ТҮРКІСТАНДА «НАУРЫЗ БАТА» ДӘСТҮРІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

1  672 көрілім

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурызда Түркістан қаласында «Наурыз бата» дәстүрін дәріптеу мақсатында ақсақалдардың бата беру шарасы өтті. Игі шараны Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Рухани құндылығы мол шараға өңіріміздегі этнос ақсақалдары, ардагерлер мен қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Қ.А.Ясауи кесенесі жанындағы «Этноауыл» кешенінде тігілген киіз үйлерде қонақтарға ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, басты тағам наурыз көже ұсынылды. Дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық өнер ұлықталды. Ұлттық құндылыққа негізделген шараға Түркістан қаласының Құрметті ақсақалы Өтепберген Қуанышбаев, Түркістан облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есалы Нұржанов, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов, Түркістан облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Гүлсара Тоққұлова, Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Кентау қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрмахамат Жақай қатысты.
Ақсақалдар қысылғанда қуат налығанда медет берiп, әрбiр iс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, беле-жаладан қорғайтын батаның орны ерекше екендігін айтты. Наурыз қарсаңында осындай ұлттық болмысымыздан сыр шертетін игі дәстүрді жаңғыртқан ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Игі шара балалар арасында асық ату сайысымен жалғасты. Спорттық доданың негізгі мақсаты – еліміздегі бұқаралық спортты кеңінен насихаттау арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасына деген құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық ойынымызды насихаттау барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттармен сый-сияпаттар табысталды.

Ақбота ЕРГЕШБАЙ,
ХҚТУ-дің 4 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы