Бұл көбінесе жаз айларында болады. Оның негізгі белгісі-іш өту. Аурудың қоздырғышы микробтың ерекше бір түрі-шигелла. Қоздырғышты алғаш рет ауру адамның нәжісінен жапондық дәрігер Шига тапқандықтан, сол кісінің атымен атаған. Аурудың қоздырғышы сумен, жуылмаған көкөніспен, жемістермен және лас қолдан жұғады. Шыбындар да аурудың қоздығышын таратушылар болып саналады.
Дизентерия кезінде адамның іші жиі өтеді, кейде бұл жағдай тәулігіне қырық ретке дейін қайталануы мүмкін. Тоқ ішектің қабынуынан оның шырышты қабығы зақымданады, бұл кезде сұйық нәжіске қан араласады. Дизентериямен ауырғанда адамның асқа тәбеті болмай, басы ауырады, әлсірейді, бұлшық еттері мен іші ауырады, дене қызуы көтеріледі. Тоқ ішектің қабынуынан оның шырышты қабығы зақымданады, бұл кезде сұйық нәжіске қан араласады.
Ал, қазіргі кезде бұл ауру ондай қауіпті емес, дер кезінде емделсе, адам жазылып кетеді. Сондықтан, аурудан сақтану үшін, жазғы уақыттарда таза қайнатылған су ішіп, ал көкөністер мен жеміс-жидектерді жуып жеу керек. Дизентерия (іштен қанды жалқық өту) – өте ерте заманнан белгілі оның ауру қоздырғышы сыртқы ортаға төзімді, ылғалды топырақта бірнеше ай, ал суда 100 күндей, жеміс-жидекте, нанда 2 аптаға жуық тіршілік ете алады.
Ауру қоздырғышпен ластанған тамақты, суды пайдаланған сау адам (бала) ауыруы мүмкін. Тамақпен бірге асқазанға түскен ауру қоздырғыштар одан әрі аш ішек пен тоқ ішекке өтеді. Қарын сөлінің әсерінен біразы асқазанда, біразы аш ішекте қырылады, бірақ өздерінен улы заттар бөліп шығарады. Бұл улы заттар қанға өтеді. Өлмей тірі қалған ауру қоздырғыштар тоқ ішекке жетеді де өніп-өседі, оны зақымдайды. Қан құрамына өткен улы заттар нерв жүйесін зақымдап, оның қызметін бұзады. Егер сау баланың қорғаныс күші мықты болса, онда оның ауырмауы мүмкін, ал баланың қорғаныс күші аз болса, ауырып қалады.
Ауру қоздырғыш бала организміне түскеннен сырқаттың алғашқы белгілері білінгенге дейін 12 сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Көп жағдайда ауру бірден басталады. Баланың жағдайы күрт нашарлап, реңі бозғылт тартады, басы ауырады, лоқсып құсады, оқтын-оқтын іші бүріп ауырады. Уақыт өткен сайын іштің ауырғаны жиілей береді. Қызуы көтеріледі, тамаққа тәбеті шаппайды, жата бергісі келеді. Ал, жас нәрестелер шырқырап жылап, мазасызданады.
Кейбір балалардың өне бойы қолын аузына салатыны, ал кейбіреулерінің тырнақтарын кеміретіндері бар. Әрине, мұндай теріс қылыққа да жол бермеген жөн. Баланың тырнағын өсірмей алып тастап отыру керек, өйткені тырнақ астына микробтар көп жиналады. Егер баланы жастайынан тазалыққа, жеке басының гигиенасын сақтауға бейім етіп өсірсеңіз, оның дизентериямен де, басқа да жұқпалы аурулармен ауырмайтыны сөзсіз.
Г.Қалжанова, Түркістан қалалық СЭББ бас маманы