МҰЗБАЛАҚ АҚЫННЫҢ ТУҒАНЫНА 88 ЖЫЛ!

1  241 көрілім

Ақиық ақын, қазақ әдебиетінің даңқты тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 88 жыл. Осы мақсатта, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының «Руханият» жастар клубының ұйымдастыруымен «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби-сазды кеш өтті. 
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің филология факультеті, қазақ филологиясы кафедрасының доценті Досбол Исламның пікірінше, Мұқағалидің бүкіл шығармашылығы – әрбір қазақтың рухын, жүрегін, сезімін сөйлетуші, жалпы халықтық поэзияның өкілі деуге негіз бар. Яғни, оның ар жағында жыраулық поэзияның рухы, кешегі түрік өркениетінен ұлттық фольклорымыз, көркемдік компоненттердің барлығы тау тұлғалы талантқа тән дүние. Ақындық сезімталдық, өмір құбылысын дәл солай оқырманның көз алдына әкелу Мұқағали сынды ұлыларға ғана тән. Басқа ақындарға қарағанда өте күрделі тұлға және бақытты ақын болған. Себебі, ол әлеумет психологиясын нақ суреттеуші, бейнелеуші тұлға.
– Әдеби-сазды кештің тақырыбында айтып тұрғандай кеш Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған. Білесіздер, атаулы мейрам жер-жерде айтулы датаға жетпей, тіпті одан өткен уақытта да, жалпы, ақпан айының көлемінде тойланып жатады. Біз де осынау күнде қазақтың жүрегінен орын алған ақын шығармашылығын насихаттауға өз үлесімізді қосайық, жас ақындарға қолдау көрсетейік деген ниетпен осы кешті ұйымдастырдық, – деді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қызметкері М.Кенжетайұлы.
Жастардың шығармашылық ізденістерін шыңдау, әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында өткен кеште студент-жастар композициялық қойылымдар көрсетіп, өлеңдер оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. Кеш соңында белсенді көрермендер мен қатысушыларға «Рухани жаңғыру» аясында облыстың ақын-жазушыларының шығармашылығы жинақталған он кітап сыйға тартылды. 
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы