Бүгінде коронавирус дертінің таралуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялағаны баршаға мәлім. Коронавирус індетінің таралу қаупіне байланысты ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, сондай-ақ, отбасылық, еске алу іс-шараларды өткізу уақытын кейінге шегеру жөнінде айтылды.
Осыған орай, Түркістан қаласы аумағында төтенше жағдай уақытында қауіпсіздіктің алдын алу шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, тойханалар, театр, көрме сынды халық көп шоғырланатын жерлер қызметін тоқтатып, оны қадағалау полиция қызметкерлеріне жүктелді. Қала ішінде көптеген шараларға шектеу қойылды. Қалаға кіретін бес бағытта бақылау бекеттері қойылып, қалаға кіруші әрбір адам толық тексерілуде. Қала әкімдігі тарапынан қала аумағындағы дүкен, сауда орындары мен басқа да нысандардың төтенше жағдай кезінде бекітілген шектеулерді орындау мақсатында 5 мобилдік жұмысшы топ құрылып, әр топ өздеріне бекітілген аймақта кешкі уақытта тексеру шараларын жүргізуде.
Сонымен қатар, өткен аптада Шымкент қаласынан арнайы әскери қызметкерлер келіп, қаланың барлық аумақтарын залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Қала аумағындағы халық көп шоғырланатын орындарда той-томалақтың, жиындардың өткізілмеуі тұрақты бақылауға алынып, рейдтік шаралар жүргізілуде. Алайда, бұған құлақ аспаған тұрғындар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқандары да кездесіп жатқанынан хабарымыз бар. Сондықтан, әрбір қала тұрғыны төтенше жағдай кезінде барлық сақтық шараларын қолға алып, үйлерінде болып, беймезгіл уақытта сыртқа шығуларын тоқтату керек. Сонда ғана бұл індетті ауыздықтайтын боламыз.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан облыстық ішкі істер органы мен Ұлттық Ұлан ардагерлері кеңесінің төраға орынбасары, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы.
