ДОСТЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ОБЛЫС БІРІНШІЛІГІ

1  063 көрілім

 «Жастар жылы» аясында қаламыздағы «Нұр» спорт кешенінде кіші футболдан облыс біріншілігі өтті. Спортсүйер жандардың басын қосқан дода облыс, қала әкімдіктері мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы И.Намазбаева, «Фараб» ЖШС комбинаты, «Прима» компаниясы және қалалық мәслихат депутаттарының демеушілігімен бастау алды. 

 Турнирдің ашылуында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, “Бекзат” мөлтек ауданының төрағасы С.Саттарханов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Б.Нұрманов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Аяқдоп аламанына жалпы саны 34 командадан 400-ге жуық спортшылар қатысты. Оның ішінде, қалалық топтардан бөлек Кентау қаласы және оған қарасты ауылдық окугтерден, Қызылорда облысынан келген бірнеше құрамалар төбе көрсетті. Екі топқа бөлінген жастар мен ардагерлер арасындағы (отыз жасқа дейінгі, отыз жастан жоғары) ойын өрнегі тартысты өрбіді.

 Бұқаралық спорттың насихатталуына ұйытқы болып, бастама көтерген қалалық мәслихаттың депутаты А.Апбазов болатын. Оның айтуынша, жарыс бақталастық емес, достық қарым-қатынасты нығайтуға сеп болмақ. Спорт жанашыры алдағы уақытта волейбол, баскетбол, теннис, шахмат, ұлттық тоғызқұмалақ ойындарын, ат спортын дамыту мақсатында түрлі сайыстар өткізілуі жоспарланып отырғандығын айтып, сүйіншіледі.

  Қорытындысында отыз жасқа дейінгі командалар арасында 1-орынды «Бауырлар», 2-орынды «Жастар», 3-орынды «Город» командалары иеленді. Ал, ардагерлер арасында 1-орынды «Шалқар», 2-орын «Болашақ», 3-орын «Ремзауыт 77» құрамалары еншіледі. Жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен алғыс хаттар табысталды.


 Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ, 
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы