ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ

798 көрілім

Қайран, қазақ елі… Жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтары қаншама әлі. Оған куә мына жатқан кең сары дала, заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер: мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың қаны тамған топырақ иісі аңқып тұр. Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қойша қырылған «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада өмір сүруі, не жойылып кету қаупі тұрған еді.

Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінін 1 – хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады. Сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Ол ең алдымен ескі зиялыларға ауыз салады. Солардын ішінде қазақстандық Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков т.б. болды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан мәдениетінің тарихындағы күрделі кезең болды. Өткені білім мен ғылым саласындағы жетістіктермен, әдебиеттегі, өнердегі табыстармен қатар, бұл жылдары өкінішті көріністер де орын алды. Бұл кезеңде ұлттық мәдениет жоққа шығарылып, жұтаң тартты. Ол өзінің тарихи тамырынан ажырап, әлемдік өркениет жетістіктерінен қол үзіп қалды. Бұл тоталитарлық тәртіптің жойқын толқыны қазақ интеллигенциясының озық өкілдерін бірінен соң бірін қырғынға ұшыратқан жылдар болды.

1928-30 жылдары жалған айыппен бұрынғы Алашорда қайраткерлері тұтқындалды. 1937-38 жылдары саяси құғындау жаппай сипат алды. Т.Рысқұлов, О.Исатаев, С.Сейфуллин, М.Майлин, С.Асфендияров, Қ.Жұбанов сияқты көптеген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қуғынға түсті. Ешқандай сотсыз, көбіне ІІХК үштігінің құзырымен жаза кесіліп, айыпкерге үкім шығарылған «баптардың » көбіне «шетел тыңшысы», «зиянкестікпен айналысады» , т.б. жосықсыз жазалар тағылды.

Қасіреттің ең ауыры сол жала жабылып айыпталған, асып-атылған немесе кеңес елінен, соның ішінде Қазақстаннан да сыртқа қашып жан сақтаған адамдардың есімдері халықтан мұқият жасырылды. Кеңестік цензураның сүзгісінен өткізіліп, партияның жоғары басшылары қатал қадағалап отырған жалған ақпараттар қалың бұқараға бірден-бір шындық ретінде таратылды. Әділдіктің әбден аяқ асты болғаны соншалық, қуғын-сүргін құрбаны болған «халық жауларының» отбасылары мен туысқандары да жазықсыз жазаға тартылды. Қазақстан аумағында жеті лагерь «Карлаг», «Алжир», «Степлаг», олардың әр түрлі бөлімшелері құрылды.

ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында 30-жылдары заңсыз айыпталған қазақ мәдениетінің көптеген дарынды қайраткерлері жөнінде тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуі аса маңызды шара болды. Қайта оралған есімдер арасында Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов және басқалары ерекше орын алады. Тек әдебиет қайраткерлері ғана емес, солармен қатар саясаткерлер, инженерлер, архитекторлар мен басқа да көптеген әскери және қоғам қайраткерлері де ақталады.

Жаппай қуғын-сүргін Оңтүстік Қазақстанның ыстық құмдары арасында шалғай жатқан ауылдарға дейін жетті. Жорабек Рысбаев «кеңестік құрылысқа қарсы» адам деген жаламен тұтқындалып, 10 жылға сотталды. 1944 жылы Жорабек Рысбаевты айып батальонымен майданға жіберіп , сонда ерлікпен қаза тапты. Ол сонау қатерлі 1937 жылы дүниеге келген нәрестесі- Қаншайымды көре алмай кетті, ал қызы әке мейірімін білмей өсті.

Саяси тұтқындарды жаппай ақтау Н.С.Хрушевтың тұсында басталды. Оның 1956 жылы КОКП –ның ХХ съезінде «Жеке адамға табыну және оның зардаптары туралы» жасаған баяндамасы ашық күні жай түскендей әсер етті. 1998 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің қаулысымен 20-40 және 50-жылдардың басында қуғынға ұшыраған ардақты азаматтардың есімдері қалпына келтіріліп, халыққа жария етілді. Қазақстан Компартиясы ОК-нің 40-жылдардың 2-жартысы мен 50-жылдардың басында идеология және ғылым мәселелері жөнінде қабылдаған бірқатар қаулылары күшін жойды. Осының нәтижесінде ғалымдар мен жалпы жұртшылық қазақ фольклорының, әдебиеті мен өнерінің бұған дейін тыйым салынған көркем шығармаларын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзекжарды мәселесі болып отыр. «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» – дегендей, ана тілімізді бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз.

З.ТАДЖИБАЕВА, «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы