ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ

2  709 көрілім

Түркістан облысы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаға аса ірі көлемде залал келтіріп жатқан қылмыстық топтардың әрекетін әшкерелеу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісім шарт және 38 лицензия берілген. Бұдан былай лицензия беруге мораторий жарияланды.

Заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күрес Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың басқаруымен арнайы жұмысшы топ құрылды. Енді Түркістан облысы әкімдігінің «Ситуациялық орталығы» облыс аумағындағы барлық өзен арналарында ғарыш мониторингі арқылы бақылау жүргізеді. Әшкереленген заңсыз әрекеттердің дәлелдері жинақталады. Мобильді топтар өңірдегі өзен арналарындағы құм мен қиыршық тас қоспасын заңсыз қазғандарға қарсы күрес ашты. Заңсыз жүк тиелген көліктердің жолы жабылып, қылмыстық іс қозғалады.

«Жер қойнауын заңсыз пайдалану көбейіп кетті. Әсіресе, өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қызметіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жасауға болмайды. Өзен арнасын таба алмай қалдық. Бұл мәселеге тәртіп орнатпай, тыным болмайды», – деді өңір басшысы.

Құм, тас карьерінің кесірінен өзендер сарқылып, ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарамсыз күйге түсуде. Жер қыртысы бүлініп, таудағы бұлақтар тартылып жатыр. Кең таралған пайдалы қазбалардан шағалтас, кұм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас секілді пайдалы қазбалары өндіріледі. Құрылыс нысандарының шоғырланған аумағы мен пайдалы қазбалар қорларының орналасқан орнын ескере отырып, рұқсат құжаттары негізінен Кентау қаласы және Сайрам, Ордабасы аудандары аумақтарына рәсімделген. Заңсыз қызметке тосқауыл қою жолдары талқыланған жиында облыс әкімі құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Құзырлы органдар тас қазатын жерлерді жауып, рұқсат құжаттардың күшін жою үшін күш салады. Осы уақытқа дейін экологтар тексеріп, заң бұзушылыққа барғандарға айыппұл салумен шектеліп келген. Отырыста облыстық мамандан-дырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев жер қойнауын пайдалануды жоюдың бір жолы ретінде қылмысы қайталанғандардың мүлкін заңды түрде тәркілеуді ұсынды. Айта кетерлігі, биылдың өзінде 8 қылмыс құрамы бар жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері анықталып, 1,827 млрд. теңге көлемде қоршаған ортаға келтірілген залал сотпен мәжбүрлеп өндірілуде. Алдағы уақытта табиғатқа жанашырлық танытпайтын жер қойнауын пайдаланушыларға құзырлы органдар тарапынан қатаң жаза қолданылатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы