Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан БУКЕБАЕВ: «ХАЛЫҚ ЫНТЫМАҒЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ»

2  258 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қаладағы ішкі қоғамдық саяси тұрақтылыққа жауапты бірден бір мемлекеттік мекеме болып табылады. Шаһарда болып жатқан барлық мәдени, саяси түрлі іс-шаралар осы бөлім арқылы өтіп келеді. Осы орайда, біздер қалалық ішкі саясат бөлімінің жыл басынан бергі атқарып жатқан жұмыстарына қанық болу үшін аталған бөлімнің басшысы Букебаев Бақытжан Кеңесбекұлымен арнайы барып сұхбаттасқан болатынбыз.Бақытжан Кеңесбекұлы! Біздің білетініміз ішкі саясат бөлімін көп жылдардан бері жемісті басқарып келесіз. Бүгінде бөлімнің атқарар жұмыстарын бес саусақтай біледі десем қателеспейміз. Сұхбатымыздың алғашқы сауалын қаланың бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалынан бастасаңыз?

Иә дұрыс айтасыз, бөлімді басқарып келе жатқаныма 10 жылға жуықтап қалыпты. Осы жылдар ішінде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Ал, жыл басынан қала аумағында қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, акция, наразылық шерулер өткізілген жоқ, әлеуметтік жағдай қалыптасқан, еңбек ұжымдарындағы қарама-қайшылық, айлық-жалақының кешігуі, жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы жанжал, заңсыздықтар және бейбіт шеру өткізу туралы өтініштер тіркелмеді. Осыған орай, 2020 жылдың басынан бөлім тарапынан қала әкімімен келісіліп, Түркістан қаласындағы этносаралық ахуалды талдауға және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған іс-шаралар, ақпараттық-насихаттық тобының кездесулер жоспары бекітілді. Сондай-ақ, бөлімнің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде этносаралық татулықты сақтау мақсатында қала тұрғындары арасында екінші жартыжылдықта сауалнама жүргізілуде. Жалпы қаламызда, халық саны – 175,3 мың адам, ұлттық құрамы бойынша қазақтар –72,1%, өзбектер – 25,6%, орыстар – 0,8% және өзге ұлттар – 1,5% құрайды.
Шаһарда әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында ұлтаралық татулықты, ел бірлігін, ынтымағын нығайту жолында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру аясында қоғамдық ұйымдар мен этномәдени орталықтарының жұмыстары, күнделікті қаланың тыныс-тіршілігі баспасөз құралында тұрақты жарияланып келеді. Сонымен қатар, бөлім тарапынан қаланың халық көп шоғырланған орындарға этносаралық келісіммен татулықты сақтауға бағытталған билбордттардың, тағы басқа көрнекі үгіт материалдардың орналастырылуын және уақытылы жаңартылып отыруы қамтамасыз етілуде.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының насихатталу барысы жайлы айтып өтсеңіз?

Қала бойынша атқарылып отырған экономикалық-құқықтық, әлеуметтік-идеологиялық жұмыстар жыл сайынғы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы стратегиялық бағыттар бойынша жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында 7 қалалық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс атқарды. Топ құрамына мемлекеттік органдардан – дербес бөлім басшылары, оқу орындарының лекторлары, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттарынан, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктер, ардагерлер ұйымы мен ақсақалдар алқасының өкілдері енгізілген. Биылғы үгіт насихат жұмыстары әлемді жайлаған індетке байланысты онлайн-форматта өткізілуде. Идеологиялық жұмыстың маңызды бағытының бірі – ақпараттық-насихаттық жұмыстары болғандықтан бөлім тарапынан тұрақты жалғасын тауып келеді. Облыстық және жергілікті телеарналардан арнайы дайындалған репортаждар көрсетіліп, баспа басылымдарында арнайы айдарлар ашылып, мақалалар тұрақты жариялануда.

Бөлім қаладағы үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқаратынынан хабарымыз бар. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарымен өзара байланыс қай деңгейде?

Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны 22, оның 2-і этно-мәдени орталық, 20-ы қоғамдық бірлестіктер болып табылады. Қаладағы 20 қоғамдық бірлестік әкімдіктің ішкі саясат бөлімімен өзара байланыс орнатқан, олар өз кезегінде қаланың қоғамдық-саяси, жаппай-мәдени өміріне қатысты іс-шараларға белсенді араласып келеді. Биыл 7 мамыр Отан қорғаушылар күнін және Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу карантин талаптарына сәйкес жылдағы дәстүрден өзгеше форматта өтті. Қазіргі таңда қазақстандықтардың басым бөлігі сақтық шараларын сақтауға көшкен. Мерекелік іс-шараларды өткізу барысында осы ахуал және азаматтарды кеңінен қамту мәселесі ескеріліп отыр. Сондықтан мерекелік іс-шаралардың бірыңғай күн тәртібін іске асыру және оны ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау үшін қала әкімдігінің қабылдаған шектеулерді ескере отырып үйлестірілуде. Мейрам күндері халықтың жаппай жиналуына жол берілмеді. Барлық іс-шаралар ақпараттық тұрғыда және онлайн-форматта ұйымдастырылуда.
Елімізде орын алған індетке байланысты қаламызда дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, коммуналдық және шаруашылық бөлімінің мамандары, еріктілер алдыңғы шепте еңбек етіп жүрді. Бұған қоса, еліміздегі әскери міндетті азаматтар Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнайы жиындарға шақырылды. Осы тұрғыдан келгенде Отан қорғаушы күнін атап өтудің мән-маңызы артып, ол ерекше идеологиялық мазмұнмен толыға түсті. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше көңіл бөлу мақсатында барлық сақтық шараларын сақтай отырып, қалалық ҰОС ардагерлер ұйымының мүшелерімен бірлесе еріктілер соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарына қажетті азық-түліктер үлестірілді.
Халықтың рухын көтеріп, ел-жұртты жігерлендіруге ықпал ету мақсатында ішкі саясат бөлімі тарапынан әлеуметтік желілерде ҚР Қарулы Күштері және жауынгерлеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері туралы бейнероликтер мен тақырыптық сюжеттер таратылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жас ұрпақтың бойына Отанға деген мақтаныш сезімін арттыра отырып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін дәріптеу мақсатында колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында «Мен батырдың ұрпағымын» тақырыбында 20-ға жуық бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасының 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай, «Ел сендерге сенеді», 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «Ерлікке тағзым» атты онлайн форматта қойылымдар ұйымдастырылды.

Түркістан қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берсеңіз?

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ол 2050 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру бағытындағы бірыңғай мақсатымызға жету жолындағы Қазақстанның саяси, экономикалық және құқықтық түрленулерінің логикалық жалғасы және өзегі болып табылатын бағдарламалық мақала. Елбасы аталған мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген болатын. Осы бағытта Түркістан қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсем. 2020 жылы қала әкімімен бекітілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жылдық жоспары жасалды. «Туған жер» арнайы жобасының аясында «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 кіші бағдарламалар аясында түрлі тақырыпта іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді.

Түркістан қаласында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ?

Қала аумағында діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өткізіліп жатқан діни төзімділікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ықпалын тигізуде. Жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ қаламызға білімі мен біліктілігі жоғары теологтар шақырылып, түрлі форматта өткізіліп жатқан шаралар оң нәтижесін беруде. Бізде діни бірлестік пен филиалдарының жалпы саны – 34. Оның ішінде: ислам мешіті – 32, православ – 1, протестанттық – 1. Сонымен қатар, қала көлемінде мешіттерде барлығы 57 діни қызметкер жұмыс атқарады. Қалада имамдардың білім деңгейлері бойынша жоғары білімді – 8, діни курстан өткен 23 және орта білімді 26 имам қызмет жасауда. Қалалық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстарын іске асыру үшін құрылған. Қаламыздағы конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімдігінің жанынан діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес жұмыс атқарады. Кеңес құрамында діни бірлестіктің басшылары, қаланың бас имамы, теолог мамандар, мекеме басшылары бар. Қалада діни ахуал тұрақты. Дін саласындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті. Қазақ елінің тарихына жүгінсек ата-бабаларымыз туын марқая, мақтана тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да туды төмен түсірмеген. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

Жыл басынан бекітілген «Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын» жұмыс барысында басшылыққа алып, орындау үшін бөлім тарапынан қаладағы барлық мекемелерге жолданды. Тұрғындарымыздың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік рәміздерді халық арасында насихаттау және түсіндіру бойынша мазмұны мен маңызын түсіндіретін тақырыптық мақалалар әзірленіп, тұрақты жариялануда. ҚР Мемлекеттік рәміздерін қала тұрғындары арасында кеңінен құрметтеу мен қастерлеу жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін құрылған қалалық ақпараттық-насихаттық топтың бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес кездесулер өткізілуде. Жалпы, қоғамдық-саяси жағдайларда тұрақтылықты нығайту және маңызды құжаттарды түсіндіру, халық пен жергілікті билік арасындағы тұрақты қатынасты қалыптастыру – қалалық ішкі саясат бөлімі қызметінің негізінде осы және өзге де міндеттер жоспарлы жүзеге асырылып келеді.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы