МЕНІҢ – ӘКЕМ, МЕНІҢ – АНАМ!

995 көрілім

Осы шағын әңгімемді, ата-анам бастарына жастап, сүйіп оқыған «Түркістан»  газетіне арнайы жаздым. Үнемі газет-журнал оқылатын үйде өскендіктен, Түркістан газеті ата-анамның көзіндей, біздерге қатты ыстық! Енді осы газетке сол адал оқырмандары жайлы естелік жазып, ата-анамызға деген сағынышымды аз да болса басқым келеді.

Менің әкем – Ысқақұлы Алдаш Түркістан облысы, Бабайқорған елді мекенінде 1936 жылы өмірге келді. Атам Ысқақ – атақты ақын, жырау, жыршы, биші де болған. Әжем марқұм «аталарың өз өнерімен халықтың ықыласына бөленіп, бір күнде сегіз үйден бас жеген» – деп айтып отыратын. Жастайынан түрлі өнерге, аңшылық-саятшылыққа, атбегілік пен көкпарға, бағбандыққа қоса көшбасшылыққа бейім болған әкем Алдаш бір көкпарда Шәмет деген өзі секілді көкпаршы жігітпен танысады. Жақынырақ сұраса келе, екеуінің аңшылыққа деген қызығушылықтары ортақ болып шығады. Екеуі де сері мінезді, қарулы, атқұмар, жастары да түйдей құрдас жігіттер көп ұзамай риясыз достасып кетеді.

Ол кезде әкем Алдаш Майдамталда, Шәмет ата (қазіргі туған нағашым) Талап ауылында тұрады. Екі ауылдың арасы жақын. Екеуі жиі кездесіп, аңға, көкпарға бірге шығады екен. Бір күні әкемнің Құралбек, Жұмәділ секілді жолдастары: «Шәкеңнің жақсы қарындасы бар. Жанында құр босқа жүре бермей, сол қызды көрсеңші!» – деп, ақыл айтады. «Жақсы қыз» деген соң, құлағы елеңдеген әкем «аңға барайық-ты» сылтауратып, қызды көруге барады. Женәлі досы (кейін күйеу жолдас болған) бар қасында, ақыры қызды көреді. Анам – Алтынға да әкем бір көргеннен ұнаса керек, көп ұзамай екеуі шаңырақ көтереді. Ол кездің адамдарының махаббаттары үйленгеннен кейін басталып, өздерімен қоса мәңгілікке кететін адал сезімге құрылатын. Сері жігіт пен ақын-әнші қыз енді жас жұбайларға айналып, қос дауыста қоңыраулата ән салатын, ойын-сауықтың гүліне айналады. Әкем домбыра, мандалина секілді бірнеше музыкалық аспаптарда ойнай беретін. Ал қабағы ашық, қолы мәрт, туыс-туған мен көрші-қолаңға жұмсақ анашым, өмірі дастарханы жиылмайтын, төрінен қонағы үзілмейтін берекелі отана болды.

Анам – Пірмаққызы Алтын Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талап елді мекенінің тумасы. Әкем екеуі 1958 жылы бас қосып, өмірге 4 қыз, 3 ұл перзент әкелген. Қазір осы перзенттерден 20 немере, 31 шөбере бар. Менің егіз бауырым болған. Есімі Әбдірахман еді. «Әбдірахман, Әлима» – деп, біздерге молда есім қойған екен. Анамның Әлима деген қайынбикесі болғандықтан, сол апамызға құрметі ретінде есімін атап қоймау үшін менің есімімді Ақмарал,- деп өзгертіпті.

Ата-анам менің осы мамандыққа келуіме, әдебиетке, көркем шығармаға ғашық болуыма тікелей әсер еткен жандар. Біз мектепте оқып жүрген кез баспасөз керемет дамыған тұс еді. «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Білім және сана», «Жалын» журналдары мен «Қазақстан пионері» газеті, «Балдырған» журналының барлығын ата-анам үзбей жаздырып алып, түгел оқитын. Почтальон Кенжебек көкеміздің қоржыны, біздің үйге келгенде босап қалатын. Ата-ана, бауырларымызбен осы газет-журналдарды таласа-тармаса жүріп оқып, қазақ тілі мен әдебиет мамандығына деген махаббатым ерте оянды.

Ата-анам кітап оқуға өте құмар кісілер еді. Көздері ашық, көкіректері ояу, білімді, көзі қарақты адамдар болды. Анам үй шаруасындағы адам, әкем – совхозда экспедитор, гараж меңгерушісі қызметтерін атқарды. Совхозымызда үлкен алма бақ, бау-бақша бар болатын. Әкем соның да бригадирі еді. Ауылдың қауын-қарбыз, алма-өрік, жүзімдік және бақша өнімдері бар, барлығы әкемнің қарамағында болатын. Ауылда әкем басқарған үлкен жүзімдік, бұл күнде қара тақырға айналған… Өз ауылының гүлденіп, бау-бақшасы жайқалып тұрғанын қаламаған, я болмаса әсем бауды сақтай алмаған ауылдастарыма, аздаған ренішім де жоқ емес. Кезінде мәуелі жеміс беріп, шырынды жүзімдері мөлдіреп тұрған бақшаның орнын көріп, тамағыма өксік тығылады…

Бағбандықпен қоса әкемнің «аңшы Алдаш» деген атағы болды. Құралайды көзге атқан мерген еді. Денесі шымыр, спортқа жақын, жүрісі ширақ кісі болатын. Есімде біздің бала кезімізде үйге үнемі ағылып адамдар келіп жататын. Кейбіреулері емге бола «құрқылтайдың ұясын» сұрап келетін. Әкем таудан тапқан ұяларын, сондай кісілерге беріп, талай әйелдің бала көтеруіне септігін тизізген. Сосын өкпе ауруына, басқа да түрлі сырқаттарға шалдыққан адамдарға «киікоты», «дермене» секілді дәрілік шөптерді тауып әкеліп беріп, қаншама адамдардың сауығуына себін тигізіп, алғыстарын алды. Совхоздың белді қызметкері, активист болғандықтан, ауылға келген бүкіл қонақтарды біздің үйге әкеліп күтетін.

Екеуі «қонақ» – десе жүздері бал-бұл жанып, бар шаруаларын тастап, кісі күтетін. Әкем – домбырада, мандалинада шебер ойнаса, анам – суырып салма ақын, әнші еді. Сауық кештерінде дуэт болып, талай ән шырқады. Анамның «Асыл арман» әнін сызылтып салатыны әлі құлағымда….

1986 жыл, 2-курста оқып жүрген кезім. Үйге келсем, әкем кішкене мұрт пен шоқша сақал қоя бастапты. Анам екеуі мәз болып: «біз намазға жығылдық, ораза ұстайтын болдық!» – деп отыр. Сосын біздерді отырғызып қойып, біраз әңгіме айтты.

– Ата-ана деген баласына алдымен иманды, исламды үйретеді екен. Тыңдаңдар! – деп, оқып жатқан кітаптарын біраз мазмұндап берді. Атеизмді әбден санамызға сіңіріп тастағандықтан ба, бізге бұл жаңалық біртүрлі ерсі секілді көрінді. Сол жылы ауызашар бердік. Горбачевтың «Қайта құру» – деп сарнап жатқан кезі. Менің ата-анам секілді көптеген үлкендер дінге бет бұра бастаған.

– «Мынадай қасиетті айда, жалаңбас жүрмеңдер!» – деп, әкем біраз ақылын айтты. Ал анамыз Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын оқып жүр екен. Бізге кітаптағы оқиғаларды керемет сезіммен, майын тамызып отырып әңгімелеп беретін. Жас болғандықтан ба, бірде әсерленіп тыңдасам, бірде мән бермей тыңдаймын. Ал қазір өзім орта жасқа келіп, сол кітаптарды қайыра бір оқып отырғанда, анамның үні құлағыма қайтадан келіп, маған осы оқиғаларды өзі әңгімелеп отырғандай, көзіме жас келеді…

Нағашы әжем 8-ші сынып оқып жүргенімде өмірден озса, өз әжем 2-ші курста оқып жүргенде қайтыс болды. Мен екі әжеден де керемет тәлім алдым. Қазақи шежірелер мен обал-сауапқа байланысты әңгімелерді екеуі де көп айтатын. Кітапқұмар әке-шешем «Бес ғасыр жырлайды», «Батырлар жыры» секілді кітаптарды сүйсіне оқып, пікірталасып отыратын. Мен демалысқа келгенде «Қазақ әдебиеті» газеттерін нөмірі бойынша қаттап жинап, түптеп қойған әкем: «Марал, мына газеттер саған керек пе? Өзіңе арнап жинап қойдым, балам» – деп, қолыма ұстататын. Қайран мейірбан әкешім….?! Елдер әр нәрсені орауға, отқа жағуға пайдаланатын газетке шейін біз үшін сақтап, барлық нәрседен ғибрат іздеп жүретін.

1961 жылы туылған Шекер деген әпкеміз 22 жасында өмірден өтті. Бірінші әпкемнің жолдасы, жездем кетті жол апатынан. Соңынан әпкем… Арттарында 2 жасар қызы мен 3 жасар ұлы қалды. Ол кездегі қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді… Жездеміздің ата-анасы бақилық болып кеткен, бауырлары жас еді. Ата-анам жиен немерелерін ешкімге жәутеңдетпейміз – деп, өздері қамқорлыққа алды. Сол кездегі Гүлнұр сіңлім қазір Алматыдағы 134 балабақшада тәрбиеші. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін үздік бітірген маман.

Бақытжан інім де өте зерек, ақылды, сабырлы болып өсті. Алматы қаласының Ұлан ауылында Роза келініміз екеуі Әділхан, Әлихан, Әмірхан атты 3 ұлға ата-ана болып, тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Мамандығы – Денешынықтыру пәні мұғалімі. Әпке-жездемнің көздерінің қарашығы Бақытжан мен Гүлнұрымыз ата-анамыздың тәрбиесімен өте иманды, бес уақыт намаздарын қаза етпейтін тақуа болып өсті. «Өмірдегі ең үлкен байлық – иман байлығы» – деп қазақ тегін айтпаса керек. Қос жиенімнің бұрыс жолдан аулақ, тәртіпті-тәрбиелі болып өсулері, әуелі Алланың, сосын ата-анамның еңбегі деп ойлаймын.

Қорыта келе айтарым, ата-анамыз бізге кісікиік болмауды, көпшіл болуды, адамдарды бөле-жармай, барлығымен керемет қарым-қатынас орната білуді жан-дүниемізге әбден сіңіріп кетіпті. Анам көп сөйлемейтін. Бірақ сөйлесе әңгіменің майын тамызатын. Әкем экспедитор, гараж меңгерушісі болып тұрған кезінде, көрші мемлекеттердің біразына, өз еліміздің түкпір-түкпіріне барып жүрді. «Бір жаққа бара қалсам ата-әжелер: «… Айналайын сен қасиетті мекеннен, Түркістаннан екенсің ғой?! – деп атып тұрып қолымды сүйетін» – деп отыратын әкем марқұм. Бір өкінетінім, әкеме Түркістанның жаңарған келбетін, облыс орталығы болған жаңарған, жайнаған түрін көрсете алмадым. Көре алмай кетті… Бәлкім, осы жаңа Түркістанын көріп, балаша қуанар ма еді? Кім білсін..?!

Десе де әкемнің өзі өлгенімен, оның өнері, адами қасиеті, тәлім-тәрбиесі өлген жоқ. Қазір қарашаңырақта тұратын Серік інім мен Бақытгүл келінім Бекарыс, Ақарыс, Жанарыс, Бекнұр, Бексұлтан деген 5 ұлдың ата-анасы. Келін түсіріп, Аяла деген тәтті немере сүйіп отыр. Бексұлтан ініміз «Мәулен Балақаев атындағы» мектепте 3-ші сыныпта оқыса да, түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарымен қуантып жүр.

Ата-бабаларынан тектілік пен иманды, адалдық пен мейірімділікті саналарына, қаны мен жанына сіңіріп өскен әкем Алдаш пен анам Алтын осындай абзал жандар еді. Өсіп-өніп, ұрпақ сүйіп, ұл-қыздарына озық тәрбие беріп, олар да жалғаннан бақиға аттанып кете барды… Осы жазбамды оқыған көзкөрген таныстары мен қатарлары болса, менің сөздерімді мақұлдар…

Әкешім 2019 жылы 16-шы қарашада 83 жасында, анашым 2005 жылы 18 ақпанда 65 жасында дүниеден өтті.

Домбыраның күмбірін, мандалинаның үнін, аналардың әлдиін естісем, көз алдыма жүздерінен мейірім шуағы төгілген ата-анам елестейді. Аллаһым олардың қабірлерін жарық, ұйқыларын тыныш, топырақтарын торқа еткей. Қазіргі таңда мен Ж.Жабаев атындағы №11 мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Педагогикалық өтілім 32 жыл. Ұрпақ тәрбиесінде, білім беру саласында қандай да бір жетістікке жетсем, қандай да бір биіктен көрінсем, осының барлығы менің аяулы да ардақты ата-анамның озық тәлім-тәрбиесінен, – деп білемін.

Ақмарал БИСЕЙТОВА,

Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы