ЖАНЫМЫЗҒА ЖЫЛУ БЕРГЕН СҰХБАТ

976 көрілім

Тәуелсіздіктің керегесі биік, қанаты кең болғаны ел бақыты екені ақиқат. Уақыт өткен сайын өркендеу мен түрленудің, даму мен өрлеудің жаңа кезеңі қалыптасып отырады. Елімізде де сондай ғаламат дәуірлердің болуы басты арманымыз болды. Жаһандық көшке еркін ілесудің қадамдарын нық әрі сеніммен басып келе жаттық десек жалған болмаса керек. Өкінішке қарай соңғы рет орын алған қаңтар оқиғасы көп дүниенің шынайы келбетін, кәдімгі бет-бейнесін қаз қалпында ашып бергендей болды.

Сөзіміздің дәлелді болуы үшін елдегі соңғы өзгерістер мен нақты атқарылып жатқан шараларды мысалға алсақ қателеспейміз. Тіпті өткен аптадағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген сұхбаты көкейдегі көп сұрақтың жауабын беріп, ертеңді өзгеше бейнелегендей болды.

Шындығында келелі ойлар тілге тиек болып, көкейде сарнап тұрған көптеген жауапсыз сұрақтың түйткілін көрсетіп, түйіншегін шешкендей. Атаулы сұхбаттың жаңаша қыры мен салмағы ауырлау. Ең әуелі бұл ел тізгінін ұстағанына бірнеше жыл болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санаулы сұхбаттарының бірі. Сонымен қатар туған тілдегі алғашқы ауқымды сұхбат.

Енді осы сұхбаттың мазмұны маңызды тақырып «Қаңтар қасіретіне» қарай бағытталады. Тілшінің осы желілес тақырыпта қойылған сұрақтарына әр қырынан жауап беріп, терең мазмұнына үңілді.

Өз кезегінде «Бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ дәл осындай қарақшылардың қатыгез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды», – деп бейнелейді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оқып отырсаңыз атаулы сұхбатта қоғамда ашық пікірталас, ауыр-ауыр ой, терең салмақ салып, түрлі кереғар пікірлер тудырған қаңтар қасіретінің ақ-қарасын бағыттауда жүйелі ой тербейді. Қалай болмасын осы тақырыптың әрбір сұрағына дәлелді жауаптар беріп, сарасөз айтады. Президенттің елдің жаңа даму бағдарын құруға аса қажетті қоғамдық келісімді үйлестіру жөніндегі ұстанымының бағыт-бағдары, алдағы қадамдары жайлы да анық сезіліп тұрғандай. Осылай саралар болсақ, ой мен қадам, ертең мен болашақ туралы көп сыр аңғаратындаймыз.

Ал, осы сұхбатта бізді еріксіз өзіне тартатын дүние ақпараттық сала. Нақтылап айтқанда қаңтар оқиғасы мәселелерінен кейін Президент «мемлекет ақпараттық соғыста жеңілді» деген болатын. Осы бір сөзден астар іздер болсақ көп дүние тауып алуға болады. «Төртінші билік» аталып жүрген қазақ журналистикасының күні ерте батқандай әсер қалдырады. Тіпті отыз жылдан бергі төккен тер, еткен еңбектің барлығы далаға кетіп, қасықтап жинаған беделдің шелектеп төгілген ұғымы шығып тұрады. Осыған қарата Президент қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше «қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакуум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық»,- дей келіп, ақпарат беруде де шынайы және жалған беретіндердің арамызда кездесетінін айтып өтті. Сонымен бірге «ақпараттық соғыс» бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс екенін, сондықтан біз де оған бейімделуіміз керектігін нақты атап өтті.

«Жақсы сөз – жарым ырысы» дейтін баба даналығы үшін сұхбатта айтылған жақсы дүниелер өшкен үмітімізді жағып, арманымызға серпін берері даусыз. Қалай болмасын өз тағдырымыз өз қолымыздағы ел ретінде бірлігімізді танытып, жаңа Қазақстан жолындағы жаңа қадамға бірлікте атсалысқанымыз оң болмақ. Қашанда еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Мәлік ДӘУЛЕТОВ,

«Түркістан-Медиа» ЖШС директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы