ЕҢБЕГІ ЕРЕН АРДАГЕР

874 көрілім

Қуанышбаев Өтепберген Жаңабайұлы 1937 жылы 3 қарашада Түркістан қаласына қарасты Отрабат теміржол станциясында дүниеге келген. Төрт жылдық бастауыш мектепті бітірген соң Түркістандағы №19 (қазіргі Әл-Фараби) мектебін тәмамдайды. 1957 жылы Ташкенттегі политехника институтына түсіп, оны 1962 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Өтепберген Жаңабайұлын халқына қалаулы, еліне елеулі абырой-атағы артқан еңбек ардагерлерінің бірі деп білеміз. Түркістан қаласындағы Шавгар мөлтек ауданының тұрғыны әрі аталмыш ауданның ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының төрағасы, тыл ардагері, мөлтек ауданның белсенді ақсақалдарының бірі.

Алғашқы еңбек жолын 1966 жылы Түркістан индустриалды педагогикалық техникумында техникалық пәндерден оқытушы болып ұстаздық ете жүріп, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарады. 1976-1977 жылдары Түркістан мүгедектер үйі директорының орынбасары болып, сол кезде жаңадан салынып жатқан мүгедектер үйінің құрылғыларымен жобалық сметалық құжаттарын қабылдатуға күш салған азамат. Бұдан соң 1977 жылы Өтепберген ақсақал қаладағы бірден бір мекеме Түркістан антибиотик зауытында құрылыс прорабы болып жұмысын бастайды. Одан соң аға прораб, күрделі құрылыс бөлімінің бастығы сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Өте ұстамды, сабырлы, қызметіне жауапты, жан-дүниесі таза жан. Біздің байқағанымыз, оның қажыр-қайраты, ізденімпаздығы, білімділігі кез-келген жанға үлгі болғандай. Сол жылдары Орта Азия мен Қазақстанда одақтық министрлікке қарайтын, мал шаруашылығында қажетті өнімдер шығаратын бірден-бір өндіріс орны – антибиотик зауытының өркендеп қанат жаюына Өтепберген Жаңабайұлының сіңірген еңбегі зор.

Сол жылдарда тозығы жеткен негізгі ферментаторлар мен жабдықтарды жаңарту үшін құжаттар жинап Мәскеудегі министрлікке дейін барып, техникалық қайта жаңғыртуға атсалысқан. Мұндай қадамға бару үшін үлкен өжеттілік пен өткірлік, білімділік керек. Миниск қаласындағы «Белгипробиосинтез» жобалау институтына жобалық-сметалық құжаттар жасатып, жаңа цехтар құрылысын шаруашылық әдіспен жүргізіп, өнім шығаруды екі есе ұлғайтты. Үш рет қатарынан қаланың ауыспалы туын, 1987 жылы облыстық партия комитеті мен кәсіподақтың ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды.

Айта берсек, Өтепберген Жаңабайұлының атсалысуымен қол жеткізген жұмыстар жетерлік. «Миргалимсайсвинецстрой» тресінің 140 орындық балабақшасы, Самал мөлтек ауданынан 60 пәтерлік тұрғын үй, қаладағы орталық «Жеңіс» саябағы, орталық базар, бұрынғы су бассейні, қаладағы автобус аялдамалары және тағы басқа көптеген қала көлеміндегі құрылыс нысандарының бой көтеріп, пайдалануға беруіне Өтепберген қарияның басшылығындағы зауыт жұмысшыларының қолтаңбасы жатқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Қала көлемінде жоғарыда айтылған құрылыстардың пайдалануға беруіне күш салған Өтепберген Жаңабайұлының ерен еңбектері жоғары бағаланып, қалалық партия және атқару комитетінің басқа да тиісті құзырлы органдардың Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ел тәуелсіздігінің жылдарында Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 65 және 70, 75 жылдығы медальдарымен, «Nur Otan» партиясының грамотасымен, қала әкімінің Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Сонымен қатар, «Ұлы Отан соғысының балалары», «Ардагерлер қозғалысына қосқан үлесі үшін» естелік медальдарымен марапатталған.

Қазіргі таңда 83-ке келген ақсақалымыз қаладағы қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, әрдайым белсене араласып келеді. Қаламыздағы Шавгар мөлтек ауданындағы әрбір өткен түрлі мәдени-тәрбиелік іс-шараларға бас болып, жастарға өзінің өмірден тоқыған ақыл-кеңестерін, Отанды сүю, еңбекпен жігерлену тұрғысында ғибратты әңгімелерін айтып бойларына сіңіруде ұйытқы болуда. 2014 жылы мұсылмандықтың бес парызының бірін өтеп, Мекке-Мәдинеде сәждеге жығылған, ескіше хат танитын қажы ретіндегі қасиетін де айта кетуіміз қажет. Бүгінде өмірлік жары Дәрікүл Әбдіхалыққызы екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп 16 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты шаңырақ иесі деп білеміз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы