«БАСТЫ МАҚСАТ – САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ»

1  710 көрілім

Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Орынбасарұлы Пашимов:

«БАСТЫ МАҚСАТ – САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ»

Бүгінгі таңда індеттің алдын алуды вакциналау арқылы ауыздықтай алатынымызды халық түсініп отыр. Мұның барлығы – халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған маңызды шаралар деп түсінуіміз керек. Осы тұрғыда облыс көлемінде эпидемиологиялық ахуалды білу мақсатында Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Орынбасарұлы Пашимовке арнайы барып тілдескен едік.

– Марат Орынбасарұлы, әңгімемізді қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус індетіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ?

– Иә, оныңыз рас «COVID-19» індеті елімізді ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге түсіріп отыр. Бұл бойынша кешенді шаралар өз деңгейінде жүргізілуде. Тарқатып айтатын болсақ, Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері «COVID-19» індетімен тіркелген жағдайлар саны бүгінгі таңға 6356 құраса, жазылып шыққандар саны – 5 910. Бүгінде өңірде 1200 инфекциялық және 300 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның әртүрлі сценариіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ал, мемлекеттік ПТР зертханаларының саны 3-тен 10 бірлікке дейін жеткізілді. Зертханаларда зерттеулер бойынша өткен тәулікте 1457 адам тексерілді. Бүгінде, жалпы 705642 адам тексеруден өткізілді. Соңғы тәулікте жаман індетті 13 адам жұқтырған, оның 6-ы симптомсыз түрі. Айта кетейік, Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша елімізде жасыл аймақта орналасқандығын айта кеткен жөн.

– Бұл індетті тек қана вакцина арқылы ауыздықтай алатынымызды бүгінде көпшілік мойындап отырғаны жасырын емес. Облыс көлемінде халықтың қанша пайызы вакцина салдырды. Межелі жоспар бойынша жыл аяғына дейін облыс тұрғындарының қанша пайызын қамту көзделуде.

– Елімізде 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналау басталды. Үкіметтің алғашқы отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жауапты ведомстволарға короновирусқа қарсы екпе салуды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осы ретте, Түркістан облысына ақпан айынан бастап жалпы 207100 вакцина жеткізілді. Ал, 206376 адам вакцина қабылдады. Сонымен қатар, 22 ақпаннан бастап ревакцинация басталды. Екінші компонентпен 75846 адам екпе салдырды. Өңірге сәуір айынан бастап, отандық «QazVac» вакцинациясы жеткізілді. Жеткізілген 4000 дозадан 2000 (89%) адамға 1 дозасынан – 1776 вакцина салынды. Ал, мамыр айында «Hayat-Vax» вакцинасының 43000 дозасы жеткізілді, 42500 адамға егу жүргізілді (99%). Жалпы, облыста 128 екпе егу пункттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, көшпелі егу бригадалардың саны – 80-ге жетті. Қазіргі таңда, облыстағы медициналық ұйымдардағы дәрілік заттар қоры – 60 күнге, арнайы қорғаныш құралдары – 55 күнге жетеді. Дәрі тапшылығы облыста орын алған жоқ. Бүгінде әлемді жайлаған пандемияға біз басты назар аударып, түрлі жағдайларға дайын екендігімізді айтқым келеді.

– Қаламызда салынып жатқан инфекциялық аурухананың қазіргі жай-күйі туралы айтып өтсеңіз. Бүгінгі таңға аурухана толық салынып бітсе, неге пайдалануға берілмей отыр? Қанша орынға лайықталған, барлық қажетті аппараттармен қамтамасыз етілген бе?

– Түркістан қаласындағы 200 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мемлекеттік сараптамадан өту мерзімі ағымдағы жылдың наурыз-тамыз айының аралығы. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын тамыз айында алу жоспарлануда. Аурухананың сметалық құжаттарына сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін, қабылдау өткізу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда, тапсырыс берушісі, мердігер және пайдаланушы мекеме арасында үш жақтама мүлікті ақысыз пайдалану туралы келісім шарты түзіліп, тауарды техникалық ерекшелегімен қабылдау өткізу жүргізілді. Облыс орталығы 2018 жылы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты, жаңа медициналық орталықтар, аурухана мен емханалар салу мәселесі басты назарға алынып, қарқынды жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

– Облыс орталығында әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан аурухана туралы кеңінен айтып өтсеңіз.

– Түркістан қаласында еліміздегі ең ірі ауруханалардың бірі салынуда. Жалпы, аумағы 16 гектар жерді алатын 8 қабатты көпсалалы медициналық орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл аурухана 570 төсек-орынға шақталған заманауи емдеу кешені еліміздегі ең ірі жиырма аурухананың алғашқысы болмақ. Инвестициялық жобаны Денсаулық сақтау министрлігі арқылы мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында YDA Group түрік инвесторы жүзеге асыруда. Нысанның құны 188 млрд.теңгеден асады. 2019 жылы басталған құрылысты 2022 жылға қарай аяқтау жоспарлануда. Өңірдегі ғана емес, республикадағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі болатын аурухананың жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады. Әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан аурухана толық пайдалануға берілгеннен кейін 2000-нан астам медицина қызметкері тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаға сәйкес, мұнда 13 бейінді бөлімше, сондай-ақ жүрек-қантамыр және коронарлық реанимация, гематология, оның ішінде күйікпен емдеудің 2 қарқынды терапиясы (ICU) төсегі жұмыс жасайды. Бұдан басқа, көпсалалы аурухана қабырғаларында 16 операциялық бөлме, оның ішінде 13 жоспарлы және 3 шұғыл көмек жұмыс істейтін болады.

– Бүгінде заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтары мен цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

– «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша медициналық ұйымдар «Дамумед» медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс атқаруда. Медициналық ұйымдар ішінара қағазсыз құжат айналымына толығымен ауыстырылды. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының электрондық паспорты түгелімен қамтылып және дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу дәрігерді үйге шақыру электронды түрде қызмет атқарылуда. Қазіргі заман талабына сай медициналық ұйымдарға цифрлық ренгендер, эксперттік УЗИ, видеоэноскопиялық стойка аппараттары сатып алынып ота жасауға оң ықпалын тигізуде. Медициналық ұйымдарға цифрлық медициналық ақпараттарды, бейнелерді өңдеу, сақтау және беру бойынша 7 медициналық ұйым PACS жүйесіне қосылған және PACS жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы ИВЛ (ӨЖЖ – өкпені жасанды желдету аппараты) 178-ден 368-ге дейін артты және жедел-жәрдем қызметіне 122 автокөлік жеткізіліп, 96%-ға жаңартылып отыр. Сонымен қатар, 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынып, аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100% құрады. Биыл 2021 жылы облыстық бюджет есебінен 2 компьютерлік томография алу жоспарлануда.

– Халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылып келеді?

– Жоғарыда атап өткенімдей, Түркістан облысына 12 дана жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Нәтижесінде 3 камаз түріндегі және 12 автобус түріндегі жылжымалы медициналық кешен профилактикалық медициналық тексерулер скринингтер жүргізу мақсатында жүзеге асып келеді. Медициналық пункттері жоқ, шалғайдағы жету қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарын жылжымалы медициналық кешендердің медициналық қызметтерімен қамтуды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда қазіргі таңда Түркістан облысының шалғайдағы ауыл халқын қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Облыстағы жедел медициналық жәрдем қызметі бойынша жедел жәрдем автокөліктерінің санын көбейте отырып, шақыртуларға шығатын бригадалар саны артты. Жедел жәрдем қызметі халыққа қол жетімді болды. Жоғары технологиялық медициналық қызметті тиімді ету мақсатында науқастардың тікелей көрсеткішіне қарай Алматы, Астана қалаларында орналасқан медициналық ұйымдармен жұмыс жасауда. Қымбат тұратын медициналық қызметтермен (КТ, МРТ, ПЭТ) науқастарды ерте диагностикалау бойынша тексеру тегін жүргізілуде. Облыста трансплантация қызметін дамыту мақсатында басқарманың мамандары, трансплантация бойынша өңірлік кординаторлардан құрылған комиссия тобы жұмыстар атқарып келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы