты ғұмыр кешкен Әбдібек қажы Абылайұлы мен Ұлпатша Әмірқызының гауһар, одан кейін темір тойын да өткізген ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан тараған ұрпақтың қызығына кенеліп отырған ұлағатты адамдар – біздің әріптесіміз – Тельман Бейсеновтың әкесі мен анасы.

Ауылдың батагөй қариясы, Әбдібек қажы Абылайұлы Түркістан қаласына таяу Абай ауылының Ұрыжар деген жерінде төрт ғасырдан астам тарихы бар «Батыр баба Ер Жаманбайдың қара шаңырағы» немесе «Үлкен үй» деп атап кеткен Жаманбай батырдың жетінші ұрпағы шоқпарлы Тобағабыл бидің қасиетті қарашаңырағында дүниеге келген. Ата-бабаларының жаз жайлауы мен шаңырағы Ұрыжар, Ұзынбұлақ, Бесбұлақ жағасы және Ақтөбе өзеніндегі орта ғасырлық Ақтөбе қалашығының төңірегі болған. Ал анасы Ұлпатша Әмірқызы – Мес ата ауылында Жауғашты руының талай жыл болысы болған Әмір бидің кенже қызы. Он саусағынан өнері тамған шебер жан. Өмірдің ащысы мен тұщысын қосағымен қатар көріп келе жатқан анасының қазаны оттан, самаурыны шоқтан үзілмеді. Қонаққа жайған ақ дастарқанынан осы ауылға келген қонақ ауыз тимей кетпеді. Ауылдағылардың көбі оны құрметтеп, «Патшам» деп атап кеткен.

Түркістан қаласының құрметті азаматы Әбдібек қажы ақсақал мен Ұлпатша анамыз он перзентті дүниеге әкелген. Олардан 90 ұрпақ өрбітіп, немере-шөбере сүйіп отыр. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде сан-салалы мамандық бойынша қызмет атқарып жүр.

Ғалымдар отбасы атанған жанұяда 3 ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер (профессор, доцент, аға оқытушы). Кәмелет жастан асқан немерелерінің барлығы жоғары білімді және олардың бірқатары магистр болса, 2 шөбересі студент.

Өскен-өнген отбасында әрқашан адамгершілік ұстанымы ұлықталады. Үлкеннің сөзін бөлу, кісінің ала жібін аттамау деген қарапайым тәрбиені ерлі-зайыптылар балаға бесіктің әлдиімен құлағына сіңірді. Ауыл-аймақ, аудан, облыс төңірегінде Бейсеновтер әулеті ізеттігімен еленіп, отбасы тақырыбы төңірегіндегі кездесулерге көп шақырылады. «Ақ әженің аялы алақаны», «Үлгілі отбасы» атты отбасылық байқаулардың бас жүлдесін, республикалық деңгейде екі мәрте өткізілген «Батаменен ел көгерер…» байқауларында «Нартай» және «Молда Мұса» аталымын иемденген.

Тельман да ата жолын ұстанып, әділдіктің ақ туын жықпай келеді. Журналистика саласындағы қызметін Орал қаласынан бастап, Маңғыстауда да ақпарат саласында алты жылдан аса басшылық қызметтер атқарды. Мұнайлы өлкеде 2007 жылдан бастаған Республикалық «Айқын» газетінің тілшісі бола жүріп, 2010 жылы қалалық «Ақтау ақпарат» газетін ашып, артынан облыстағы 9 газетті біріктірген «Маңғыстау-Медиа» медиахолдингін құрды.

2013 жылдан бастап Астанадағы «Нұр-МЕДИА» медиахолдингіне қарасты бірқатар Республикалық басылымдардың интернет сайттары бойынша Бас редакторлық етті. Сондай-ақ, бірқатар өңірлердегі медиахолдингтердің дамуына көмек қолын созып, медиа-менеджерлік жасады. 2010 жылдан бері Қазақстанның Бас редакторлары клубының мүшесі. Түркістан облыс мәртебесін алған кезде құстай ұшып туған жерге жетті. Қазір «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры. Ахмет Ясауи атындағы университеттің Ақпарат орталығын басқара жүріп, Журналистика кафедрасында жас журналистерге дәріс беріп, шәкірт тәрбиеледі. Ол сондай-ақ, өңірдегі бірқатар мемлекеттік қызметшілерге де дәстүрлі БАҚ және жаңа медиа саласына қатысты медиасауаттылық бойынша дәрістер өткізіп жүр. Ол қалада лауазым иесі болғанымен туып өскен Абай ауылына келгенде костюм шалбарды шешіп тастап, сантехниктердікі секілді үй киімдерін киіп алып, «есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деп ыңылдап ән айтып жүріп, пешті де жақты. Малға да шөп салды. «Әлі мазасызданып отырмын. Бір нәрсе жетіспейді», – деді де пешті айналдыра қарап отырып, екінші қабатта су жоқ. Неге екенін біле алмай отырмын», – деді де жүгіре шығып, сырттағы жертөлеге орнатылған су айдайтын сорғысы бар моторды ашып көрген кезде, су кернеген трубаның жарылғаны, одан судың сыздықтап ағып тұрғаны көрінді. Жертөленің асты шылқып жатыр. Дереу іске кіріскен Тельман құбырдың жарықшақты тұсын алып тастап, жаңалап барып жаны жай тапты. Мәз болып суды ағызып көрді. Бірақ әлі де жаны жай таппай пешті барынша қатты жағып көрді. Сол кезде пештің астыңғы жақ тұсынан су кете бастады. Басын ұстап отырып қалған ол дереу қайтадан жоғарғы қабатқа көтерілді де артық суды сыртқа қуатын бөшкесін (қазандық) көріп, «сырттағы жоғарыдағы су жиналатын қазандықтың қашыртқы шлангасын төменге барып тексеріп көрейік», – деді. Оны барынша қыздырып көргенімен шланганың ішіндегі мұзы ерімеді. Шланганы кесуге тура келді. Сол кезде ғана жоғарыдан су ақтарылып, пеш те қалыпты жағдайына түсті.

– Мәссаған, енді болмағанда төмендегі пеш қатты жанып су (қайнағанда) қысымы қатты көтерілгенде сыртқа артық суды айдап, ыстық буды шығаратын қазандығының сыртқы шлангасында мұз қатып, бітелгендіктен пеш жарылып, үйіміздің тас-талқаны шығуға шақ қалған екен. Құдай сақтады. Бәсе, әкем марқұмның қайта-қайта түсіме еніп, көрсеткені осы екен ғой, – деді Тельман қайтып келе жатқан кезімізде.

– Шіркін-ай, менің аядай Абай ауылыма жер жаһанда жер жетпейді ғой. Қалада жұмысым көп, қол тие бермейді. Әйтпесе, ауылға келіп, үй салып, фермерлік етіп, алаңсыз шығармашылығыма отырсам, қарт Қаратаудың тылсым тарихына мән беріп, терең құпияларын ашып, зерттеу жұмысына кірісіп, ғылыммен айналыссам деп те армандаймын, – дейді әріптесім мұңайып. Ғылыммен айналыссам деген сөзінде де мән бар. Себебі Тельман тарих ғылымдарының магистрі. Осындайда Сәбит Дөнентаевтың: «Бұл дүние байқағанға күштінікі. Азулы тырнақты мен тістінікі. Дүниенің дария патшалығы, тыпырлап тыныш жатпайтын істінікі» – деп жазғанындай, журналистер сыртынан «Тынымсыз Тельман» деп атағанымыздай әріптесіміздің алар асуы алда.

Қаратаудың бөктеріндегі зерлі шошақ бөрік секілді көрікті мекен Абай ауылы қол бұлғап артта қала берді. Өзағамыз айтқандай «әр кәлләда бір қиял», Шерхан атамыз айтпақшы «бір кем дүние».

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы