Түркістан қаласында коронавирусты жұқтырудың алғашқы оқиғасы тіркелді. Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюпов журналистермен кездесуінде мәлімдеді. Ол өз сөзінде: «Кеше, өкінішке орай қаламыздың бір азаматынан сараптама қорытындысы бойынша вирустың белгілері табылды. Қазіргі таңда аталған азаматпен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы толықтай бақылауға алынып, пәтер карантинге жабылды. Бірақ, қала карантинге жабылады деген сөз емес. Бұл шектеулер ғана»,- деді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қаламызға бірнеше шектеулер қойылды.
- «Қазпошта» АҚ-ның және екінші деңгейдегі банктер бөлімшелерінің қызметі тоқтатылады;
- Жәрмеңкелер, азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар базарлары, киім-кешек, автомобиль, мал базарлары және адамдар көп жиналатын басқа да объектілер жұмысы тоқтатылады;
- Қалааралық, ауданаралық автобус қатынастары, сондай-ақ жеке тасымалдау қызметіне тыйым салынады;
- Қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылады;
- Қала ішінде жеке көліктің қозғалысы шектеледі.

Бүгінде коронавирус індетінің белгілері табылған 1990 жылғы азамат Жетісай ауданына іс-сапармен барған. Оның тұратын пәтері карантинге жабылды. Байланыста болған 3 жолдасы және жүргізуші бақылауға алынып, көпқабатты тұрғын үйге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, індет табылған №46 көпқабатты тұрғын үйге жақын орналасқан №30, №33 көпқабатты үйлер карантинге жабылды.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.