Түркістан облысы, Кентау қаласында қайырымдылық акциясы өтті. «Мектепке жол» акциясы аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева өз демеушілігі есебінен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардағы және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 50 оқушыға киім-кешек тапсырды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына ие болған оқушылар жомарт жанға ризашылығын білдірді. Игі істердің басы-қасында жүретін Қ.Жантөреқызы қайырымдылық жасау азаматтар үшін міндет екенін жеткізді.
«Пандемия кезінде талай отбасы табысынан айырылып, қиын күн кешіп жатыр. Сондықтан «Nur Otan» партиясы қайырымдылық іс-шараларын жүйелі түрде өткізіп жүр. Бүгін «Мектепке жол» акциясы аясында үлесімізді қосуды жөн көрдік», – дейді ол.
Кентаудағы акция аясында партияның Кентау қалалық филиалында бірнеше оқушыға базарлық берілді. Сонымен бірге өзге оқушылардың үйлеріне киім-кешек жеткізілді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі